Қазақ әдебиетінің кітапханасы жаңа әдебиеттермен толықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі журналист, публицист Дүрәлі Дүйсебайдың Алматыдағы «Тоғанай Т» баспасынан «Дүрбіде дөңгеленген дүние» атты жаңа кітабы шықты.
None
None

«Дүрбіде дөңгеленген дүние»

Автордың бұл кезекті жинағына республикалық қоғамдық басылымдарда «Дүрәлінің дүрбісі» деген айдар аясында жарияланған сараптамалық мақалалары топтастырылып отыр.

Қаламгердің бұл жарияланымдары қысқа әрі нұсқа, айтар ойлары салмақты. Қоғамдағы түрлі жайттарға өз көзқарасын білдіреді, сараптайды, тұжырым жасайды. Тек пікір айтып қана қоймайды, оқырманмен ақылдасады, ой бөліседі.

«Күлкі өмір кілті»

Белгілі сатирик-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Шерімнің кезекті тағы бір кітабы «Наурыз» баспасынан жарық көрді. Сықақшының бұл еңбегі ораза ұстайтын мұсылмандарға рухани көмек ретінде ұсынылып отыр. Алғашқы беттерінде ораза кестесі, намаз уақыты, ораза ұстаушыға 13 кеңес берілген. «Отыз күн оразаға - Мұхтар Шерімнен отыз ауыз күлкі» айдары да айшықталып жазылған, әрі қарай сатира ауылына жол тартып кетесіз.

«Аққуды атпас болар»

Жақында Алматыдағы «Мерей» баспасынан Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің «Аққуды атпас болар» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жинаққа қаламгердің соңғы жылдары жазылған повестері мен әңгімелері, әлі сиясы кеппеген сыр-сұхбат, ой-толғамдары еніп отыр. Бұл кітапта бұрын айтылмаған ақиқаттар, жазылмаған оқиғалар сөз болады.

Есенқұлдың екі томдығы

Жуырда «Ан Арыс» баспасынан «Ақын Есенқұл Жақыпбеков атындағы жеке қор» мен ел азаматтарының демеушілігі арқылы және қазақ руханиятының жанашыры Алматы облысы, Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Сәдуақасұлы Бигелдиевтің ұйымдастыруымен Ақын Есенқұл Жақыпбековтың екі томдық жинағы жарық көрді.

Жинақтың бірінші томдығына ақтаңгер ақынның ағынан жарыла айтқан бүкпесіз шыншылдығы, өлеңге шексіз адалдығы, суырыпсалма айтыстағы тапқырлығы мен жазба өлеңдегі жампоздығы және артында қалған бай мұрасы жинақталған. Ал екінші томдығына ақынның көзі тірісінде жарық көрген жүрекжарды пікірлер мен рецензиялар, сұхбаттар, арнаулар және өзі кенеттен келместің кемесіне мінген сәттен кейінгі ел-жұртының артынан арнаған аза сөзі топтастырылған.

«Махаббат пен сағыныш»

Адамзат бүгінде қым-қуыт, тым суыт уақытты бастан өткізіп жатыр. Осынау аласапыран уақыт, алмағайып заманда жарық дүние дейтін жалғанның өткіншілігі жайлы сыр шерткен «Махаббат пен сағыныш» - «Но лед в душе не тает...» атты кітап жарыққа шықты, Алматыдағы «Арда» баспасынан.

Бір мұқабада, қазақ, орыс тілдерін­де жарық көрген қос кітаптың ұжымдық авторлары - көрнекті қаламгерлер Олжас Сү­лей­менов, Нұртөре Жүсіп, Мың­бай Рәш, Жұма-Назар Сомжүрек, Мыр­зан Кенжебай, Лилия Петрова, Роза Тұмыш, Атырау облы­сының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Парламент депутаты Шалатай Мырзахметов сынды тұлғалар өмір­ден тым ерте озған Данияр Сә­бит­ұлының қысқа да болса мағыналы өмі­рін, асқан қайырым­ды­лы­ғын баяндай отырып, өмірдің мәні жайлы толымды ой толғайды.

Оқыған жанды бей-жай қалдыр­май­тын бұл ойлы кітап - оқырман олжасы.

«Ғибрат»

Жексен Алпартегінің «Баянжүрек» баспасынан «Ғибрат» атты мақалалар, эсселер, жолжазбалар, сұхбаттар жинағы жарық көрді.

Жинақ атының өзі айтып тұрғандай, сан қилы тағдыр кешкен сан алуан мамандық иелерінің ғибратты ғұмыры жайлы жа­зыл­ған мақалалардан, эсселер мен жолжазбалардан, сұхбаттардан тұрады. Журналист қаламына алтын арқау бол­ған ол кейіпкер­лер өмірі оқырманын терең ойларға жетелеп, қилы кезеңдердегі тағдыр тауқы­мет­терін көз алдыңызға елес­тет­кендей. Сол себептен де, бұл дүниелердің жас ұрпақ тәрбие­сіндегі тәлімдік, тағылымдық ролі зор болар деген үміттеміз.

Кітап қалың оқырман қауымға арнал­ған.

«Шыңның шынары»

Жақында Алматыдағы «Сарыжайлау» қоғамдық қорының демеушілігімен белгілі кәсіпкер Амангелді Дінұлы Ермегияевтің туғанына 70 жыл толуына орай, «Шыңның шынары» атты кітап басылып шықты.

Бұл кітап құрыш білекті құрылысшы, ұстаз, академик, қайраткер, үлкенге ізетті іні, кішіге абзал аға, адал дос, ардақты әке Амангелді Дінұлының 70 жыл ғұмырында жүріп өткен жолы мен бағындырған белестері жайлы сыр шертеді. Оқырман жинақтағы естеліктер мен мақалаларды оқу арқылы ақ жүрек азаматтың елі үшін, жұрты үшін істеген іргелі істерінен, еліміздің кешегісі мен бүгінгісі, ертеңгісі жайлы айтқан тамаша ой-толғамдарынан өзіне қажетті мол мағлұмат пен өнеге ала алады.

«Жарық дүние»

Жуырда Алматы қаласындағы «Хан Тәңірі» баспасынан белгілі сыршыл ақын Бекен Әбдіразақовтың «Жарық дүние» атты жаңа кітабы жарық көрді.

Кезінде Қ.Бекхожин, Ғ. Қайыр­беков, М. Мақатаев жылы лебіз білдірген ақынның сыршыл, нәзік лирикасы оқырмандар тарапынан жоғары баға алған болатын.

Жинаққа автордың таңдамалы туындылары, өмір, достық, махаббат жайлы жырлары, поэмалары, бұрын жарияланбаған шығарма­ла­ры, балаларға арналған өлеңдері топтастырылған.

Г.СЫДЫҚОВА

Соңғы жаңалықтар