Қазақ халқының ежелгі қару-жарақтары туралы не білеміз?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы жыл барша халқымыз бас қосып, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай үлкен мерекенің куәсі болуда. Ғасырлардың ішінде қазақ халқы алуан түрлі жолдардан өтті, яғни қиын кездер де болды, бақытты сәттерді де бастан кешірді. Мінеки, қазіргі заманда Тәуелсіз ел болып, өз басымызға бөлек шаңырақ көтеріп, үлкен елдік шаруаларды тындырып жатқан кезеңдеміз. Тәуелсіздік жылдарының ішінде қазақ халқы ірілендіру, бірігу, елдігімізді кемелдендіру мақсатымен алға басты. Еліміздің қазіргі уақыттағы жағдайына келер болсақ, әлем таныған мемлекетке айналу үстінде, айналамыздағы елдермен салыстырғанда көш басындағы мемлекетпіз. Алдымызда көптеген мақсат-мұраттар тұр, дегенмен жүкті жұмыла көтерудің арқасында қыруар істер тындырылып жатыр. Өйткені біздің ұлы мақсатымыз - «Мәңгілік ел» болу. Осыған орай Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту арқылы әсіресе жастар арасында отансүйгіштікке тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатындығы белгілі.
None
None

Бүгінгі өткізіліп жатқан шаралардың барлығы Қазақстанның іргелі мемлекет екенін, тамырымыз тереңде жатқандығын көрсетіп отыр. Көптеген тарихи-мәдени ескерткіштеріміз жаңғыртылып, қалпына келтірілді. Осы бағыттағы жұмыстардың барлығы тарихымызға қайтадан тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Бұлайша ел болып өз тарихымызға зер салу - келешекке саналы ұрпақ тәрбиелеудің басты шарттарының бірі болмақ.

Ықылым замандардан бері қарай көшпелілікпен өмір сүріп келген қазақ халқымыздың замандар заулаған сайын, қоғамның дамуына ілесе біртіндеп кемелдене түскені белгілі. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ұшы-қиырсыз жері мен елін қорғау үшін есепсіз бодаулар берді. Осынау қилы замандар барысындағы қазақтың мәдениетімен қоса жауға қарсы қолданған қару-жарақтары да біртіндеп түрленіп, кемеліне келе түсті, сол арқылы өзіндік этникалық сипатын қалыптастырды.

Айтпақшы болғанымыз, қазіргі заман ұрпақтарына ел қорғаған бабаларымыздың қолданған көне қару-жарақтарының атын біле жүрсін, сол арқылы туған отанымыз бен төл тарихымызға деген ілтипаты арта түссе екен деген ізгі тілек.

Қазақтың дәстүрлі қару-жарақтары соғысқа арнап баптаған айтұяқ арғымақтарға ыңғайлы ер-тұрман салып мініп, қан майданға кірген кезде ат үстінде ұрыс салуға барынша икемделіп, шұғыл қимыл жасауға ыңғайлы, жеңіл сілтенетін артықшылыққа ие болған. Бұл қарулар нағыз жаужүрек сардарлықты жетілдіру мақсаттарындағы әскери өнер көрсету барысында қалыптасты әрі басқа көршілес халықтардың ықпалымен дами түсті.

Зерттеушілер қару-жарақты екі үлкен топқа бөледі: 1) шабуыл құралдары - қару; 2) қорғаныс жабдықтары - жарақ. Шабуыл қаруларына ер қаруы саналатын бес қару жатады. Бұл қарулар ату, шабу, кесу, түйреу, соғу мақсаттарына қолданылады. Атап айтар болсақ олар: жақ (садақ), қылыш, айбалта, найза, шоқпар деп аталады.

Садақ - ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданылған. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі, т.б. ағаш шыбықтарынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Күрделі садақтың сыртқы бетіне сіңір тартылып, ішкі жағы мүйізбен қапталады, кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады. Қазақ садағының «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ» деген атаулары бар және «жақ», «сарыжа», «сарсадақ» деп те атайды.

Ал садақ оқтарының түрлеріне келер болсақ: жебе, ала білек, көбе бұзар, андіген, қозы жауырын, қасали, ысқырма, кез оқ, томар оқ, тыз оқ, сайгез, бұлың, сұр жебе, қалжуыр, жезайыр, кіріске, жайдар т.б. түрлері бар.

Қылыш - ат үстінде ұрыс жүргізу үшін жеңіл әрі кесіп түсер қару ретінде қолданған. Қазақ қылыштары: алдаспан, наркескен, зұлпықар, жатаған қылыш, қайқы қылыш, тура, тая, сыйырма, жалаң, сапы, семсер қатарлы түрлері кездеседі.

Айбалта - көшпелі халықтар өте ерте заманнан қолдана бастаған соғыс қаруы. Айбалта екі басты немесе балта басының шүйдесі ұзынша келген балға пішінді немесе істік пішінді келетін түрлері бар. Қазақ айбалтасының басына күмістен ою-өрнек салынады.

Найза жақын қашықтықта, бетбе-бет айқаста түйреу мақсатында қолданылатын қару түрі. Найзаның ұзын сапты, екі басы үшкір, сауытты бұзуға арналған түрі - «сүңгі» деп аталады. Ұшының қырлануына қарай найза сегіз қырлы, төрт қырлы деген түрлерге бөлінген. Сынбас үшін сабын тарамыспен орап, темір шығыршықтармен бекітеді. Жалаулы найза, қаратамақ найза, т.б. түрлері бар.

Шоқпар - жаумен бетпе бет келіп немесе қуып жеткенде, яки айқасып өткенде сілтенетін, басы домалақ, сабы ағаш, білезікке өткізіп алуға арналған қайыс бүлдіргесі бар жауынгерлік соғуға арналған қару түрі. Оның сылқетер, сақетер, батық, босмойын деген атаулары да бар.

Міне бұл қазақ халқының бес қару деп аталатын дәстүрлі қару-жарақ түрлері болып табылады. Кешегі өткен ғасырлардағы батыр бабаларымыздың атойлап жауға шапқандағы соғыс құралдарының қыр-сыры мен атауларын білген ұрпақтың серті садақтай, қырпуы қылыштай, айбыны айбалтадай, намысы найзадай, шыдамы шоқпардай боларына сенім кәміл. Елімізді аман, жұртымызды тыныш етіп, бабалар аманатын ұрпақтан ұрпаққа өр сеніммен, биік рухпен жеткізгей!

Бейсен Сұлтанұлы

Соңғы жаңалықтар