Қазақ халқы құнды мата өнімдерін шығарып пайдалана білген

Мата - адамзаттың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде кең қолданысқа ие. Ендеше, осы адамдарға киім болып киіліп, жылу мен жарасымдылық сыйлаған ерекше өнім қалай жасалады? Бұрындар қазақ халқы жиі пайдаланған маталар қайсы, олардың атаулары қандай?
Барлық тоқыма маталар талшықтардан тұрады. талшықтар табиғи және химиялық деп бөлінеді. Табиғи материалдардан: мақта, кенеп, жүн, табиғи жібектен бірден алынатын талшықтарды табиғи талшықтарға, ал химиялық әдістер көмегімен өндірілетін талшықтарды химиялық талшықтарға жатқызады. Химиялық талшықтарды , ары қарай, жасанды және синтетикалық деп бөледі. Жасанды талшықтар мен жіптерді табиғи жоғары молекулярлық қосылыстардан жасайды. Оларға вискозды, мысты аммиак талшықтар мен жіптер, ацетатты жіптер жатады. Мұнайды, газ бен көмірді қайта өңдеу арқылы алынатын синтетикалық полимерден талшықтар мен жіптер жасалады.
Ал, бұрынғы замандарда халқымыз сырттан әкелінген маталардан бөлек, өздері де түйе, қой, ешкі жүндерінен пайдаланып түрлі маталар тоқитын болған. Қой жүнінен тоқылған матаны қайнап тұрған суға салып жұмсартып, шапан, шекпен, шалбар, кебенек, аяқ орауыштар, белдіктер жасаған. Қырғыздар ақ қойдың жүніне ешкі түбітін қосып ер адамдардың басына орайтын шалма тоқыған.
XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың бас кезінде көшпелі халықтардың басым көпшілігі отырықшылық тұрмыс қалпына көшулеріне байланысты мақта өсіріп одан мата тоқи бастады. Әсіресе, бұл кәсіпті өзбектер мен түрікмендер жақсы меңгерген. Мақта маталардың ішінде бөз мата өте танымал болған. Сонымен қатар, қазір ұмыт болған Орта Азия халықтары киім тігуге пайдаланған мата түрі торқа, боялмаған сарғыштау кендір деген өсімдіктен өндірілген. Бұл өсімдіктің қызыл кендір деген түрін қарақалпақтар пайдаланған. Торқа жөнінде А.М.Никольский «Арал бассейні суындағы балық аулау кәсібі» деген еңбегіндегі жазбаларында алғаш рет еске алған. И.И.Гейер: «Өңделген кендір талшығынан әдемілігі және жылтырауы жағынан жібектен кем түспейтін мата алынады», -деп жазған. Торқаны ұршықпен иіріп, өрмек тоқитын станокта тоқыған. Бұндай мата мықты, төзімді болған. Қызыл кендірді булап, жүн сияқты сабаған. Көбіне табиғи сұр түстісін жиі пайдаланған. Матаның бұл түріне көп адамдардың қолы жете бермеген. VI-VIIIғғ. Орта Азия халықтары өсімдіктің тағы бір түрі - зығырдан тоқылған матамен де таныс болғандығы қытай, орыс деректерінен ұшырасады.
Қазақ халқы пайдаланған мата атаулары:
Жібек - беті тегіс, жылтыр, қымбат мата.
Қамқа - зерлі жіптен тоқылған жібек мата.
Қатипа - жол-жолы бар жұқа жібек мата.
Торқа - ең қымбат жібек мата.
Торғын - қымбат бағалы жібек матаның бір түрі.
Патсайы - тығыз тоқылған жібек матаның бір түрі.
Дүрия - жылтырауық тығыз жібек мата.
Қырмызы - жоғары сапалы қызыл жібек.
Парша - алтын мен күмісті араластыра отырып тығыз тоқыған жылтырақ жібек мата және сол матадан тігілген қымбат бағалы киім.
Сәрпөңке - астарлық жібек мата.
Барқыт - түгі тығыз жібек мата.
Шибарқыт - бет жағы жол-жол болып келген барқыттың бедерлі түрі.
Баршын - жолақты жібек мата.
Құлпы - өңі құлпырып тұратын жібек мата.
Қазине - жібектен қалыңды-жұқалы етіп тоқитын мата. «Қазине қамзол кидім қиылмаған» (С.Мұқанов).
Мақпал - тығыз тоқылған, қалың, түкті барқыттың бір түрі. Мақпалдың қара мақпал - қара барқыт; қой мақпал - түкті пүліш, қырмызы мақпал - қызыл күрең барқыт деген үш түрі бар. Бірақ қазақтар мақпал деп көбінесе біртегіс, түгі тықыр қара барқытты атаған.
Сәтен - сапалы мақта жiбiнен тығыз етiп тоқылған жылтыр мата.
Шағи - жұқа келген жұмсақ мата.
Шұға - жұмсақ майда түкті жүн мата.
Манат - сырткиімдік барқыт сияқты бағалы шұға.
Мауыт - оң жағы майда түкті келген қалың мата.
Қыжым - сапалы жүннен тоқылған түкті мата, плюш.
Ләңке - сырткиімдік матаның бірі түрі.
Саң - шыттан қалыңдау, ақ түсті мата.
Шыт - жеңіл әрі арзанқол жұқа мата.
Бояқ - кездеменің боялған түрі.
Дабы - жұқа ақ матаның бір түрі.
Бөз - шаруалардың ішкиім үшін пайдаланатын, қолдан, мақтадан тоқитын матасы.
Сиса - мақтадан тоқылатын, арзан бағалы, түрлi түстi, жұқа шыт мата.
Бәтес - мақтадан тоқылатын жұқа ақ мата.
Борлат - қызыл түсті жұқа мата.
Бүлде - сапалы, қымбат мата.
Үлде - қымбат жұқа мата. (Ділдәр Мамырбаеваның жариялуы бойынша)
Ертеде күнделікті тұрмыстық киімдерді бөз, кенеп, шыт, сәтен, сеңсең терісі, көн секілді қарапайым маталардан тіккен, ал салтанаттық киім-кешекке барқыт, масаты, мәуіті, шұға, жібек, қырмызы, бәтес, мақпал кездемелері, кәмшат, сусар, бұлғын, құндыз, бұлан немесе бұғы терілерін пайдаланған. Ал ішіктердің сыртын шұға, мәуіт, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Шалбарды барқыт, ұлпа, пүліш, тібен, шибарқыт, шегрен, ләмбек, мәлескен, қырмызы, қамқа, бақисап, көк мәуіті сияқты ширақы маталардан, қой ешкі терілерінен тіккен. Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігілген. Ал әйелдердің белдігін негізінен, жібек пен барқыттан тіккен.
Шет жерлерден әкелінген жібек, жүн маталар көшпенділер тұрмысына өте көне заманда енген. Біздің жерімізді мекендеген ғұн тайпалары Қытайда шығарылған жібек, мақта маталарды сый ретінде, соғыстан төскен олжа және шаруашылық өнімдеріне айырбастап алған. Сырдариядағы Жетіасар қорғандарынан қызыл күрең жібек маталардың бөліктері табылған. Бұл Орта Азия территориясынан өткен Ұлы Жібек жолы керуенінің маталарын көптеген халықтар сатып алғандығын көрсетеді.
Ал, Қазақстанда өндірістік жолмен тоқылған алғашқы жүн мата 1910 жылы құрылған Қарғалы шұға фабрикасында шығарылады. Онда1913 жылы 110 мың метр шұға мата өндірілген. Одан кейінгі жылдары Семей шұға мата комбинаты, Қостанай костюмдік мата комбинаты, Семей мәуіті иіру фабрикасы, т. б. ірі өндіріс орындары салынды.