Қазақ елінің әлемдік аренадағы өзіндік орны

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алысымен Қазақстан әлемдік қауымдастыққа өзін танытуға белсене кірісті. Осы мақсатта еліміз халықаралық беделді ұйымдардың жұмысына араласа бастады.
None
None

ҚР Президенті Н.Назарбаев түрлі ха­­лықаралық ұйымдар мінберлерін Қазақстанның бейбітсүйгіш сыртқы сая­сатын, реформаларға негізделген ішкі саясатын насихаттау, таныстыру жолында пайдаланды. Қазақстанның халықаралық беделінің өсуіне оның әлемдегі 4 орын алатын ядролық қуатттан өз еркімен бас тартуы ықпал етті. Өзін ядролық қарусыз мемлекет ретінде жариялаған Қазақстан 1992 жылдың 22 мамырында Лиссабон шартына қол қойды. Елдің бейбітшілікті нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға бағытталған қадамдарын әлемдік басым державалар қызу қолдады. Пацифистік идео­логияны ұстанған Қазақстан өз жерінде Кеңес Одағынан мұра болып қалған жаппай қыру қаруларынан 90 жылдардың ортасына дейін толық құтылды.

Әлем халықтары Қазақстанның бей­бітсүйгіш саясатының куәсі болды. 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ мүшелігіне қабылданды. Қазақстан жаһандық тұрақсыздық заманында өр­кениетті адамзаттың мүдделерін, мақсат­тарын үйлестіретін ең беделді халықаралық ұйымның 168-ші мүшесі болды.
Қазақстан БҰҰ мүшелігіне Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Молдова, Әзербайжан, Армения сияқты бұрынғы Кеңес Одағы құрамынан шыққан мемлекеттермен қоса Сан-Марино Респуб­ликасымен бірге кірді. Осы толығудан кейін БҰҰ мүшелерінің саны 168-ден 176 мемлекетке дейін өсті. БҰҰ Бас Ассамблея­сы өзінің 46 сессиясында күн тәртібіндегі 20-пунктті қарап, аталған тоғыз мемлекетті өзіне мүше ретінде таныды. БҰҰ Бас Хатшысы шешім қабылдағаннан соң «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеруді сұраймын» деген сөзінен кейін Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы БҰҰ ғимаратында желбіреді.
1992 жылдың 15 сәуірінде ҚР Прези­денті Жар­лығымен ҚР БҰҰ жанындағы бірінші тұрақты өкілі болып қазақтың көрнекті дипломат қызы Ақмарал Хайдарқызы Арыс­тан­­бекова тағайындалды. 1992 жылдың 5 мау­сымында ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі өзінің толыққанды қызметін бас­тап кетті. Осы жылдың 5 қазанында БҰҰ мінберінен ҚР Президенті тұңғыш рет сөз сөйледі. Қазақстан адамзаттың тағдырының ортақтастығын ұғынатын, демократия принциптерін ұстанатын мемлекеттер қатарына қосыламын деп жариялады. Ел өзі басшылыққа алатын Конституциясын, заңдары мен нормативтік актілерін түгелдей халықаралық құқық нормалары мен әлемдік гуманистік принциптер талаптарына сәйкестендіруге бетбұрыс жасады.

Қазақстан шым-шытырық әлемдік күрестер, бәсекелестіктер, қауіп-қатерлер мен қайшылықтар аренасына енді. Еліміз осындай түрлі басымдықтарға тез икемделуге мүмкіндік беретін, өзінің геосаяси, геоэкономикалық мүдделеріне жұмыс істейтін конвекторлы сыртқы саясат тұғырнамасын таңдады.
Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне енуі ел халқының әлемдік демократиялық үрдістерді түсінуіне және олардың қызу жақтаушыларына айналуына көмектесті. Халық ел тәуелсіздігінің, тілінің, тарихының және аумақтық тұтастығының тағдырлық маңыздылығын терең сезінетін, олар үшін күресуге қабілетті болатын дәрежеге көтерілді. Ар, дін, баспасөз, жиналыс, көзқарастарды ашық айту бостандықтары бекітілген ХVІІІ ғасырдың соңындағы 1789 жылғы «Адам және азамат құқықтарының Декларациясы», БҰҰ қабылдаған 1948 жылғы «Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясы», 1968 жылы БҰҰ қабыл­даған «Экономикалық, әлеу­меттік және мәдени құқықтар туралы ха­лықаралық пакт», 1975 жылы Хельсинкиде қабылданған «Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Кеңесінің Қорытынды актісі» сияқты халықаралық гуманитарлық қатынастарды бекітетін құжаттарды Қазақстан Республикасы да басшылыққа алатын және орындайтын болды. Қазақстан гуманитарлық салада адам құқықтарын толық сақтайтын, қорғайтын мемлекетке айналуды міндетіне алды. Дамыған, өркениетті мемлекеттер үлгісімен бірінші орынға халықтың мақсат-мұраттары мен құндылықтары қойылды. Халыққа биліктің толықтай есепті болуы, оған қызмет етуі принципі басшылыққа алынды.

Халық биліктің қайнаркөзіне айналуы бекітілді. БҰҰ мүшесі ретінде Қазақстан ха­лықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолына түсті. Еліміз БҰҰ жарғысының талаптарын бұлтартпай орындауды міндеттенді. Қазақстан қандайда болмасын қайшылықтардың алдын алуды, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан мемлекетаралық шекаралардың мызғымастығын, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғылмауын жақтады. Еліміз өзінің мойнына алған халықаралық міндеттерді адал орындауға, қандай да болмасын ішкі және сыртқы дау-жанжалдарды, қайшылықтарды бейбіт келіссөздер арқылы шешуге, басқа мемлекеттерге қарсы күш көрсетпеу сияқты халықаралық қатынастар принциптерін басшылыққа алатын болды.
Қазақстан БҰҰ-ның кең көлемдегі әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған шараларын қолдай­тындығын және тікелей қатынастығын растады. Ең бастысы, Қазақстан өзінің ішінде адам құқықтары мен бостандықтары бұзылмайтындығына әлемдік қауымдас­тықты сендірді. Қазақстан азаматтары тілдеріне, нәсіліне, дініне, саяси көзқа­растарына, ұлттық және әлеуметтік жағ­дайына, жынысына қарамай тең құқық­тарды пайдаланатындығы жарияланды. Қазақстанның өзінде адам құқықтары жөніндегі БҰҰ-ның қандай да болмасын жүргізілетін жұмыстарына жағдай жасайтындығы мәлімденді.
БҰҰ өз құжаттарында бекіткен кедей­лікпен, сауатсыздықпен, аштықпен күрес жүргізуді Қазақстан өзінің саясатының негізгі басымдылығы деп таныды. Ашық қоғам жағдайында болатын ақпараттар, білім, ғылыми жаңалықтар, технология­лар алмасуларына Қазақстан барлық мүмкіндіктерді туғызатын болды. Бейбіт сау­да, экономикалық ынтымақтасу үрдістері қуатталды.Әлемдік қауымдастыққа Қазақстан өзін демократиялық мемлекет боламын деген ниетпен таныстырды.

Соңғы жаңалықтар