Қазақ астығын қай елге экспорттаған жөн

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан үшін отандық астықты экспортқа шығарудағы перспективаны бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

ҚазАқпараттың ресми сауалына жауап берген министрлік алдын ала бағалауға сәйкес ағымдағы жылы астық түсімі орташадан жоғары болатындығын және шамамен 19 млн тонна алтын дән басылуы мүмкін екендігін атап өткен. Соңғы жылдары мал басының көбеюіне байланысты ішкі нарықта  астық тұтыну көлемі ұлғайды. Жылына шамамен 10 млн тонна астық  азық-түлік қажеттігіне, тұқымдыққа, жемге, техникалық өңдеуге пайдаланылады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, «Қазақстан темір жолы» АҚ  2016/2017 маркетинг жылында Қазақстаннан  8 182,3 мың тонна астық пен ұнды экспортқа жөнелткен. Астық пен ұнның негізгі көлемі Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан), Ауғанстанға, одан ары Иран, Қытай, Ресей мен алыс шет елдерге экспортталады. Дегенмен, соңғы жылдары қазақстандық астықты экспорттауда болашағы зор нарықтардың қатарында Иран мен Қытай ерекше орынға ие болып отыр. Мәселен, Қытай бағытында астық пен ұн экспортының көлемі тұрақты артып келеді.  Егерде 2014/2015 маркетинг жылында Қытайға 110,4 мың тонна астық пен ұн экспортталса, 2015/2016 маркетинг жылында 298 мың, 2016/2017 маркетинг жылында 289 мың тонна жеткізілген.

«2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасында жүргізілген бірнеше халықаралық келіссөз Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау барысындағы фитосанитария мен карантинге қатысты мәселелерді одан ары реттеуді, сонымен қатар елдер арасындағы сауда ынтымақтастығын одан ары жолға қоюды көздейді. Қытай астықтан бөлек майлы дақылдардың тұқымын импорттайды және Қазақстанның өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға дайын екендігін білдіруде», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабында.

Қазақстан экспорттаудың келешегі зор тағы бір бағыты Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Ауғанстан бағыты болып отыр.

Айта кетерлігі, Қазақстанның ел ішінде де, шетелде де бірнеше астық терминалы бар.  Мәселен, Каспий теңізіндегі Ақтау портында орналасқан «Ақ-Бидай терминал» АҚ («Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясы) бар. «Ақ-Бидай терминал» АҚ-ның әзербайжандық кәсіпорынмен бірлескен «Баку астық терминалы» компаниясы Баку портында орналасқан.  Дәл осы компанияның ирандық кәсіпорынмен бірлескен «Амирабад Грейн Терминал Киш» компаниясы Каспий теңізінің оң жағалауындағы Иранның  Амирабад портында жұмыс істеуде. Мұнан бөлек, қазақстандық астық компаниясының Балтық теңізінде (Латвия) «Ventspils Grain Terminal AS JAS» АҚ-ында, Ресейдің Азов теңізіндегі «Азов порттық элеваторы» компаниясында қатысу үлесі бар екендігі белгілі.

Соңғы жаңалықтар