Қазақ дзюдосының келешегі қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты қандай нәтиже көрсетті? Kazinform аталған тақырыпта ой қозғап көрген еді.

Бұйырғаны — күміс медаль…
Венгрия жерінде өткен дүбірлі додаға ел құрамасыны аттанар алдында көңілге түрлі ой келді. «Биыл бізге бас жүлде бұйыра ма?» деген сауал көкейде тұрғаны рас. Қазір әлемде спорттың аталған түрі кеңінен дамып келеді. Одан алатын үлесіміз қандай? Балуандар жанкүйер көңілінен шығарлық деңгейде ел намысын қорғай ала ма?
Әлем чемпионатында Романа Дикко (Франция), Патрисия Сампайю (Португалия), Лука Мхеидзе (Франция), Дистрия Красничи (Косово), Тара Бабулфат (Швеция), Амандин Бюшар (Франция), Ким Минджон (Оңтүстік Корея), Ян Юн Вей (Тайбэй), Ширин Букли (Франция) және басқа да көптеген мықты дзюдошы бақ сынады.
Айта кетсек, 13-20 маусым аралығында өткен әлем чемпионатында 92 елден келген 566 спортшы 14 салмақта жүлдеге таласты. Отандастарымыздың еншісіне бір күміс медаль бұйырды. Бұл жөнінен Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде он бірінші орынға табан тіреді. Көш басында 15 медальмен (6 алтын, 4 күміс, 5 қола) Жапония құрамасы тұрса, одан кейінгі орындарды Бейтарап елдер (3-0-2) және Грузия (2-2-1) құрамалары өзара бөлісті.
Дүбірлі додаға елімізден тәжірибелі балуандар аттанды. Дегенмен әйелдер құрамасынан Ғалия Тынбаева (48 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі) жүлденің ауылынан тыс қалды. Ал Әбиба Әбужақынова (48 келі) жарыстың алғашқы күнінде финалға дейін жетті. Қазірге дейін Әбиба 3 жыл қатарынан әлемдік додада жартылай финалға шығып, 2 мәрте қола жүлдегер (2022, 2024) атанған еді. Биыл сол жетістігін жақсартуға мүмкіндік туды. Шешуші сында Әбиба былтырғы финалда ойын көрсеткен италиялық Ассунта Скуттомен шеберлік байқасқан еді. Дегенмен қарсыласына есе жіберіп, биыл күміс медальды қанағат тұтты.
— Ең қиын қарсыласым финалда белдескен италиялық балуан болды. Шынымды айтсам, оның қандай әдіс қолданатынын алдын ала біліп, дайындығымды да соған қарай құрған едім. Бірақ белдесудің қызу сәтінде күтпеген жерден дәл сол әдіске түсіп қалып, қарсыласым юко ұпайын еншіледі. Ол сәт мен үшін өте маңызды әрі шешуші болды. Уақыт та таусылуға жақын еді. Сондықтан тәуекелге бел байлап, барымды салып шабуылға көштім. Соңына дейін күресіп, қолымнан келгеннің бәрін жасадым, — деді Әбиба Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.
Ерлер құрамасында Мағжан Шамшадин, Шерзод Давлатов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Есет Қуанов (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Мейірлан Максим (90 келі), Нұрлыхан Шархан мен Марат Байкамуров (100 келі), Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) ел намысын қорғады. Олардың арасында 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та барды. Ол Олимпиада жүлдесінен бөлек 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері болса, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінде қола медаль алды.
Ғұсман ширек финалға дейін жетті. Алдымен қытайлық Сюэ Цзыян, израильдік барған Гай Гутманды жеңсе, ширек финалда тәжікстандық Нурали Эмомалиге есе жіберді. Сәл үзілістен кейін дзюдоға қайта оралған Ғұсман бұл жолы жанкүйерлерге қуаныш сыйлай алған жоқ.
Жалпы, әлем чемпионатында Мағжан Шамшадин, Ғұсман Қырғызбаев жетінші орынға табан тіресе, Абылайхан Жұбаназар, Мейірлан Максим, Марат Байқамуров 1/8, Есет Қуанов, Шерзод Давлатов, Нұрлыхан Шархан, Ерасыл Қажыбаев 1/16 финалдан әріге бара алған жоқ.
Басты мақсат — Олимпиада
Дүбірлі дода басталар алдында ұлттық құраманың жаттықтырушысы Қален Қалиұлы алдағы әлем чемпионатына нақты мақсат қойылғанын атап өткен еді.
«Ұлттық құрамаға үлкен көлемдегі жүктеме жасалды. Біз спортшыларға үнемі «Қыздар, жігіттер, басты мақсат — Олимпиада. Қалған жарыстар — сол жолдағы дайындық кезеңі» деп айтып келеміз. Сол себепті балуандар қысымсыз, еркін күресті. Сонымен қатар тек негізгі құрамға ғана сенім артып қоймай, жас буынға да мүмкіндік беруіміз қажет» деген еді.
Әлем чемионатында еліміздің атынан негізінен тәжірибелі балуандар бақ сынап қайтты. Десе де үлкен спорттағы қадамын енді бастап жатқан Мейірлан Максимді ерекшелеп айтуға негіз бар. Ересектер сапындағы алғаш рет әлем чемпионатына қатысып отырған 21 жастағы Мейірлан өзінің жорығын үшінші айналымда аяқтады. Аталған кездесуде ол жарақат алып қалды. Салдарынан жарыс жолынан шықты. Ол әлем чемпионы жапониялық Гоки Таджимаға қарсы белдесуде белсенді күрес көрсетіп, қарсыласынан екі шидо басым тұрды. Алайда, Гоки Таджиманың (o soto gaeshi) қарсы әдісіне сәтсіз түсіп, жарақат алуына байланысты жеңіс жапониялық дзюдошыға берілді.
Жастардың саны арта түсті
Рас, ұлттық құрама сапында жас балуандардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Бұл еліміздің дзюдо спортының болашағын айғақтайды. Өйткені, олардың жас кезінен үлкен додада бақ сынауына жол ашу тәжірибесін арттыра түсетіні даусыз.
— Бүгінде дүние жүзінде талантты жас дзюдошылар қатары көбейіп келеді. Сондықтан біз де оған бет бұруымыз тиіс. Жастарға көбірек мүмкіндік беру қажет. Өйткені, алда 2028 жылғы Олимпиада жақындап келеді. Онда кімдерге үміт артамыз? Сондықтан жастарды қазірден бастап тәрбиелей білуіміз қажет деп санаймын. Үш жылдың ішінде олар мол тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдай түседі. Осыған байланысты бапкерлердің әлем чемпионатына Мейірланды дүбірлі додаға алып барғанын қуана құптаймын. Ол мұндай ауқымды жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан өзін жақсы қырынан таныта білді. Алдағы уақытта ұлттық құрамада Мейірлан секілді жастардың көбейетініне сенім артамын, — дейді спорт журналисі Телжан Күдеров.
Сондай-ақ әлем чемпионатында Шерзад Давлатов, Нұрлыхан Шархан, Абылайхан Жұбаназар сынды 23-25 жастағы балуандар бар. Олардың арасынан Нұрлыхан мен Абылайхан былтыр Париж Олимпиадасында ел намысын қорғап қайтты. Сондықтан еліміздің дзюдо құрамасының болашағы алда деген үміттеміз.
Рас, көңілде балуандар көрсеткіші жақсара түссе деген тілеулестік болғанын несіне жасырамыз? Дегенмен еншімізге бұйырған бір күміс медальды көңілімізге демеу етеміз бе? Оның өзін жылма-жыл жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген Әбиба Әбужақынова алды. Басқа балуандар неге жоғары деңгейдегі жетістіктен тыс қалып қойды? Ендігі кезекте осы бағытта ойланғанымыз артық емес.