Қазақ баласы қандай ойындарға құмар – киберспортшымен сұхбат

Берден Сарин
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – YouTube пен Tik-Tok-та 1,5 миллионнан астам оқырманы бар киберспортшы Берден Сарин агенттік тілшісіне берген сұхбатында қазақ тілді балалардың киберспортқа әуестігі туралы пікір білдірді.

- Берден, киберспортқа келгеніңізге қанша болды?

- Жалпы мен өзім кәсіби киберспортшы емеспін. Басында өзіміздің продюсерлік орталығымыз болған. 2023 жылдың тамыз айында жабылды. Сол орталық арқылы мобильді киберспортты қазақ тілінде дамытқан едік. Алғашқылардың бірі болдық деп айта аламын.

- Мобильді киберспорттың былайғы киберспорттан айырмашылығы неде?

- Мобильді киберспорт деген мобильді ойындардың спорты ғой. Киберспорт – жалпы кибер ойындардың жарысы болса, бұл – мобильді құрылғыларға арналған ойындардың жарысы.

- Қазір сонда мобильді кибер ойындарды қазақша насихаттап жүрсіз бе?

- Тек мобильді ойындарды ғана емес, жалпы қазақ тіліндегі контентті, қазақ тіліндегі геймингті дамытуға атсалысып жүрміз деуге болады.

- Қазақ тіліндегі гейминг деп отырсыз ғой, балалар YouTube-те қазақша жазылған ойындарды көріп отырғанда балағат сөздерді көп еститінін байқап жүрміз. Бұл қалыпты жағдай деп ойлайсыз ба?

- Жалпы, қазақ тілді YouTuber-лердің көбі – балалар, студенттер. Олардың ішінде таратып отырған контентінің жауапкершілігін сезінетіндер аз. Ал ересек таратушылар өз оқырмандарын тәрбиелеуге тырысады. Өзімді солардың бірімін деп есептеймін. Мысалы, менің өз балаларым бар. Олар да менің жазған ойындарымды көреді. Соны біле тұрып, қалайша балағат сөз қосамын? Сондықтан ізімізден ерген інілерге балағат сөз қоспай контент жасау керектігін үнемі айтып отырамыз. Бір қуантатыны, қазақ тілді балалар балағат сөз бар контентке жиі шағымданады. Өйткені, көбі біз YouTube-ке жазған ойындарды Smart TV арқылы отбасымен бірге көреді. Солар комментарийге жазып жатады: «Эмоцияға беріліп балағат сөз айтпай-ақ қойыңыздаршы», - деп. Бұл қазақ тілде контент тұтынатын ортаның орыс тілді ортадан осындай жақсы айырмашылығы бар.

- Қазақ тілді геймингті алғаш болып бастағандардың бірімін дедіңіз ғой, аудиторияңыз қанша адамды қамтиды?

- YouTube, Tik-Tok, Telegram, Вконтакте сияқты бүкіл платформалардағы оқырмандардың санын қоссақ, 2 млн адамдай болады. Негізгі арнам YouTube-те. Ол жердегі оқырман саны 1,1 млн адамнан асты. Ал Tik-Tok-та жарты миллионға жетті.

- Қазақ тілді геймингтің балаларға беретін пайдасы не сонда? Бір жағынан ғылымға, білімге баулитын контент деуге келмейді. Әлде кезіндегі «Синий кит» сияқты қауіпті ойындардан қорғау үшін керек пе?

- Ол да бар. Бірақ негізгі мақсатымыз ол емес. Негізгі мақсатымыз – қазақ тіліндегі сапалы контенттің үлесін арттыру. Өйткені, бала болған соң ойынға қызықпай тұра алмайды. Ал қазір балалардың көбі орыс тіліндегі геймингті тұтынады. Солардың бетін өз тілімізге бұру үшін қазақ тіліндегі гейминг қажет. Бір жағынан Қазақстанның бір түкпірінде жатқан, орыс тілін білмейтін балалардың сұранысын қанағаттандырып жатырмыз.

- Сапалы контент деп көп айтып отырсыз. Геймингті сапалы ету үшін не керек?

- Техниканың, дербес компьютердің мүмкіндіктері жоғары болу керек. Дыбысы, кескіні сапалы болуы шарт. Кез келген контентке қойылатын талаптарды мұнда да ұстану қажет. Ойынды дұрыс таңдап, барынша қызықты етіп түсіру керек. Өйткені, орыс тіліндегі геймингте таңдау көп. Қазақ балалар соларға кетіп қалмау үшін бәсекеде озып шығатындай сапа болғаны дұрыс.

- Қазақша гейминг өкілдері ұйымшыл деп айта аласыз ба?

- Жалпы геймингтің комьюнитиі ең үлкен қауымдастықтардың бірі болып есептеледі. Өйткені, киберспорт турнирлері көбейіп келеді. Өз ішімізде жиындар, кештер, ивенттер көп. Шетелге көп шақырту аламыз. Сол кезде бір-бірімізді қолдап, көмек беруге тырысамыз. Осының бәрі бірлігімізді нығайтып жатыр. Ондай таныстықтар коллаборацияға ұласып жатады.

- Баласының ойынқұмарлығына алаңдайтын ата-ана көп. Соларға не айтасыз? Геймингтің болашағы бар деуге бола ма?

- Иә, болашағы бар. Бірақ зияны да бар. Кез келген ойын-сауық өнімі мөлшерден асса зиянды ғой. Геймингке арнайтын уақыты көбейсе, сабағында, психологиялық дамуында, адамдармен байланысында қиындықтар туындауы мүмкін. Сағаттап гаджетке немесе компьютерге үңіліп отыра берсе, денсаулығына да зияны тиеді.

Ал жақсы жағына келсек, уақытын тиімді жұмсай білсе, өзінің технологиямен байланысты қабілеттерін оятып, дамыта алады. Мобильді киберспортпен саналы түрде айналысып жүрген оқушылар әлемдік деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп жүр. Ондай жарыстардың жүлде қоры да қомақты. Оқушы жасында үйіне табыс әкеліп жатқандар бар. Одан кейін мобильді киберспорт жылдам шешім қабылдайтын ойындарға құрылған. Бұл да баланың психикалық қабілеттерін шыңдайды. Геймингке жақын балалардың ой-өрісі кең болады. Қорытып айтқанда, мөлшерін білген балаға геймингтің зиянынан пайдасы көп.

- Мектеп оқушыларының арасындағы әлімжеттік, қатыгездік пен зорлық-зомбылық көп екенін әлеуметтік желідегі түрлі видеолардан көріп жүрміз. Тіпті, балабақшаның өзінде осындай тенденциялар бар екенін көрдік. Бұған гейминг те өз «үлесін» қосып жатыр деп ойламайсыз ба?

- Продюсерлік орталығымыз болған кезде қазақ балалары қандай ойынға әуестігіне терең талдау жасағанбыз. 2020 жылы қазақ тілді аудиторияда Garena Free Fire деген ойын қатты танымал болды. Соңында ойыншы бәрін өлтіре келіп, жалғыз жеңімпаз атанады. Қазақ балалары неге осыған қатты әуес болғанына зерттеу жасасақ, қарапайым телефонмен де ойнауға болады екен. Қолжетімділік шешуші рөл атқарып кеткен. Бір жағынан коронавирус шектеулері де әсер еткен сияқты. 2021 жылға дейін бүкіл ТМД бойынша бізде қатты танымал болды, тіпті ресейліктерден асып кетті. Өз арамызда «қазақтың халық ойыны» деп атап кеткенбіз.

- Енді осындай ойындармен күресу керек пе?

- Жалпы ағарту жұмыстары керек деп ойлаймын. Балалар арасында насихат, түсіндіру жұмыстары керек. Ненің жаман, ненің дұрыс екенін үнемі құлағына құйып отыру маңызды.

- Ал сіз ойын жазар кезде қандай өлшем-шарттарға қарап таңдайсыз?

- Біз бұл салада талайдан бері жүргендіктен студиялардың өзі шығып жатады. Көбімен ұзақ мерзімге жасалған келісімшарттар бар, яғни студиялардың тапсырысы басты рөл ойнайды.

- Қандай студияларды атай аласыз?

- Әртүрлі. Мысалы, сингапурлық Garena бар, PUBG-ді шығаратын Tencent бар.

- Демек, сіздер видео түсіру арқылы сол ойынды шығаратын студиялардың өнімдеріне жарнама жасайсыздар?

- Өз қалауымыз бойынша да ойындарды жазамыз. Бірақ негізінен тапсырысқа басымдық береміз. Өйткені, бұл – бизнес. Қай ойын көбірек тапсырыс әкеледі, соны жазуға тура келеді.

- Сонда алпауыт студияларға қазақ тілді балаларды тарту маңызды боп тұр ма?

- Олар әр тілде контент жасап жүрген адамдарды зерделейтін болу керек. Контент жасаушының аудиториясына, ауқымына қарап тапсырыс береді. Нақты мына тілдегі контингентті көбірек тартуымыз керек деген мәселе емес. Бізге тікелей шығатыны, қазақ тілде мұндай контент тарататын адамдар өте аз. Орыс тілінде бәсеке жоғары. Менің өзім негізі орыс тілді қазақ болғанмын. Кеңістіктің мүлде бос жатқанын көріп, 2017 жылдан бастап қазақша үйреніп, кейін біржола ауыстым.

Соңғы жаңалықтар