Қазақ балалары теннис спортын қашан бағындырады
Бәрінен бұрын, Надаль мен Тсонга Астана келген кезде, негізгі ойыннан бұрын алаңға қазақстандық екі баланы ертіп шығып, ширату ойынын жүргізген. Ол ойында бүкіл күшін салып ойнаған бұл қазақстандық екі бала Қазақстанда тенниске қатты құмар жеткіншектердің бар екенін дәлелдеген еді.
Алайда, өкінішке қарай, қазір Қазақстанда балалар арасындағы, тіпті, ересектер арасындағы теннис өзіміздің спортшылармен толығып, дамып жатыр деуге келмейді. Қазақстанның теннис құрамасындағы Ярослава Шведова, Михаил Кукушкин, Юлия Путницева, Александр Бубликтар - Ресейден шыққан спортшылар.
ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның ұлттық теннис құрамасының капитаны Диас Досқараевпен әңгілемесе отырып, отандық теннис мектебінің келешегін сөз қылды.
-Диас Бауыржанұлы, Қазақстанның теннис құрамасындағы спортшылардың барлығы отандық теннис мектебінің түлектері емес. Неге солай және біз теннис жарыстарында өз спортшыларымызды қашан көреміз?
- Негізінде, сіз айтып отырған «өзіміздің» теннисшілер елімізде өте көп. Зарина Диас бар, Жібек Құланбаева, Гүзел Айнитдинова, Болат Мамыр...
-Бірақ, бұлардың арасында Зарина Диастан басқа ешкімді халық танымайды ғой?
- Себебі, олар қазір небары 15-16 жаста. Ал, Кукушкин - отызда. Тенниске 6-7 жасында келген бала 15 жасында Кукушкин сияқты спортшы болады деп болжау қиын. Бәріне де уақыт керек. Қазір біз ғана емес, әлем сарапшылары болашағы зор деп бағалаған қазақстандық жас теннисшілердің буыны өсіп келеді. Мысалы, Павлодардан шыққан Ростислав Гольфингер пен Алматының жас спортшысы Даниил Озерной шеберліктерін шыңдау үшін Рафаэль Надальдің академиясына шақырылды. Екі спортшы да аймақтан шыққанын ескерсек, Қазақстанның теннисінде үлкен жетістіктер барын көре аламыз. Жалпы, қазір Қазақстанда жас теннисшілердің саны - 2500. Алматының өзінде шамамен мыңнан аса бала жүйелі түрде теннис спортымен шұғылданып жүр. Сондықтан, кішкене күте тұрыңыздар. Қазақстанның теннис өнерінің дамуы жас буынға тікелей байланысты. Мысалы, 2007 жылға дейін Қазақстанда жөні түзу теннис орталықтары да болмаған. Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында қарапайым теннис корттары ғана жұмыс істеген еді. Өзге өңірлерде тіпті ол да жоқ болатын. Балалардың бәрі универсал спортзалдарда ғана теннис ойнай алатын. Менің өзім «ағаш» теннис столдарында жаттыққанмын. Сондықтан, облысты былай қойғанда, әрбір ауданда ірі теннис орталықтары бар Испания, Ресей сияқты елдермен Қазақстанды салыстыруға әлі ерте. Қазақстанның теннис федерациясы балалардың 5-6 жастан бастап тенниске келуі үшін жағдай жасап жатыр.
-Сонда бұл жас буын шамамен неше жылдан кейін Қазақстанның теннис өнерін дамыта бастайды?
- Қазір жас буынның өсіп келе жатқанын айттым, яғни, кем дегенде 5-6 спортшымыз болашақта кәсіпқой теннисшілердің ТОП-100 қатарына, тым болмағанда, 200 теннисшінің қатарына қосылады деген сенім бар. Жасөспірімдер арасында 16 жастағы Жібек Құланбаева Америкада өткен әлем чемпионатында өнер көрсетті. Американың алдында Мексикадағы жарысқа қатысып, бас жүлде алды. Ол әлемнің 16-шы ракеткасын жеңді. Тенниске бес-алты жастарында келген, қазір 15-16 жастағы спортшылар енді бес-алты жылдан кейін, яғни, 20-21 жастарында алғашқы үлкен жетістіктерін көрсете алады деп болжауға болады.
-Жалпы, Қазақстанда басқа спорт түрлерінде айтарлықтай бәсекелі орта бар. Ал, теннисте бәсеке бар ма?
- Бәсеке бар деп айта алмаймын. Теннистің жаңадан дамып келе жатқанын айтып отырмын. Мысалы, Чехия елінде 10 мыңнан аса адам теннис спортымен шұғылданады екен. Ал, еліміздің аумағы Чехиядан бірнеше есе үлкен болса да, біздегі бұл көрсеткіш өте төмен. Теннистегі тарихы мен салты бай Ұлыбритания 1936 жылғы Фред Перридің жеңісінен кейін ұзақ жылдар бойы бұл спортта чемпион көре алмады. Арада 80 жыл өткеннен кейін Энди Маррей әрең дегенде шың басына көтеріле алды. Бұның бәрін неге айтып отырмын, теннистің дамуында талант, еңбек, фанатизм мен қаржы сияқты бірнеше факторлар қатар үйлесуі керек. Сондықтан, біздің алған бағытымыз дұрыс деп ойлаймын. Биыл біз 10 жасқа дейінгі балалар арасында алғаш рет турнир өткіздік, өңірлер арасында Кубок ұйымдастырдық. Өңірлер арасында жарыс ұйымдастыру арман еді, себебі, Қостанай қаласында теннис орталығы екі жыл бұрын, Оралда үш жыл бұрын, Ақтауда бір жыл бұрын ғана ашылды ғой.
- Теннис ең қымбат спорт түрлерінің бірі екенін ескерсек, теннис спортын таңдаған балалардың санына қарап, қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсарды деген ұйғарым жасауға бола ма?
- Иә, қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсарды. Бұл - бір. Екіншіден, теннисті кез келген отбасының қалтасы көтеретін спорт ету үшін әртүрлі жобалар жасалды. Теннис федерациясы аймақтардағы спорт басқармаларымен бірлесіп, теннисті гимнастика, суда жүзу сияқты қолжетімді спорт түрлерімен қатар қоюға күш салды. Ең қымбат қала деген Астанада күнде бір сағат уақыт бойы теннис ойнаймын деген бала үшін айына 15 мың теңге керек. Бізге шетелден келетін мамандар бұл бағаны естіп, Қазақстанда тенниспен шұғылдану өте арзан екенін айтып жатады. Сондықтан, халыққа айтарым, қазір теннис спортын қалта көтереді және тенниске деген сұраныс та артып келеді.