Қазақ халқынан көрген жақсылықты кәрістер ешқашан ұмытпайды - Санг Чеол Ким, Оңтүстік Корея

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өткен ғасырдың отызыншы жылдары кәріс ұлтының бір бөлігі Қазақстанға жер аударылған болатын. Қазақ халқының сол кезде жасаған жақсылығын кәрістер ешқашан ұмытпайды. Бұл туралы «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» жобасы аясында Орал қаласында өткен «Шерлі шежіре аманаты» атты халықаралық форумға қатысқан Оңтүстік Кореядағы Ханкук университеті Орталық Азияны зерттеу институтының профессоры Санг Чеол Ким мәлім етті.
None
None

«Сонау қиын жылдарда Қазақстан жер аударылып келген көптеген ұлт өкілдеріне пана болып, олардың аман қалып, өсіп-өркендеуіне жағдай жасады. Қазақ халқының қонақжай пейілі мен кеңдігінің шапағатын көрген халықтардың ішінде кәрістер де бар. Кәріс халқы - ежелден өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен аты шыққан жұрт. Сондықтан құнарлы қазақ топырағында қазақтан жақсылық көрген бауырларымыз тамырын тереңге жіберіп, мәуелі бәйтерекке айналды. Ел өмірінің барлық саласына белсене араласуда. Қазақ еліндегі ұлтаралық және дінаралық татулықтың тамыры тереңде және одан сайын беки түседі деп ойлаймын», деді ғалым.

Форум барысында Санг Чеол Кимге Елбасы Жарлығымен берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.

Айта кетейік, Орал қаласында «Қазақ халқына мың алғыс!» атты ескерткішті республикада бірінші болып Батыс Қазақстан кәрістері этномәдени бірлестігі орнатқан болатын. БҚО кәрістері этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, еңбек ардагері Анатолий Кимнің сөзіне қарағанда, мұның мәнісі мынада. Сталиннің кесірінен Қазақстан халықтар түрмесіне айналды. Ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен миллиондаған қазақ қаза болды. Орасан зор адам шығынына қарамастан, қазақ халқы күштеп жер аударылған 60-қа жуық ұлттардың өкілдеріне шын жанашырлық көрсетті, соңғы нанымен бөлісті. «Мойындауымыз керек, біз қазақ халқының арқасында ғана тірі қалып, осы бақытты күндерге жеттік. Ол ешбір дәлелді талап етпейтін ақиқат. Қазір қазақстандық әрбір мың кәрістің 80 пайызының жоғары білімі бар. Кәрістерге екінші Отан болған қазақ еліне шын жүректен шыққан алғысымызды білдіру үшін 2012 жылы осы монументті өз қаржымызға орнатқан едік», деді А.Ким.

Соңғы жаңалықтар