Қазақ халқына тән туыстық атаулар

Міне сондай ұлттық болмысымыздың асыл жауһарларының бірі, халқымыздың басын біріктіріп, берекесін ұйытқан туыстық байланыс ұғымы және оның терең мәнді атаулары туралы сөз қозғамақпыз.
«Мен қазақпын!» дейтін әрбір азамат өзінің шыққан тегін біліп, жеті атасын тарқатып айта алатын болуы, ата жұртын, туған елін қастерлеп ардақтай білуі шарт. Бұл әр қазақтың ғасырлар бойы санасында қалыптасқан дәстүрлі қағидасы. Бағзы замандардан келе жатқан «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деген сөз бекерге айтылған жоқ. Қырық рулы көп елміз, бірақ бөлінбейтін, берекесі бұзылмаған, түбі бір, қаны бір, бір атаның ұрпағы қарға тамырлы қазақпыз дегенді меңзеп тұр. Бұл сөздің арғы мәніне үңіле түссек, қазақтың түпкі аталастығын айтпаған күннің өзінде, тамыр-таныс, көрші-қолаң, құда-жекжат, ағайын-туған, жолдас-жора, жамағайын жұрағаттығын үзбеген, іргесі сөгілмеген, қаймағы бұзылмаған елдігімізді, тектілігімізді тағыда айғақтайды. Осылайша дәстүрлі таным-түсінікпен ұрпақ тәрбиелеген қазақ жұрты алысты жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқан. Туыстық байланысты қадірлеп, береке-бірлікті бұзбаған. Үлкені сөз бастаса, кішісі құрметпен тыңдаған. Бір-біріне мейіріммен қарап, аялаған.
Енді, осындай бір-бірін қадірлеген, құрметтеген, сыйлаған туыстық, жекжат-жұрағаттық байланыстырған адамдардың өзара шақыратын мәнді атаулары туралы тоқталсақ. Өйткені бүгінгі күні халқымыздың осы бір асыл қасиеті, ұлтты ұйытқан, ұрпақты тәрбиелі, өнегелі еткен дәстүрлі таным-түсінігі әлсіреп бара жатқаны жасырын емес. Жеті атасын білмейтін, өзінің жақындарын қалай атауды, қандай туыстық байланысы бар екенін түсінбейтін адамдар көп.
Қазақта туыстық қатынастарды өзара сабақтас үш жұртқа жіктеп атайды. Біріншісі - адамның әкесі жағынан туысатын өз жұрты (әйелдер төркін жұртым деп атайды). Екіншісі- шешесі жағынан туысатын нағашы жұрты. Ал, үшіншісі әйелі не күйеуі жағынан туысатын қайын жұрты.
Әрине, қазақ халқының туыстық атауларының ауқымы кең, оның барлығын тарқатып айтып шығу мақаламыздың көлеміне шақ емес. Сондықтан мағанасы ауырлау деген атауларды ғана жазуды мақсат еттік. Ал, бұл туыстық атаулар туралы жүйелі, сенімді деректерді ұсыну да, қазақтың абыз ғалымы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегіне жүгінуді жөн көрдік.
«...Туысқандық атау-терминдерді өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты бойынша саралаудың, белгілі дәрежеде, шарттылығы бар екенін де атап өткен жөн. Мәселен, күйеу (бай), әйел (жұбай), жеңге, бөле, жиен, келін, жезде, құда, құдағи, құдаша, балдыз, бажа, т.б. сияқты атау-терминдердің қай жұртқа тиесілі екені кім-кімді де тосылтып тастайтыны аян. Осы орайда, туысқандық атау-терминдерді жіктеп-жүйелеу барысында, айтылушы адамның қай жұртқа қатысы бар адам екенін ең негізгі белгі (критерий) ретінде басшылыққа алып отырмыз. Мұндай ұстанымның өзіндік қисыны бар. Айталық, бажалардың, әдетте, әулет-аталары немесе рулары бөлек болып келеді... Бұл ретте, бұрын бірін-бірі танымайтын адамдарды бір-біріне бажа етіп, туыстастыратын дәнекер - бірге туған апалы-сіңлілі адамдар. Былайша айтқанда, бірге туған апалы-сіңлілі адамдардың күйеулері бір-біріне бажа болады. Демек, бажаны қайын жұртқа жатқызу қисынды.
Сондай-ақ, жиенді алайық. Жиен - айтушы адамның не әпкесінен, не қарындасынан, не сіңлісінен туған бала. Яғни, жиенді (руы бөлек болса да) өз жұртына жатқызу қисынды.
***
Абысын - айтушының (әйел адамға қатысты) қайын інісінің әйелі. Абысынға қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау (соотносительный термин для эго) - ажын. Абысынға қатысты ажын айтатын өздік атау - абысыным, абысын келінім, тергем атау, бодау сөз немесе сыпайы сөз (эвфемизм) - абысын келін (яғни, күйеуінің келіні екенін меңзегені).
Ажын - айтушының (әйел адамға қатысты) қайын ағасының әйелі. Ажынға қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - абысын. Ажынға қатысты абысын айтатын өздік атау - ажыным, ажын жеңгем, тергем атау - ажын, ажын жеңге (яғни, күйеуінің жеңгесі екенін меңзегені).
«Ажын» атауы көнерген сөз. Сондықтан да ағайын адамдардың әйелдері бірін-бірі «абысын» деп те атай береді. Ауызекі сөзде «абысын-ажын» қос сөзі «ағайын адамдардың әйелдері» деген мағынада қолданылады.
Әпке (апа) - айтушының (ер адамға да, әйел адамға да қатысты) бірге туған жасы үлкен бауыры, әпкесі (әйел адамға қатысты). Әпкеге қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - іні (ер адамға қатысты), сіңлі (әйел адамға қатысты). Әпкеге қатысты іні мен сіңлі айтатын өздік атау - әпкем, тәтем, апам, апайым, тергем атау - әпеке, әпше, әйе, апатай, аптай, апай, ағатай. Кейбір қыз баланы әке-шешесі еркелетіп, еркекшора етіп тәрбиелесе, оны соңынан ерген іні-сіңлілері «ағатай» деп атайтын да дәстүр бар.
Мақал-мәтелдер: Апамды кім алса, жездем сол; Гүл өссе - жердің көркі, қыз өссе - елдің көркі; Жібекті түте білмеген жүн қылады, қызды күте білмеген күң қылады; Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды; Апасы киген тонды сіңлісі де киеді; Есік көргенді алма, бесік көргенді ал; Шешесін көріп қызын ал, қарысын көріп бөзін ал; Шыққан қыз шиден тысқары, т.б.
Бөле - айтушының (ер адамға да, әйел адамға да қатысты) шешесінің әпкесінен немесе сіңлісінен туған бала. Бөлеге қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - бөле. Әдетте, бірге туған апалы-сіңлілі адамдардың балалары бір-біріне қарын бөле болса, немерелес, шөберелес апалы-сіңлілі адамдардың балалары бір-біріне немере бөле, шөбере бөле болады. Бөлелер жасы үлкенін аға, әпке тұтып, жасы кішілерін іні, қарындас, сіңлі тұтып, бірін-бірі «бөле ағай», бөле әпке», «бөле іні», «бөле қарындас», «бөле сіңлі» дейтін де дәстүр бар. Олардың бір-біріне деген туысқандық сезімдері бірге туған бауырлардан кем болмайды. Бөлеге қатысты айтушы айтатын өздік атау - бөлем.
Мақал-мәтелдер: Бөлем, бөлем үшін өлем; Қазақ сұраса келе қарын бөле болып шығады; Бөлемісің, бөлені көре тұра өлемісің, т.б.
Жиен - айтушының (ер адамға да, әйел адамға да қатысты) қызынан туған бала. Жиенге қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - нағашы ата (ер адамға қатысты), нағашы апа, нағашы шеше (әйел адамға қатысты) ...
Қазақ дәстүрінде нағашылы-жиендер бір-біріне мейлінше жақын, туысқандық сезімде болады. Қазақ шежіресінде нағашысына сіңіп, өз алдына бөлек ата болған жиендер туралы дерек мейлінше мол. Жиен нағашысының алдында еркін-ерке болса, нағашысы жиеніне қамқор, тілеуқор болып отырады.
Нағашылы-жиендердің арасында әзіл-қалжың мол болады. Әсіресе, жиен нағашы жұртының кем-кетігін батыра сынаудың неше түрлі үлгілерін қолданады. Бірақ, жиеннің сөзін ауырсыну дәстүрге жат.
Кіндік шеше - айтушының (ер адамға да, әйел адамға да қатысты) туғанда кіндігін кескен әйел. Кіндік шешеге қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - кіндік бала (ер адамға да, әйел адамға да қатысты). Кіндік шешеге қатысты кіндік бала айтатын өздік атау - кіндік шешем, кіндік шешей, тергем атау - шешей, апасы.
Дәстүр бойынша кіндік шешені кіндік бала айрықша сыйлап, құрмет тұтып, сый-сыбағадан, әсте, құр қалдырмайтын болған. Кіндік баланың бойына біткен қылық-қасиетті кіндік шешеге теліп отыратын да үрдіс бар. «Бала кіндік шешеге тартады» дейтін мәтел сөз де осындай наным-сенімге орай айтылған. Өз кезегінде кіндік шеше де кіндік баласын бауырына тартып, «бұл менің балам» деп өзімсініп отырады.
Сирек те болса, өмірлік жағдайға байланысты нәрестенің кіндігін ер адам кессе, оны «кіндік әке» деп атайды.
Бажа - айтушының (ер адамға қатысты) жұбайының әпкесінің немесе сіңлісінің күйеуі. Бажаға қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - бажа. Бажаға қатысты бажа айтатын өздік атау - бажам. Бажаларды жастарына қарай «үлкен бажа», «ортаншы бажа», «кіші бажа» деп айырып атайтын да дәстүр бар.
Мақал-мәтелдер: Бажа бажаны көрсе, басы қышиды; Екі аяқтыда бажа тату, төрт аяқтыда бота тату, т.б.
Балдыз - айтушының (ер адамға қатысты) жұбайының інісі немесе сіңлісі. Балдызға қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - жезде. Балдызға қатысты жезде айтатын өздік атау - балдызым.
Мақал-мәтелдер: Балдыз балдан тәтті, т.б.
Балдыз келін - айтушы (ер адамға қатысты) жұбайының інісінің әйелі. Яғни, айтушының балдызының әйелі. Балдыз келінге қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - жезде. Балдыз келінге қатысты жезде айтатын өздік атау - балдыз келінім.
Қайын бике - айтушының (ер адамға да, әйел адамға да қатысты) жұбайының ағасының әйелі. Қайын бикеге қатысты айтушының өзін айғақтайтын сәйкес атау - күйеу, күйеу бала (ер адамға қатысты), келін, келін бала (әйел адамға қатысты). Қайын бикеге қатысты күйеу мен келін айтатын өздік атау - қайын бикем. Айтушы жұбайының немерелес, шөберелес, әулеттес, аталас жасы үлкен әйел туысқандарын да «қайын бике» деп атайтын дәстүр бар.»
Міне, жоғарыда өздеріңіз көргендей, сұраса келсе қазақтың бәрі бір-біріне туыс болып шығатыны рас. Ендеше Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі айтатын «Бірлігі бекем елді ешқашан жау алмайды» деген ұстанымын жадымызда сақтап, қарға тамырлы қазақ баласы әрдайым бірлікте болып, еліміздің мәңгілік ел болуына үлесімізді қосайық.
Бақытжол Кәкеш