Қазақ даласындағы әлемді таңдандырған абзал аналар мен үкілі қыздар (ФОТО)

Ұлбике ақын. Жанкелдіқызы Ұлбике (1825-1849) - қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару. Туып-өскен жері - Қызылорда облысы Тереңөзек ауданына қарасты өңір. Топырақ бұйырған жері Жамбыл облысына қарасты Талас өзенінің бойы.
Ұлбикенің бойындағы туа біткен ақындық дарынының ертерек ұшталуына әкесі Жанкелді мен анасы Жаңылдықтың ықпалы айрықша болған. Бұл жөнінде Ұлбикенің өзі былай дейді:
Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,
Тал бойыма жинақтап хаттап алғам.
Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,
Өлеңімді әнімен баптап алғам.
Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,
Бесігінде үйренгем мен өлеңді.
Балапандай кезінде қайран шешем,
Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.
Ұлбике 12-13 жасының өзінде-ақ айтар ойын ұрымтал өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздері төңірегін тәнті етіп, атақ-даңқы ауыл арасынан әріге жайыла бастайды. Әке шаңырағында бұла болып өскен қыз өз ортасындағы оқу-білімді игерген, көзі қарақты жан болғанға ұқсайды. Өзінің өлеңінде былай деуіне қарағанда, бойындағы ақындық дарынды жазба мұралар арқылы да ұштаған болу керек.
Ұлбике оң солын танып, бой жете бастаған кезде Ошақтының Есмырза деген дуалы ауыз биі әулетін бастап, Әулиеата маңына көшіп келеді. Сол кезден бастап Ұлбикенің ақындығы айрықша қарқын алып, жұрт мойындаған көшелі ақындармен айтыстың додасына түсе бастайды. Күдері қожа, Майлы қожа, Мәделі қожа, Таспа қожа, Серәлі қожа, Жанкент ақын сияқты, сол кездің сөз ұстағандардың талайы Ұлбикемен айтыста тауы шағылып шығады. Ұлбикенің ақындық тегеурініне, тапқырлық-шалымына жан баласы шыдамайды. Бұл жөнінде сөз асылын терген әйгілі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев былай дейді: «Бұрынғылар домбыра ұстап, айтатұғын «Қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда «Қайым» өлеңінің басын Күдері қожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі - мақал, тақпақ... Күдері қожа албырт бозбала күнінде Ұлбикемен айтысамын дегенде Күдерінің әкесі (Еркөшек қожа да ақын екен, жырлап сөйлейді екен): «Бала, Ұлбикемен айтысамын десең Бұхарға барып үш жыл оқып кел. Әйтпесе онымен сен айтысуға жарамайсың», - деген екен.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің бұл дерегіне Ұлбикенің алдына қара түсірмес дүлдүл ақын екені аңғарылып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың сөз өнерінде ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы ақын ретінде дараланады.
Ұлбике - ойы ұшқыр, өлеңі сұлу, кісілік парасаты өрелі ақын. Ұлбике бұл сияқты ұтқыр уәждердің небір тамаша үлгілерін жүрген жерлерінде маржандай шашып отырған. Сол мол мұрадан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Бұл жиырмаға тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл күй толғаулары. Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Әбубәкір Диваев, Василий Васильевич Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», - деп жазады Ә. Диваев. Ұлбикенің шығармаларын В.В. Радлов Петербург қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялады. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Мырзатай Жолдасбеков қатарлы білікті ғалымдар Ұлбикенің ақындығына жоғары баға берген. Осы қатарда, яғни қайымдасу мен қағыса отырып айтысуда «Ұлбике, Жанкел және Күдерi қожа», «Iзтiлеу мен Ұлбике», «Серәлi қожа мен Ұлбике қыз» айтыстарын; қыз бен жiгiт айтысындағы «Ұлбике мен жiгiт», «Ұлбике мен Мәделi», «Ұлбике мен Таспақожа» айтыстарын; ақындар айтысы жанрындағы: «Күдерi қожа мен Ұлбикенiң» айтысын және тағы да басқа ақындық жекпе-жектердi атап өтуге болар едi.
Ұлбикенің ғұмыры қызғалдақтай келте болған. Тәңірі шебер оны ақындық өнерпаздығына қоса, хор қызындай көрікті етіп жаратқан. Оны ақындар «аққудың жүнді үрі», «тілі шешен, жүзі көркем» деп өлеңге қосқан. Алайда «бір кем дүние» деген емес пе, Ұлбикенің күйеуі Байтан өнердің парқын білмейтін ұрдажық, қызғаншақ адам болып кездескен. Ұлбике нағыз кемеліне келіп, ақын ретінде төңірегін тәнті ете бастаған шағында тентек күйеуінің қолынан мерт болған.
Қазақ айтыс өнерiнiң тарихында өз орнын айқындаған, өз мектебiн айшықтаған, ең бастысы, өзiндiк ақындық қолтаңбасымен жарқырап көзге түскен Ұлбике Жанкелдiқызының сөз өнерiндегi қайталанбас кестесi киелi әдебиетiмiздiң асыл қазынасы. Қазір Қаратау қаласында «артына өлмейтұғын сөз қалдырған» қазақтың ақын қызы Ұлбикеге ескерткіш орнатылған.
Ақын Сара. Тастанбекқызы Сара (1878-1916) - қазақтың әйгілі айтыскер ақын қызы. Туған жері - қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы.
Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі жол. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі немере ағасы Жайсаңбек «өгіз ұрлады» деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады.
Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады. Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады.
Осылайша қаршадайынан басы дау шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде Найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдына онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді.
Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған осындай күндердің бірінде Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсыларымен бірге Сара да келіп, ұлы ақынмен көріседі, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді.
Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады.
Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі, інжу-маржаны болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», « Жайлауда», « Әбіштің аруағына», « Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар.
Нұрпейіс келіні Дина (1861-1955). Қазақтың «Күй Анасы» атанған әйгілі күйші-сазгері. Бала кезінде-ақ Құрманғазының өзі сүйсініп тыңдаған талантты шәкірті болған. Туып өскен жері Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жер. Топырақ Алматы қаласынан бұйырған. Қазақстанның халық әртісі (1944). Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып, 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алады.
Дина ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақытты болып қойған жоқ, исі қазақтың күй өнерінің бақыты болды.
Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында.
Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған. Динаның әсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа» ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынан арналған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» («Набор») күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі, балдай тәтті, бауыр етіндей жақын баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйі, міне, бұлар Динаның өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын біртуар күйлер. Бұл күйлері арқылы Дина қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктетумен бірге, өзі де ұлы күйшілермен терезесін теңестірді.
Дина Кеңес заманында да өзінің арман аңсарын, үміт тілегін халқының жолына бағыштап өтті. Жасының ұлғайғанына қарамастан Қазақстанның 20 жылдығына орай «Тойбастар», Отан соғысы жылдарында «Ана бұйрығы», «Жеңіс» сияқты күйлер шығарды. Динаның қанатты өнері халқының рухани асыл қазынасы ретінде бүгін мен болашаққа қызмет көрсете бермек.
Ақпарат энциклопедиялар мен ғаламтор беттерінен алынды.