Қазақ энциклопедиясы - қазақ білімі мен ғылымының Ғылым академиясынан кейінгі қарашаңырағы

АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақ энциклопедиясы ұлттық ғылым-білімнің жиынтық көрінісі. Оны Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгін Алматыда «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің ұжымына жаңа бас редакторды таныстырған кезде атап өтті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Кез-келген ұлт үшін бірнеше қасиетті ұғымдар болады. Оның біріншісі ұлттық ғылым академиясы, екіншісі ұлттық университеті, үшіншісі ұлттық ғылым-білімнің жиынтық көрінісі сияқты энциклопедиясы. Қазақ білімі мен ғылымының Академиядан кейінгі қара шаңырағы саналатын Қазақ энциклопедиясының негізін қазақтың ұлы ғалымдары Мұхамеджан Қаратаев, Манаш Қозыбаев қалаған. Олардың жұмысын кейін өз дәрежесінде академиктер Рымғали Нұрғалиев, Әбдімәлік Нысанбаев сияқты азаматтар жалғастырды. Сондай-ақ соңғы 5-6 жылдың ішінде оны тарих ғылымының докторы Бүркіт Аяған сапалы жаңа деңгейге көтеріп, 10 томдық ұлттық энциклопедияны шығаруды аяқтады. Сондай-ақ өзім де еңбек жолымды осы жерден бастағанмын», дейді Мұхтар Абрарұлы. Кеңес одағы соғыстан кейін экономиканы көтеріп, дамудың белгілі бір дәрежесіне жеткеннен кейін 1967 жылы СОКП Орталық Комитеті арнайы қаулы қабылдап, барлық республикаларда ұлттық энциклопедиялар құрылды. Бірақ бір мезгілде құрылғанмен олардың даму деңгейі, шығармашылық жағдайы әртүрлі болды. Қазақ энциклопедиясының бақытына қарай, сол кезде бір жағынан алымды, беделді, екінші жағынан өзі де үнемі шығармашылық ізденісте жүретін Мұхамеджан Қаратаев келді. Соның нәтижесінде Орталық Азия және Кавказ республикаларының ішінде бірінші болып 12 томдық ұлттық энциклопедия шығарылды. Қазақ Совет энциклопедиясы деп аталатын бұл еңбек әлі күнге дейін өзінің құндылығын жойған жоқ. Мәдениет және ақпарат министрінің айтуынша, Үлкен Совет энциклопедиясының негізінде құрылған Үлкен Ресей энциклопедиясы өзінің 30 томдығын қолға алғанына 17 жыл болса да әлі 17 томын да шығарып үлгерген жоқ. Қолда бар дүниеден құрастырып кітап шығару оңай болар, бірақ энциклопедиялық басылым шығару оңай емес. Кейбір кітаптарда бір томында 1-2 мыңға дейін мақалалар болатын энциклопедиялық арнайы басылымдар болады. Шын мәніне келгенде бұл кез-келген ұлттың бас кітабы.«Әмбебап энциклопедиялар 20-25 жылда бір шығады. Біз енді тақырыптық энциклопедияларға қарай жылжуымыз керек. Әр саланың жеке энциклопедиясын және оған жанр жағынан жақын өзге басылымдарды шығару қажет. Қазақстандағы ең алғашқы тілашар мен әмбебап сөздік Қазақ энциклопедиясында шыққан болатын. Мәселен, тілашарды 1987 жылы 4-5 жігіт 3-4 айда жазып шыққан болатынбыз. Ол кейін 250 мың таралыммен шықты. Жалпы қазір АҚШ-та Американа, Англияда Британика, Испанияда Эспаса, Францияда Ларюс, Германияда Брокгауз сияқты энциклопедиялар бар. Олар әр 3-4 жылда қайта басылып отырады. Енді олардың құрылымын, энциклопедияға қойылатын талаптары мен онда нені қамту керектін көріп қайтқан жөн. Бұған бізде қазір мүмкіндік бар», дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Соңғы жаңалықтар