Қазақ елінің елеулі табыстары, абырой-беделінің асқақтауы қуантады — Тәжікстан Президенті

АСТАНА. KAZINFORM — Достас қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі табыстары және халықаралық аренада абырой-беделінің асқақтауы қуантады. Бұл пікірді Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Ақордада БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты.

Қазақ елінің елеулі табыстары, абырой-беделінің асқақтауы қуантады — Тәжікстан Президенті
Фото: Ақорда

Тәжікстан Президенті құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқаны, сондай-ақ жоғары мемлекеттік награда — Qoja Ahmet Yasaui орденіне лайық көргені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

— Тәжік-қазақ қарым-қатынасын өркендетуге қосқан аздаған үлесіме берілген осы жоғары баға менің ғана емес, халқымның еңбегіне көрсетілген сый-құрмет деп санаймын. Бауырлас Қазақстанға әр сапарым жарқын сәттерімен есте қалады. Достас қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі табыстары және халықаралық аренада абырой-беделінің асқақтауы қуантады. Біз өркендеу мен гүлдену жолындағы Қазақстанның үйлесімді дамуына негіз қалайтын кейінгі жылдардағы реформаларды жоғары бағалаймыз. Бүгінгі келіссөз конструктивті саяси диалог, өзара сенім мен түсіністік сипатында өрбіді. Екіжақты күн тәртібіндегі көптеген мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Келіссөз қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдеме ынтымақтастығымызды одан әрі дамытудың басты бағыттарын айқындады, — деді Эмомали Рахмон.


Айта кетейік, Ақордада Қазақстан мен Тәжікстанның ресми делегациялары үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 14 құжатқа қол қойды.

5-7 қараша күндері Мемлекет басшысының шақыруымен елімізге Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ресми сапары өтіп жатыр.

Сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан 2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын қабылдады.