Қазақстандық боксшылар лицензиялық турнирге қашан аттанады
АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Италияда өтетін лицензиялық турнирге Мырзағали Айтжанов баптайтын боксшылар қашан аттанатыны белгілі болды.
«Италияға 29 ақпан күні аттанамыз. Қазір өте жоғары деңгейде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Боксшыларымыз турнирге толықтай дайын деп айта аламын. 1 наурыз тіркелу күні. Ал екінші наурыз күні жеребе тартылады. Үшінші наурыз алғашқы іріктеу сындары басталады», - деп атап өтті бас бапкер.
Естеріңізге сала кетейік, лицензиялық турнир 3-12 наурыз аралығында өтеді. Аталған турнирде Париж Олимпиадасының жолдамасына ерлер арасында 51 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Махмұд Сабырхан, 63,5 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, 71 келіде Асланбек Шымбергенов, 80 келіде Нұрбек Оралбай және 92 келіде Айбек Оралбай таласады.
Ерлер арасында 28 жолдама сарапқа салынады.
Осыған дейін аталған турнирге Қазақстан әйелдер құрамасы аттанып кеткенін жазған болатынбыз.