Қазақ елі мен Ресей арасындағы байланыс ежелден басталады - Мәжіліс депутаты Ж. Дүйсебаев

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Мәскеу қаласындағы Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин кездесуі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық байланысқа тың серпін берді. Қос елдің қарым-қатынасы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдардың кандидаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Жексенбай Дүйсебаев ҚазАқпарат тілшісіне жедел сұхбат берді.
None
None

- Жексенбай Қартабайұлы, терезесі тең елдер ретінде келісімге келген Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 20 жыл толып отыр. Сіздің ойыңызша, осы жылдар ішінде көрші елдер қандай жетістіктерге қол жеткізді?

- Қазақ елі мен Ресей арасындағы байланыс ежелден басталады. Халық тілімен айтқанда, патша заманынан бері қарай қазақ пен орыс көрші болып келеді. 70 жылдай Кеңес одағының құрамында бірге болдық. Ал одан кейін де арамыз ажыраған жоқ. 1991 жылдан бері тәуелсіз ел ретінде байланыс орнаттық.

Түрлі қоғамдық құрылымдар болса да, әр адам көршісімен тату тұрғысы келеді ғой. Халықтар бір-бірімен бейбіт жағдайда араласып тұрды. Бірінде жоғын екіншісінен алды. Қазақтар ауыл шаруашылығы өнімдерін орыстардың құрал-жабдықтарына айырбастады. Өзара сыйлас болған қазақтар мен орыстар туралы мысалдар өте көп. Сондықтан да қазақтар өзіне дос болған орыстарды «тамыр» деп атаған. Яғни, өзінің жақын туысындай санаған.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең алғашқы достық туралы келісім шартты Ресей елімен жасасқан болатын. 1992 жылдың 25 мамыры күні достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Бұл - тәуелсіз екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қаты­нас­тар орнаған тарихи күн. Міне, биыл сол айрықша оқиғаның 20 жылдық мерейтойы кең түрде аталып өтуде.

Терең үңіліп қарасақ, бұл жүріп өткен өзіндік жолы бар тарихи мәні зор кезең. Халқымыз үшін, саяси-экономикалық даму жолына түскен еліміз үшін маңызды қадам болды. 20 жыл ішінде қарым-қатынасты арттыру саласында екі ел тарапынан ауқымды істер атқарылды.

Соңғы жылдары Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері бірігіп, Кедендік одақ құрылды.

Тарихи-мәдени байланыс жағынан да, бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан алғанда да Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Неге десеңіз, іргелес жатқан елдер болғандықтан, экономикалық даму үрдісі де, қоғамның дамуы да бір-біріне оң ықпал етері сөзсіз. Екі ел арасындағы байланыстың дами түсуі бәрімізге де тиімді болмақ.

Кедендік одаққа, Еуразиялық одаққа бірігудің мәні зор. Бұл жаңа әлемдегі Қазақстан мен Ресей арасындағы үрдіс. Енді Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылып жатыр. Тарихи байланыстағы үлкен бір қадам деп айтуға болады. Нарық қоғамында осындай үрдістің арқасында екі ел де өз экономикасын дамыта алады. Жаһандық қаржы дағдарысы есік қағып тұрған заманда бір-бірінсіз тіршілік ету қиынға соғады. Ал бірігіп күш салып, әлемдік нарыққа бейімделсек, қиындықтардан өту әлдеқайда оңай болады және жетістіктермен шығамыз.

Екі елдің халқының достығы мен бірлігін мызғымайтын тұрақтылық белгісі деп айтуға болады. Егерде халықтар арасында бірлік болса, саясатта да, экономика саласында да тұрақтылық сақталады. Сондықтан да мызғымас достықтың маңызы айрықша.

- Екі елдің достық байланысын арттырудағы мемлекет басшыларының рөліне тоқталсаңыз?

- Ең біріншіден, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше айтуымыз керек. Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша іргелі істер атқарылды. Тәуелсіздік алғанмен, бір-бірінен байланысы үзіліп қалмауы үшін әуелі ТМД ұйымы құрылды. 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ға мүше болған 11 мемлекеттің басшылары Алматы қаласында бас қосты. Соның нәтижесінде ТМД-ның мақсаты мен міндеттері айқындалған Алматы Декларациясы қабылданды.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қоғамдастық ұйымы бар. Ол 2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында халықаралық экономикалық ұйым ретінде Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құру туралы шартқа сәйкес құрылды. Бұл ұйымның мүшелері - Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан.

Еуразиялық Одақ құру туралы Елбасымыздың бастамасы негізінде Кедендік Одақ құрылды, енді Бірыңғай экономикалық кеңістіктің іргесі қалануда. Осы интеграциялық қатынастарды дамыту туралы бастамаларды Елбасымыз 1994 жылдары көтерген болатын. Қазір интеграциялық ықпалдастықтың әрі қарай дамуы үшін заңдық базалық жағдайлар жасалуда.

- Ал Ресей тарапынан кімнің еңбегін жоғары бағалар едіңіз?

- Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы саяси-экономикалық байланысты сақтау дәстүрі Ресейдің бірінші Президенті Борис Ельцин кезінен басталды, одан кейін Владимир Путин уақытында нақты жұмыстар іске асты. Дмитрий Медведев те оң бастамаларды жалғастырды.

Аталған одақтарды құру арқылы елдердің экономикалық әлеуеті артады. Бұл жерде «Бұрынғы Кеңес одағының деңгейі келе жатыр екен» деп ойламау керек. Бұл басқа жол, басқа үрдіс. Әрине, ел тәуелсіздігі басы ашық мәселе, ешбір ел екінші елге не саяси, не экономикалық тұрғыда  қысым жасамайды. Әрбір елдің алға қойған мақсаттары мен міндеттері бар. Әр мемлекеттің мақсаты елін, жерін сақтап, экономикасын дамытып, өзінің халқын байыту болып табылады.

Ынтымақтастық байланыс орнатқан елдердің басшылары қол қойған келісімдерді заң түрінде бекітуде Парламент те өз үлесін қосты. Өткен кезең ішінде экономикалық үдерісті дамытуға қатысты көптеген құжаттар заңмен негізделді. Соңғы жылдары Кедендік одаққа кірген соң, ұлттық заңдарымызға өзгерістер енгізілді. Әрине, әр елдің Конституциясы бар, оған ешқандай нұсқан келтірілмейді, өзгеріс жасалмайды. Тек елдің ішкі заңдарына түзетулер енді. Елімізді өркениетті мемлекеттер қатарына қосуға жол ашатын қадамдар жасалды. Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді, экономиканың салмағын бірлесе көтеріп, елдерімізді дамыту мақсатын көздеп отырмыз. Бұл жерде өзіміздің саяси ұстанымымызды, ішкі экономикалық дамуымызды ұмытпауымыз керек.

8-9 қазан күндері Мәскеуде екі ел Президенттері кездесті. Бірқатар келісімдерге қол қойылды. ХХІ ғасырда тату көршілестік және одақтастық туралы жаңа шартты әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туралы уағдаластықты бекіткен Бірлескен мәлімдеме қабыл­дан­ды. Онда Қазақстан мен Ре­сейдің мәңгі достық қағидатын берік ұстанатыны, ал оның ұлт­тық қауіпсіздік, саяси тұ­рақтылық және ұлтаралық ке­лі­сім мен өркендеудің кепілі екендігі атап көрсетілген. Қос мемлекеттің екіжақты қаты­нас­тардағы сенім мен бір-бірінің тәуелсіздігін құрметтейтіні көрініс тапқан.

Ынтымақтастық келісім шеңберінде бірқатар жаңа шарттарға қол қойылды. Соның ішінде көршілес жатқан облыстарымыздың экономикалық байланыстарын арттыруға байланысты болып отыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары Ресейдің бірнеше аймағымен шекаралас орналасқан. Мәселен, 19 қыркүйекте Павлодар қаласында Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының IX форумы өтті, оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин қатысты.

Екі елдің де көршілес жатқан облыстары мен аудандары өзара тығыз байланыс орнатса, сауда-саттық артады, қарым-қатынас жиелей түседі, халыққа да тиімді болады, соның бәрі экономикалық дамуға үлес қосады. Ол үшін шекара, кеден бекеттерін реттеу мәселелерін оңтайлы шешу қажет. Халықтың, кәсіпкерлердің бір-бірімен араласуы өте маңызды. Аймақтардағы экономикалық құрылымдардың бір-бірімен ынтымақтасуы қажет. Өңірлік дамуға ешқандай кедергілер болмауы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстар жүзеге асуда.

- Әр адам өзінің таным-түсінігін арттыру үшін ел-жерді аралайды.  Ресейдің қандай қалаларында болдыңыз?

- Алған тәрбием мен білімім, бойға жиған мәдениетім туған елімнен бастау алған болса, екінші жағынан Ресеймен де байланысты жағы бар. Жоғары оқу орнын бес жыл бойы Ресейдің Волгоград қаласында оқыдым.

- Волгоград қаласына баруды өзіңіз таңдадыңыз ба?

- Біздің республикамыз ауыл шаруашылығымен тығыз байланыста болған соң, 1960 жылдары Ресейден мамандарды шақырғаннан көрі, өзіміздің жастарымызды жіберіп, оқытуды жөн санады. Мен арнайы жолдамамен 1967 жылы Волгоград қаласына барып, ауыл шаруашылығы институтында оқып, жоғары білім алдым. Ресейдің жерімен, тарихымен, орыс халқының салт-дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым.

- Ресейдің өзге өңірлерінде болдыңыз ба?

- Иә, басқа қалаларын да аралап көрдім. Еркін күреспен айналысып, институттың, қаланың атынан жарыстарға барып жүрдім. Жүлделі орындарға ие болдым. Соның ішінде Татарстанның орталығы Қазан қаласында, Солтүстік Осетияның орталығы Орджоникидзе қаласында, сондай-ақ Свердловск, қазіргі Екатеринбург, Мәскеу қалаларында болып, Краснодар өлкесін де араладым.

Кейін туған жеріме келіп, еңбекке араласып кеттім. Ал 1998-99 жылдары Новосібір қаласында экономика саласы бойынша ғылыми кандидаттық жұмысымды қорғадым. Сол жылдары Омбы, Түмен, Кузбасс қалаларын аралап көрдім. Сондай-ақ Алтай өлкесінде болдым. Өйткені менің ғылыми кандидаттық тақырыбым экономика саласымен тығыз байланысты болды.

- Өнері және мәдениетімен, әдебиетімен де жақынырақ танысқан шығарсыз?

- Иә, орыстың тарихымен, әдебиетімен тереңірек танысуға мүмкіндік алдым. Пушкин, Лермонтов, Чеховтың көптеген шығармаларын оқыдым. Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» романына арқау болған өңірлерде болуыма тура келді. Оқыған өз алдына, тарихи шығарманың жазылған жерінде болу, көзбен көру - үлкен ғанибет. Студент кезімізде драма театрларында болып, әлемнің және орыстың опералық шығармаларымен таныстық.

Волгоград тұрғындары қазақ жерін, халқын жақсы біледі. Әсіресе, қазақтың батыр ұл-қыздарын құрмет тұтады. Мәселен, Кеңес Одағының Батыры, әскери ұшқыш Нүркен Әбдіров Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан. Волгоградтағы Мамаев қорғанында Н. Әбдіровтің бейнесі салынған зираты бар. Сондай-ақ ер жүрек қыздарымыз, Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың есімін ерекше атайды. Өйткені Сталинград қырғын шайқастар өткен, Ұлы Отан соғысында ең бір маңызды рөл атқарған қала ғой. Жауды қырғынға ұшыратып, жеңіске жету жолы да сол жерден басталған. Ол қаланы қорғауға мыңдаған қазақтар қатысқан. Қала тұрғындары қазақтарды ер жүрек халық ретінде құрмет тұтады. Сол арқылы халқымызды, Қазақстанды біліп отыр. Өткен ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда тың игеру науқаны басталғанын біледі, себебі сол өңірден де тың игеруге біраз азаматтар қатысқан екен.

Ойымды қорыта айтқанда, Ресей үлкен ел, мәңгілік көршіміз. Сондықтан Ресей Федерациясының да саяси-экономикалық, рухани-мәдени дамуына назар салып отырамын.

- Рақмет әңгімеңізге.

Соңғы жаңалықтар