Қазақ ғалымдары Нобель сыйлығын қашан алады — министр пікірі

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте журналистер Ғылым және жоғары білім министріне «Қазақ ғалымдары жуық арада Нобель сыйлығын ала ма?» деген сұрақ қойды.

ғылым министрі
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Саясат Нұрбек жауабында қазақ ғылымында түбі бір үлкен серпіліс болатынына сенетінін айтты.

— Қазір әлемде бәсеке күшейіп бара жатыр. Азия елдерінің ғылымы да қарыштап кетті. Біз білім беру және зерттеу үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу бағытында үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Себебі, бүгінде көптеген ел дәл осы ЖИ саласында баса мән беріп отыр. Көре жатармыз. Жеке өзім оптимистік көзқарастамын, — деді ол.

Сонымен қатар, министр ғалымдардың еңбегін, зерттеулер нәтижесін насихаттау, бұқараға жеткізу жағы кемшін тартып жатқанын, бұл жұмысты ретке келтіру керектігін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Саясат Нұрбек ғылым саласын қаржыландырудың бақылау тетіктеріне түсінік бергенін жазғанбыз.