Қазақ халқы өнерден кенде қалып көрген жоқ - Жұмақын Қайранбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сонау ерте замандардан келе жатқан ұлттық жәдігерлерімізге қарап отырып, суретшілік өнерді қазақтың қанында бар қасиет пе екен деген ойға қаласың. Кешегі «Сурет салуды әжемнің киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім» деген Әбілхан Қастеевтің осы сөзі сауалымызға жауап сияқты көрінгенін несіне жасырайық. Еуропалық қылқалам иелеріне еліктемей-ақ, өзінің ұлттық нақыштағы туындыларымен күллі әлемді аузына қаратқан суретшілерімізді мақтан тұтқанымызбен, осы бір таңғажайып өнердің қыр-сырына үңіле бермейтінімізді еріксіз мойындағандай болдық. Қазақ халқы суретшілік өнерге кештеу келдік деп ойлаймыз. Кештеу келсек те, өткен замандардан бері келе жатқан киіз басу, сырмақ тігу, ат әбзелдерін жасауымыз кескіндеу өнеріне жақындағанымыздың бір жолы сияқты. Ал бүгінгі таңда біз ұлттық нақышты қаншалықты таба алдық?
None
None

Байтұрсын Өмірбеков: - Қазақ халқы еуропалық дәстүрдегі өнерге кештеу келгені рас. Қазіргі кескіндеме (живопись) графика, мүсін өнерінің үлгілері ХХ ғасырдың басынан бастап бізге етене еніп, ұлттық сипат ала бастады. Оның алғашқы шеберлерін халық біледі деп ойлаймын.

Бүгінгі тарих, археология және басқа ғылымның дамуы сонау ерте кезден бастап, орта ғасырғы өнерге байланысты деректерді анықтағалы бері бейнелеу өнерінің әр саласында белгілі дәрежеде халықтық дәстүр бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Мәселен, тас бетіндегі бедерлі суреттер графиканың негізі десек, тас (балбалдар) мүсін өнерінің көрінісі екені даусыз. Көшпенді халық өз тұрмысында қолданған бұйымдары мен құрал-саймандарын мейлінше әшекейлеп, көркем дүниелерге айналдырып отырғанын біз осы уақытқа дейінгі жеткен ер-тұрман, ыдыс-аяқ, кілем, алаша, текемет, т.б дүниелердің декорынан көреміз. Олар ою-өрнек, түр-түс құбылыстары мен форманың архитектоникасы. Міне, осылар бүгінгі бейнелеу өнеріне ықпал етіп, оның ұлттық нақыштарына айналды. Кескіндеме (живопись) өнеріндегі түр-түс колористикасы әсіресе, 60-жылдардағы С. Айтбаев бастаған топтың негізгі көркемдік мүмкіндігіне айналды. Үлкен кеңістіктердегі түр-түстердің қарама- қайшылықтарынан барып бірлікке, үйлесімділікке ауысатын жүйесін тапқан біздің шеберлеріміз текемет пен сырмақты әбден зерттеген-ау деп ойлайсың. Осы пайымдардың мысалына Т.Тоғысбаевтың полотналарын жатқызар едім. Ұлттық нақыш дегеніміз осылар. Бірте-бірте ол нақыштарға ұлттық философия, дүниетаным мен этнография үлгілерін көркем бейнелерге терең тамырлы ой жүйесін қосты.

Жұмақын Қайранбаев: - Біз өзімізді өзгеден төмен санауға дағдыланып кеткенбіз. Болмаса археологиялық қазбалардағы Сақтардың кезінен тарақ, Алтын адамдар шығып жатыр ғой. Сырмақ, текемет, киіздеріміздің өзін қазіргі уақытта заманауи кескіндеме, жаңа өнер деп жүр. Ерте замандағы адамның сүйегі Алтайдан табылды. Бұрын Африкада дейтін еді ғой. Таңғалатынмын ол негрлерден қалай ақ адамдар, азияттар пайда болады деп. Бірінші адам Африкада болса кейінгі табылған сүйек Алтайда болып отыр. Бұл табылған қару-жарақтар, алтыннан-күмістен қапталған ер-тұрмандар оның бәрі нағыз өнер ғой. Біз мүсін жағынан кенде қалдық деп айта алмаймыз. Тек кескіндеме, майлы бояумен сурет салу осылар ғана бізге кейін келіп отыр. Біз отырықшы халық болғаннан кейін ғана келіп отыр. Болмаса көшпелі елде мұндай өнер болмаған. Мысалы киіздің үстіне картина іліп қоя алмайсың ғой. Мәселен айна қап, кесе қап бар солардың өзі картина емес пе?!. Жалпы адам баласы өнерге жақын, себебі ол ойлана алады. Өнерге жақын болғандықтан барлық салада біршама дамыған. Көшпелі халықтар киім киіп жүргенде, батыстықтар белдеріне материал байлайтын болған. Мысалы спартактардан көруге болады. Сонда олар шалбар киюді білмеген де ғой. Сонысына қарамай олар бізді жабайы дейді. Ал шындап келгенде Атилла барып Батысты басып алғанда атқа мініп келе жатқан адамды көріп, кентавр деп шошыған. Ат пен адам бірігіп кеткендігін бірінші рет көріп тұр. Өйткені, олар әбден отырып қалған отырықшы халық. Тек, балшықтан мүсін жасайды, тастан бірдеңе ояды әйтеуір бірдеңе істеу керек болғасын. Сөйтіп олар үй салу сияқты біраз нәрселерді меңгерген. Мысалы, олардың корольдары мен королевалары жібектен тігілген киімдерін қыздарына қалдыруды әдетке айналдырған. Яғни, бірнеше ұрпақ салып, қыздары королева болған кезде әжесінен қалған сол киімдерді киген. Ал ол кезде жібек матаны біздің отырықшы халық киіп жүрген ғой. Сондықтан, біздің қазақ өнерден кенде қалған жоқ деп айтуға дәлел көп.

Жалпы, қазір қай өнерде де, ол - әншілік, ақындық, жазушылық болсын қолынан келмейтін іске араласып, өзін талантты көрсеткісі келетіндер бар. Сурет өнерін ермекке айналдырып жүргендер кездесе ме? Мысалы, «Арбаттағы» саудаланып жатқан картиналардың сапа жағына ешкім мән бере бермейтіні анық. Бұл сурет өнерінің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін шығар?

Байтұрсын Өмірбеков: - Иә, қазір өнердің әр саласында өз өзін насихаттап, кішкентай ғана бойында барды дардай ғып көрсеткісі келетіндер көп. Басқаны қайдам, сурет өнерінде ондайлар аз емес. Оның басты себебін мен бүкіл еліміздің қалаларының бәріндегі оқу орындарында ашылып жатқан сурет өнерін оқытатын бөлімдердің көптігінен деп ойлаймын. Талантты іздеуші еді, таңдаушы еді, айтушы еді. Енді оқимын дегендердің бәрі де ақшасын төлейді 4-5 жылдан кейін суретшілік диплом алып шығады. Кім оқытты, қалай оқытты, не үйреніп шықты дегенді ешкім сұрамайды. Ал өнерде болса, ұстаз дегеннің орны ерекше екені сонау грек өркениетінен бері қалыптасқан. Өнерді өнері зор адамнан үйренеді. Ондай ұстаз қашанда саусақпен санарлық, шәкірті де санаулы болуы керек. Ал, «Арбаттың» жөні басқа. Ол замана тудырған құбылыс. Бейнелеу өнері идеологиялық құрал болмай қалғаннан кейін тапсырыс деген тоқтады, тақырыптық көрмелер деген де жоқ, сөйтіп суретшілер қарапайым халықтың сұранысынан шығамыз деп, солардың талғамына сай табиғат көрінісін, ақбоз аттың үстіндегі әдемі қыздар сияқты көріністерге бой ұрып, портрет салып қант-шәйін пұлдай бастады. Мұндай жағдайды тіпті бүгінгі небір шебер суретшілер де басынан өткізді. Соның арқасында өзіне тапсырыс берушілер жинап жағдайын жақсартқандар да аз емес. Соған қарағанда «Арбат» деген тегі жаман нәрсе деуге болмас. Оның жамандығы басқада. Біздің ойымызша, «Арбаттағы» суреттерді көріп, сатып алып жүрген халықтың сурет өнеріне деген пиғыл-пайымы сол деңгейде қалыптасып «көркемсурет» деген осы екен деп, рухани деңгейі мешеуленіп кете ме деген қорқыныш бар. Алматыдағы ұлттық шедеврлеріміз жиналған жалғыз Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайына халық ағылып барып көріп, жақсы мен жаманды саралап жатса бір сәрі. Көпшілік қауым сол мұражайдың есігін ашпағанына кәміл сенемін. Ал енді бір жарым миллион халқы бар мәдени орталығымызда бір кешенді сурет көрмелерін өткізетін галерея жоқ. Есесіне, 7 театр, 5-6 концерт залы бар. Осының өзінене ақ сурет өнеріне деген көзқарас белгілі емес пе?!

Жұмақын Қайранбаев: - Біз бай халық емеспіз өнерді әспеттеп, құрметтеп сатып алатындай. Арбаттағы сатылып жатқандардың бәрі кәдімгі кәсиби суретшілер. Барлығы да біздің оқу орнын бітіргендер.тек олардың кемшілігі - шығармашылық түйінінің аздығында. Олар кез-келген адамды отырғызып қойып, айна-қатесіз салып береді. Ал оны шығармашылыққа айналдырып, адамның характерін ашып, образын тауып, ішкі дүниесін ақтаруға шамасы жетпей жатады. Тек нені көріп тұр соны дәлме-дәл, айнытпай шығарып береді, болды. Халық жақсы көретін адамдарын естелікке қалдыру үшін суретін салдырғанды ұнатады. Міне, бұған қолұшын беретін осы «Арбаттағылар» Мәселен мен Абайдың, Жамбылдың, Мұқағалидың портретін жасадым. Ал бұл адамдар артына өшпес мұра, із қалдырып кеткен қазақтың біртуарлары. Олай болса, бұған үлкен жауапкершілікпен келу керек екендігін суретші ретінде түсінуің керек. Сондықтан салған суретіңнің ұқсағандығы маңызды емес, маңыздысы оның образын беру, характерін ашу яғни бояуларды бір-бірімен байланыстыра отырып ұлы философ пен талантты ақынның болмысын ашуға тырыстым. Сондықтан қылқалам иесінің шығармашылық түйсігі болмаса, ол өте қиын. Екінші керегі талант. Мәселен біз балаларды оқытқан кезде міндетті түрде мастер ғып шығаруға тырысамыз. Ал мектеп табалдырығын алғаш аттап, әліппені жаңдан үйреніп, әріп танитыны сияқты, мұнда да балалар қарындашты қалай ұстау керек екендігін, түп-нұсқасын үйренеді. Ал оқуды бітіріп шыққаннан кейін кімнің Құдай берген табиғи дарыны бар сол міндетті түрде жарып шығады. Ал ештеңе шығара алмағандарға да күн көру керек қой. Сондықтан шынайы дарыны жоқтар Арбатқа барып, суретін салып, дым болмағанда визитка жасап шығарып, соны сатып күнделікті ақша жасайды. Мәселен, Жазушылар одағының мүшесі болып жүргендердің бәрі бірдей мықты ақын, мықты жазушы емес қой. Сол сияқты бізддің суретшілер одағында да солай. Жүз суретшінің ішінен екі-үш суретші шықса оған да шүкір айту керек сияқты. Қазір суретшілер көрме жасай алмай қиналып жүр. Бірақ біздегі суретшілер «Арбатқа» қарағанда жақсы. Себебі, қолдарынан келмей жатса да өз бетінше бірдеңе істеп, кәдімгідей ой айтуға тырысады. Бірақ соны жеткізіп айта алмайды. Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегені сияқты әйтеуір еңбектеніп жатқаны. Бізде көрмеге 100 суретші қатысатын болса, соның ішінен бір-екеуін ғана таңдайды. Бұл салыстырып қарау үшін де керек әрине. Суретшілер одағы неге мұқтаж? Бұл ойлап қараған адамға ұзақ уақыт. Осы уақыттар ішінде өмірге келген ұлттық нақыштағы туындыларды өнерсүйер қауым қалай бағалап келеді. Жалпы сурет өнеріндегі үлкен ізденістер қай шамада? Байтұрсын Өмірбеков: - Құрылғанына 80 жыл толған суретшілер одағының бірінші мұқтаждығы ағайын-туғандардың жылы пейіл, көңілі мен ұлттық өнерге деген ынтасы, қамқорлығы. Онымыз әрбір суретшіге ат мінгізсін деген емес, жыл сайын өтетін көрнекті конкурс болса, ең таңдаулы шығармалар мұражайға, мемлекеттік ғимараттарға қойылуға сатып алынып тұрса, арнайы тақырыптарға тапсырыстар беріліп тұрса деген ой. Мәселен, Алаш зиялылырының бейнелеу өнерінде бірде-бір образдық бейнелері жоқ. Аттарын естігенімен халық кейбірінен басқасының түр-түсін де білмейді. Ана бытыр, мына батыр деп әкім қаралардың нұсқауымен ескерткіштерді тізіп тастадық. Солардың бет-бейнесінің эталондық нұсқасын жасау керек емес пе? Абылай ханнан басқасына ат ізін салған жоқпыз. Тіпті, тәуелсіздігімізге арналған, ертең-ақ тарихы тақырыпқа айналатын ғаламат картина бүгін жазылуы керек еді, ол да әлі жоқ.

Дайындаған: Роза Сейілхан

Соңғы жаңалықтар