Қазақ деректі киносының негізін қалаушы Ораз Әбішев дүниеден озды

Ораз Әбішев 1916 жылы 1 мамыр күні қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген болатын. 1938 жылы Алматыдағы Қазақ музыкалық театры (қазіргі Қазақ академиялық опера және балет театры) жанындағы студияны бітіріп, 1938-1939 жылдары театр құрамында әнші болып, 1939 жылдан бастап кино өнеріне ден қояды. Бүкілодақтық кинематографистер институтының (ВГИК) режиссерлік факультетінде оқи жүріп Моисей Левин, Григорий Рошаль, Роман Кармен сынды кино майталмандарының ассистенті болады. «Мосфильм», «Ленфильм» киностудияларында шеберлік мектебінен өткен ол 1940 жылдан бастап деректі фильмге біржола бет бұрды.
О.Әбішевтің Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаев, Талғат Бигелдинов тәрізді тарландар бейнесін айғақтаған туындылары ұлттық рухымызды, мәдениетімізді шыңдауға қызмет ететін қазына болып табылады. Оның 60 жылға созылған тынымсыз еңбегінің нәтижесінде - «Тастағы таңбалар», «Көгілдір арал», «Абсент», «Тарихпен сұхбат», «Сынақ», «Жетісу жұлдыздары», «Қалыбайдың бағы», «Жыраулар», «Аталар жолымен» сияқты және тағы басқа деректі фильмдер өмірге келді. Сондай-ақ ерен еңбегі үшін «Арман аралы», «Кеншілер әулеті», «Мұқан Төлебаев», «Желден жүйрік» деректі фильмдері үшін Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығын алды. Бұдан бөлек, Октябрь Революциясы, «Отан» және екі мәрте "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталып, «Экран шебері» атағын иеленді.