Қазақ халқы қонақжай қасиетімен ерекшеленеді — Юрий Хегай

хегай
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық Юрий Павлович Хегай қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Жергілікті ұлт өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасап, түрлі жиын-тойларды бірге атап өтеді. Қазақтың ұлттық тағамдарын тұтынып, салт-дәстүрді жақсы біледі.

Юрий Хегай бүгінде Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде ауруханаішілік инфекцияларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

Өз саласы бойынша тәжірибелі маман жұмысында жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Мекемеде іс-қағаздарын қазақша толтырады.

«Мен қазақ халқының ортасында өстім. Ата-анамыз үнемі көрші тұрған жергілікті ұлт өкілдерімен бауырындай араласты. Бір-бірінің үйіне қонаққа шақырып, қуаныш пен қайғыны ортақ бөлісті. Сондықтан мен бала кезімнен қазақ тілін меңгеруге тырыстым. Ол маған ешбір қиындық туғызған жоқ. Көршілердің барлығы қазақ ұлтынан еді. Бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесеміз. Осылайша тілді жақсы меңгеріп алдым. Жалпы, тіл үйренгеннің ешбір айыбы жоқ. Қайта ойтанымың кеңейіп, өзіңді жаңаша қырынан сезінуге болады. Еңбек жолымда да қазақ тілінің көп пайдасы тиіп келеді», — дейді ол. 

Кейіпкеріміз қазақ жазушыларының шығармаларын жақсы біледі.

Олардың арасында қарымды қаламгер Ілияс Есенберлиннің шығармаларын ерекше қызығушылықпен оқыған. 

Өзге де ақын-жазушылардың шығармаларын сүйсініп оқиды.

«Есенберлиннің қаламынан туған дүниелерде қазақ халқының тарихы кеңінен сөз болады. Қаншама ғасырға созылған тарихы жайында жан-жақты таныса аласың.Осы орайда „Көшпенділер“ шығармасы маған ерекше әсер етті. Шәмшінің әндеріне деген құрметім ерекше. Қазақ халқы қашанда қонақжай дәстүрімен ерекшеленеді. Кезіне тағдыр жазуымен қазақ жеріне қадам басқан қаншама ұлт өкілдерін ешбір жатсынған жоқ. Барлығын бауырына басып, мейірім шуағын төкті. Сондықтан қазір елімізде өмір сүріп жатқан көптеген этнос өкілдері қазақ халқының осындай мейірімі үшін ризашылығын білдіреді», — дейді кейіпкеріміз. 

Ол халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында 40 жылға жуық уақыт қызмет атқарып келеді. Бұл салада жемісті еңбегінің арқасында көптеген марапатқа ие болды.

«Көптеген қазақ әндерін жатқа білемін. Іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысамын. Қазақ тілінде ән айтамын. Қазақтың ұлттық тағамдарын өзі дайындай аламын. Әйелім — қазақ, бір ұл тәрбиелеп отырмыз», — дейді ол.

Соңғы жаңалықтар