Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресте Сыпыра тарханның өзіндік орны бар - тарихшы Ә.Мұқтар

sp; ОРАЛ. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күресте өзіндік орны бар тарихи тұлғалардың бірі - Сыпыра тархан. М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтардың айтуынша, оның ХҮІІІ ғасырдың ІІ жартысындағы қоғамдық-саяси белсенділігін дәлелдейтін құжаттар Орынбор, Санкт-Петербург, Мәскеу мұрағаттарында жеткілікті.
None
None

Оның біразы 1940 жылдары жарық көрген «ҚазКСР тарихы бойынша материалдар" ("Материалы по истории КазССР" 1975-1828 гг.) атты жинаққа да енген. Оларды белгілі дәрежеде тарихшы М.Вяткин де Сырым батырға арналған монографиясында пайдаланды. Кейін академик Салық Зиманов «Қазақтар арасынан тархандық грамотаға алғашқы ие болғандар қатарында өз заманында белгілі қайраткерлер Жәнібек батыр мен Суфра би болатын» деп бағалады.

Сонымен, ХҮІІІ ғасырда барша қазаққа, Ресейге, Хиуа, Бұхараға белгілі болған Сыпыра кім?

Шежіре бойынша Сыпыраның Кіші жүздегі  12 ата Байұлының Алаша руынан екендігі анықталады. Мұрағат деректеріне қарағанда, Алаша руы орыс елшісі А.Тевкелев жазбасына түскен. Осы кезеңнен бастап Алаша руы Кіші жүздегі қоғамдық-саяси өмірдің барлық мәселесін шешуге араласты. Патша үкіметі Жайық бойын иемдене бастаған тұста-ақ оған қарсы Алашалар да көтерілді.

Сыпыра батыр өмірі Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың басталуымен жаңа белеске көтерілді. Қазақстанды Ресейдің отарлауы  Жайық бойындағы жайылымдардың тарылуынан, әскери бекіністердің көбейіп, қосымша казак-орыстардың көптеп орналастырылуынан, қазақ даласында әскерилер озбырлығының күшеюінен, қазақтың басқару жүйесіне қол сұғуынан айқын көрінді. Олар қазақтың атамекені Еділ-Жайық аралығына 1756 жылдан бастап көшіп-қонуға тыйым салынған патша жарлығымен, 1775 жылғы жалпыимпериялық жүйе - губерниялар құру туралы ережемен нақтылана түсті.

Оның соңы 1785 жылғы шілде айындағы Кіші жүз руларының ІІ Екатеринаға хат жазып, Нұралыны хандық тақтан тайдыруды сұрауымен аяқталды. Хатқа Кіші жүздегі 12 ата Байұлы, Әлімұлдары, Жетірудан тұратын 25 рудың 21-інің белгілі би, батыр, баһадүрлерінің мөрлері басылған. Олардың арасында шекті Сегізбай, шеркеш Тұрмамбет, ысық Қаратау, адай Атақозы, беріш Қара, Саржала, масқар Дөнен, байбақты Сырым, жағалбайлы Тотай, табын Тіленшілермен бірге алаша руынан Азамат, Сафар, Өтеулі билер бар. Міне, осындағы Сафар би, ғалымның ойынша, Сыпыра би болуы тиіс. Өйткені, кейінгі тарихи оқиғаларда Сафар аты бірде-бір рет аталмайды. Сыпыра би атауы алғаш рет мұрағатта 1786 жылы тамыз айларында түскен. Осы жолы ол Сегізбай, Тұрмамбет, Қаратау т.б. билермен бірге Симбирск және Уфа генерал-губернаторы О.Игельстромға Сырым батырдың Ерәлі сұлтан «тұтқынында» екендігін хабарлады. Бұл хабар кейін расталды да. Оны Есім сұлтанның 1787 жылғы 27 қыркүйектегі хатындағы «Ерәлі сұлтанға барар жолда Сырым кездесті... Оны ұстап алып, өзімізбен ертіп кеттік» деген жолдар айғақтайды.

Дегенмен күрес зая кетпеді. Патша үкіметі 1786-1787 жылы қыста Еділ-Жайық аралығына қыстауға көшуге 45400 түтінге рұқсат берді. Соның ішінде беріш Шойтас батырға 7000 түтін, алаша Сыпыра биге 3000 түтін, алаша Медет биге 3000 түтін, Ысық Қаратау биге 10000 түтін басқару жүктелді.

Көп ұзамай Орынборға Кіші жүздегі ең беделді деген 18 адамның - Сырымның, Сегізбайдың, Қаракөбектің, Қаратаудың, Сыпыраның, Бөдененің, Саржаланың, Атақозының, Айдарбектің, Көккөздің, Басықараның, Жанұзақтың, Қойкелдінің, Нұрмағамбеттің, Дөненнің, Абдулжалелдің, Қарабай сұлтанның хаты келіп жетті. Хатта Уфа қаласына жер аударылған Нұралы ханды елге қайтару оның ел тыныштығы үшін аса қажеттігі баса көрсетілді. Қазақтың дәстүрлі басқару жүйесін жоюды мақсат тұтқан О.Игельстром 1787 жылы 26 қыркүйекте Кіші жүз би, батырларына «Нұралы хан тағдыры сіздердің адалдықтарыңызға байланысты» деген жауап қайтарды. Осының алдында шекаралық сотты құрып (1786 жыл), енді Байұлы, Әлімұлы, Жетіруды бөліп-бөліп басқару жоспарына батыл кірісті. Соның қорытындысында 1787 жылы қыркүйек айында Қобда өзені бойында старшындар жиналысы өтіп, үш расправа құру келісілді. Нәтижесінде жаңа басқаруға келіскен старшындар 39200 түтін атынан қол қойды. Зерттеуші М.Вяткин «неге екені белгісіз Сырым қозғалысына белсене қатысқан бірде-бір старшын қол қоймаған. Онда Қаратау би, Сыпыра би, Бөдене би, Тұрмамбет би т.б. жоқ. Тіпті Сырым мөрі де жоқ» деп таңданыс білдіреді. Дегенмен, расправаға Сырымды қолдаған азаматтар да енгізілді. Байұлы расправасына төрағалыққа шеркеш Тұрмамбет Мұсылманов, заседательдігіне алаша Сыпыра Қарабатыров, беріш Бөдене Байтілеуовтер енгізілді. Сыпыра би өзге де расправа мүшелерімен бірге 1787 жылы 16 қазанда Орынборға келіп ант берген.

1787 жылы Сыпыра би Сырым арқылы Түрік елінің саясатымен де танысады. Орыс-түрік соғысының басталуы нәтижесінде өзге де мұсылман елін тартуды көздеген түріктер Бұхараға өз елшісін жіберіп, Сырымға арнайы хат жолдаған. Хат көшірмесі сенімді деген 12 биге жіберілді. Сыпыра биге жолдаған хатта «Ресейліктер жеті еуропалық мемлекетпен бірігіп, түрік мемлекетімен соғысуға шықты» делінген. Хатпен танысқан патша үкіметі тез арада беделді би, батырларға хат жазып, үйіп-төгіп уәде беріп, олардың бірлігін жоюға бар күшін салды. Уақыт созбай қазақ даласына арнайы Орынбордан діни өкілдер жіберілді. Бұрын патша үкіметі хан, сұлтандармен, 1783 жылдан бастап Сырыммен хат алмаса бастаса, енді іріткі саясатын жалғастырып, 1788 жылдың басынан Сыпыра, Сегізбай, Көккөз, Тұрмамбет, Бөдене, табын Жәнібек билермен тікелей байланыс орнатты. Мұндай байланыс бірден өз нәтижесін берді деу қиын. Мұны сезінген Орынбор обер-коменданты, шекаралық сот төрағасы Я.Зембулатов 1789 жылы «расправа мен старшындардан еш пайда жоқ» деген қорытындыға келді. Дегенмен билер қазақ руларының негізгі талаптары - жайылымдарды шешу, озбырлықты тоқтату, қашқындарды қайтару т.б. шешуге өз мүмкіндіктерін пайдалана бастады.

Сыпыра би Нұралыханұлы Жанәлімен бірлесіп атаман Д.Донсков арқылы қазақ-орыс қатынасын реттеуге ұмтылды. Өз кезегінде Д.Донсков қазаққа қарсы ашық күш көрсетуді тоқтатпады. 1790 жылдың басында атаман Орал қаласы мен одан төменгі форпостарда 19 қазақты қамауда ұстады. Мәселен, 1790 жылы 22 сәуірде Антонов форпосында Елек өзенінде көшіп жүрген Сыпыра бидің немере бауыры Тоқбура (орыс дерегінде Тукрия - Ә.М.) орыстан қашқан тұтқынды қабылдады деген  сылтаумен алаша руынан Бозан Қарабаев, Артықмал Арабашевтың үш айдан астам уақыт қамауда екендігі анықталды. Алтыбас алаша Малқар Верхнеозерный қорғанындағы түрмеде жатып, ауруға шалдыққан. Сырым бастаған билердің талабы бойынша Малқар 13 сәуірде босатылған. Ол турасында Сыпыра би жанындағы молда Әбілқасым Абдусалямов т.б. арқылы Сырым арнайы хат жолдайды.

Күрделі мәселелер 1790 жылы мамыр, маусым айларында өткен қазақ-орыс кездесуінде талқыланды. Орынбор жағынан мүфти М.Хусайнов  Сырым батырмен келіссөз жүргізді. Кездесуге Сыпыра би қатыспады.

Бұдан кейін ұзамай Кіші жүзге жаңа хан сайлау мәселесі көтерілді. Сыпыра, Тұрмамбет билер, Әлімұлдарының бас старшыны Мұратбек би бірауыздан Есім сұлтанды 1790 жылы қараша айында хан тағына көтерді. Ноғай старшыны Құрбанғали Забир хан сайлауға мыңға тарта қазақ қатысты деп хабарлайды. Сыпыра би 1791 жылы 29 мамырдағы хатында Есім сұлтанмен бірге көшіп-қонатындығын, Сырым батырдың Ресеймен жаңа соғысқа дайындалып жатқандығын, жақын арада Ордада күшті бүлік болатындығын атап өтеді.

Осы тұста Кіші жүзді барлап қайтқан Нұрмұхамед қожа Орынборға Сыпыра, Қаракөбек, Тіленші, Жаназар т.б. қол жинап, орыс шекарасына жақындады деп жеткізді. Содан маусым айы басында Сырым батырға екі татар молдасы Файктулин мен Мансуров жіберілді. Олар 9 маусымда Қобда бойындағы Сыпыра  би ауылына тоқтап, жоғарыдағы ақпараттың терістігін дәлелдеп, Сырымның шектілер мекенінде екендігін анықтады.

Міне, осыдан кейін Сыпыра мен Сырымның саяси көзқарастарында алшақтықтардың пайда болғаны байқалады. Сырым орыс үкіметінің саясатына қарсы ашық күресті қолдаса, ақсақалдық жасқа жеткен Сыпыра би Жайық бойынан көшпей, Әбілқайыр ұрпақтарымен бірлесе отыра, бейбіт түрде  тыныштықты қалпына келтіруді жақтады.

Сыпыра биді түсінген Сырым батыр 1791 жылы маусым айында оны өзіне қосу үшін «егер сіз Ресеймен сауда-саттық жасасаңыз, ұлысыңызды Жайық бойынан көшірмесеңіз, біздің қаһарымызға тап боласыз. Кейін бізге өкпелемеңіз» деген хат жолдаған.

1792 жылы да Сыпыра би ешқайда жылжымай, Жайық бойында тұрақтады. Ол 1791 жылы қыркүйек айында патша үкіметі бекіткен Ерәлі ханмен бірге көшіп-қонатын. Сөйтіп, кезінде Сыр бойында еркіндікке үйренген Ерәлі хан да қартайған шағында шекараға орнығып, Ресей көмегіне сүйене бастады.

ІІ Екатерина Сыпыраның ел ішіндегі беделін ескеріп, өзіне тарта түсу мақсатында 1793 жылы 28 ақпанда биге тархан атағын беріп, арнайы грамота жолдады. Патша жарлығында «Адал және шынайы қызметі үшін старшын Сыпыра биге тархандық атақ берілді. Оның атағын сұлтандарға, би, батырларға және барлық қазақ халқына мойындау бұйырылады» делінген. Сыпыраға бірінші дәрежелі тархандық берілген. Осындай атаққа тарихта Жәнібек Шақшақұлы, Сырым Датұлы, Тіленші Бөкенбайұлы, Тама Есенбай Қожабекұлы ғана ие болған. Оның 2-ші дәрежелі тархандықтан ерекшелігі, әкесінен баласына мұралыққа тархандық құқықтық пәрменділігін пайдалану құқының берілуінде еді. Патша үкіметі шиеленісті жағдайда Сыпыра мен Тіленшіні Сырымға қарсы айдап салуды көздеді. Одан еш нәтиже шықпаған соң патша әскерилері 1793 жылы Сыпыра, Бөдене, Қаратау би ауылдарын тонады. Тонау барысында Сыпыра, Көккөз билердің ұлдарын, Бөдене бидің інісін казак-орыстар өздерімен бірге ала кетті. Оған шыдамаған 5000 түтін күзде Жайықтан әрі қарай ішкеріліп көшуге мәжбүр болды.

Мұның барлығын патша үкіметіне ашына хабарлаған  Ерәлі хан, Сыпыра би, Есім сұлтандар Жайық бойынан жылжымады. 1794 жылы 10 маусымда Ерәлі хан дүние салды. Ерәлі тұсында Ресей ұйымдастырған хан кеңесі, Сыпыра би мүше болған расправа өз жұмыстарын жалғастырып, мүмкіндігінше қазақ-орыс талас мәселелерін шешуге талпынды. Сыпыра тархан 1795 жыл 17 қыркүйекте Есім сұлтанды хан тағына көтеруге де қатысты.

1795-1796 жылдардың қысы мен көктемі Жайық бойына жаңа жұт әкелді. Оны көзімен көрген Есім ханның іс жүргізушісі Г.Феткуллин «қазақ даласы ұлы қырғынға ұшырады» деп бағалады. Оның арты жаңа қарсылықтарға ұласты. 1797 жылғы дерек бойынша Ресейге қарсы Сыпыра тарханның немере ағасы Ботпанайұлы Бәйсеу батырдың балалары, алаша руының Жанбаш бөлімі, табын, тама, кете, қызылқұрт рулары көтерілді. Есім хан өзіне қарсылық танытқан рулардың бөлімдеріне дейін көрсетіп, Орынборға хабарлады.

ХІХ ғасыр зерттеушісі Л.Мейер көп ұзамай Есім ханға қарсы бүкіл қазақ даласы көтерілді деп бағалады. 1797 жылы көктемде Қаратай сұлтан Орынбор экспедициясына жолдаған хатында Есім ханның «орыс үкіметіне адалдығы қазақтардың қатты наразылығын туғызды» деп хабарлайды. Сөйтіп, 1797 жылы 27 наурызда таңсәріде Красноярск форпосы маңында көшіп-қонатын уақ руы қазақтарында болған сәтінде Есім хан өлтірілді.

Міне, осыдан кейін ел басқаруда Сыпыра би бар үмітін жас та, алғыр Қаратай Нұралыұлына артты. Сыпыра биді беріш Саржала би, Шойтас батыр, ысық Қаратау, шеркеш Тұрмамбет баласы Құлмамбет би т.б. қолдады. Бірақ патша үкіметі беделді билер ұсынысын тағы елемеді. Таққа 74 жасар Айшуақ сұлтан бекітілді. Араға уақыт сала әскери губернатор Н.Бахметов бұйрығымен Сыпыра бидің бауырлары Құлбек, Жиентөре ауылдары әскери шабуылға ұшырады.

1799, 1800 жылдардан бастап Сыпыра би атауы мұрағат деректерінде кездеспеді. Ғалымның есебінше, нақ осы жылдары би қайтыс болса керек.

Сыпыра би ұрпақтары әке жолын жалғастырып, ел басқаруда көзге түсті. Солардың ішінен Қоңыз тархан 1809 жылы Бөкей ханның өтініші бойынша Нарын құмына көшкен. Алаша руы Нарын құмындағы Қамыс-Самарда және теңіз жағалауларында орын тепті. Қоңыздың баласы Сүлеймен тархан жазда Бұлдырты, Қалдығайты, Жақсыбай өзендеріне тоқтаса, қыста Бұлдырты мен Есентемір мекенін қыстады. Сүлеймен 1838 жылы Хиуа жорығына қатысып, орыс үкіметінен «хорунжий» атағына, Александр лентасына тағылған алтын медальға ие болды. Сүлейменнің үлкен баласы Ығылман мұрағат деректері бойынша Жомарт атаның 17 шаңырағын ертіп, 1860 жылы Жайықтан өтіп Қаратөбе жағына орналасқан.

Қорыта келгенде, би, тархан Сыпыра Қарабатырұлы - өз заманында ата жолымен ел алдына шығып, халқын соңына ерте білген, мұрағат қорларында ізі сайрап жатқан тарихи тұлға.

 

Соңғы жаңалықтар