Қазақ хандарының заңы Алтайда XX ғасырдың ортасына дейін қолданыста болған

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрынғы көшпелі қазақ елінде даулы мәселелері мен қылмысты істерін шешетін ежелгі әдет заңы, ережесі болғаны белгілі. Міне, осындай көне қазақ заңдарының жалғасы және соңғысы «Төрт би, төренің заң-ережесі» аталған құқықтық ереже жинақ Қытай қазақтарында сақталған.

Үшби
Фото: Коллаж: Kazinform/ DALL-E

Қай елді, қай заманды алсаңыз да, сот жүйесіне қарап, қоғамдағы билік жайы, оның халық мүддесі алдындағы адалдығы туралы баға беруге болады. Дәл осылай саралап қарасақ, қазақ халқының ел басқаруы мен заң шығаруы, сот ісін әділ жүргізуі бағзы замандардан қалыптасқан. Ол көшпенділер тарихының көне дәуірлерінен бастау алады. Қазақтың дәстүрлі құқығы өте құнды рухани мұра. Осы заңдар әлемдегі адами, рухани құндылықтарды бәрінен биік қойған әділеттілікті ту еткен, кемелді заң екеніне көз жеткіземіз. Сондықтан да қазақ қоғамында сот билігі хан билігінен жоғары тұрған.

Дала заңдары жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып отырған. Қазақ хандығының көне заңдарында дауларды мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы деп беске бөлген. Олар көбіне билердің үкімімен шешіліп келген.

Қазақ құқығының ата заңдарына және қайнар көздеріне «Қасым ханның қасқа жолы» (1511 – 1523ж.), «Есім ханның ескі жолы» (1598 – 1628 ж.), Тәуке ханның (1678–1718) «Жеті Жарғы» аталатын заңдарын және біз жоғарда атап өткен «Төрт би, төренің заң-ережесін» (1836ж) жатқызамыз. Хандар заңының соңғысы «Жеті жарғының» толық нұсқасы сақталмаған. Оның үзінділерін К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларынан оқуға болады. Сондай-ақ, дерек көздерінде бұл ескі заң шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді деп жазылған.

Міне, осындай көне қазақ заңдарының жалғасы және соңғысы деп, Қытай мен Моңғолияда тұратын керей тайпасының бір тармағы болып табылатын Абақ керейлер ұстанған «Абақ керей ережесі» немесе «Төрт би, төренің заң-ережесі» аталған құқықтық ережелер жинағын айтуға болады. «Абақ керей ережесі» Моңғолия Ғылым академиясының Тарих ғылыми-зерттеу институтының қорынан табылған. Бұл ереже «Қазақтың әдет-ғұрып құқығының материалдары» атты жинаққа 1996 жылы алғаш рет енген. Ал Қытай жерінде аталған заңнаманың төте жазумен 1949 жылы жазылған нұсқасын тарихшы Елбол Райханұлы зерттеп, сақтаған. Бұл ескі заң-ереже қазақтың әдет-ғұрыптары мен шариғат қағидаларына негізделіп жасалған. Заң 17 тармақтан, 35 баптан тұрады.

Ендеше, осы заңның шығу тарихына қысқаша шолу жасай кетейік. Қазақтың ежелден бері көшіп-қонып тіршілік еткен кең байтақ даласының бір шеті қазіргі Қытай териториясындағы Алтай жері. Бұл мекенге қазақтар соңғы рет Абылайхан заманында XVIII ғасырдың орта тұсынан бастап көше бастаған. Осылай Алтайға барған ел қазақтың басқа ұлыстарынан бөлек, хан ордаларынан алыстауына байланысты және өздерінің елдік орнын жоғарылатып, басқа ұлыстармен терезесін теңестіру үшін керейдің Тауасар биі бастаған алпыс адам, Шыңғыс ұрпағы Әбілпейіз сұлтанға бір баласын керей руына төре етіп беруін сұрай барады. Әбілпейіс екінші әйелі Тұмар ханымнан туған Көгедайды беруге қосылады.

Осыдан кейін, 1790 жылы керей руының билері Алтай өңірінің Қытай империясының ықпалындағы жер болуына байланысты, Бейжіңдегі Мәнзу (Ежен хан) хандығына елші аттандырып, Көгедайға «Гөңдік» шен алып береді. Ал, 1820 жылы Абақ керейдің билеушісі Көгедай қайтыс болғаннан кейін, орнына баласы Ажы төре сайланады. Бірақ, Ажы ел басқаруда әкесіндей алымды болмаған. Сондықтан 1836 жылы үлкен ұлысқа айналған, 12 ата Абақ керей руын жалғыз төренің басқаруға шамасы жетпегендіктен, ру ішінен төрт би сайлауды мақұлдаған. Осыдан бастап Алтай қазағын бір гүң мен оның қол астындағы төрт би басқарып тұрды. Оларды қазақтар «Төрт орын» деп атады.

Өлкетанушы, шежіреші Бидахмет Мұқайұлынының зерттеу еңбегінде, осы би сайлаумен бір уақытта, 1836 жылы ежелгі қазақ хандығының заңдары «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Тәукенің жеті жарғысын» негіз етіп «Төрт би, төре заңы» деген атпен заң-ереже жасаған. Әйтсе де, «Төрт би төре заңының» негізі «Жеті жарғыдан» алынғанмен, бұл заңнама Абақ керейдің сол кездегі ішкі жағдайына, дәуір талабына сай өзгеріске ұшыраған, жетілдірілген заң болған. Зерттеушілер, «Төрт би төре заңы» қазақтың ата заңдарының ішінде төре мен қарашаның арасына жарықшақ түсірмей, ақсүйек пен қарапайым жұртшылықты «теңдік» принципіне жүгіндірген тұңғыш заңнама деп бағалаған.

Цин патша үкіметі қазақ қауымына кеңқолтық мәміле жасағандықтан, олардан шекараны қорғап, орнықтылықты сақтау, мемлекет қарастылығына тән үлкен жақтағы мәселелерді орындауды ғана талап етіп, қазақ қауымының ішкі істеріне араласпаған. Сондықтан да Абақ керей ұлысы ұзақ жылдар бойы өз руы ішіндегі ердің құнынан бастап, елтірі дауына дейінгі даулы мәселелерді шешуді, қоғамдық қарым-қатынастар мен ел басқаруда ескі қазақ хандарының заңдары мен «Төрт би, төре заңдарын» заң өлшемі етіп қолданып келген.

Бидахмет Мұқайұлының дерегінше, Абақ керей тайпасының 1949 жылы Қытайда коммунистік түзім орнағанға дейін «Төрт би, төре заңына» жүгініп келгені айтылған. Яғни, «Төрт би, төре заңы» Алтай қазақтарының ғасырдан астам уақыт қоғамдық қатынастарын реттеп келген. Демек, бұл заңнаманы баға жетпес тарихи жәдігер деп бағалағанымыз абзал.

Атадан балаға қалып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан шежірелік жазбалардың дерегі мен қазақ халқының күнделікті тұрмысында қалыптасып, жалпы жұрт мойындап, ұзақ уақыт атқарылып келген «Төрт би, төренің заң кодексінің» жүлгесін жинақтап, оны мынадай тоғыз мазмұнға бөлген:

1. Кісі өлтіру, тонаушылық, ұрлық, адам ұрып зақымдау, біреуді аяқасты етіп қорлау қатарлы қылмысты істерге қатысты ережелер.

2. Құн беріп құн алуға қатысты белгілемелер.

3. Жер дауына қатысты белгілемелер.

4. Жесір дауына қатысты белгілемелер.

5. Отбасы-некеге қатысты белгілемелер.

6. Мұрагерлік, еншіге қатысты белгілемелер.

7. Күнделікті тұрмысқа қатысты ережелер.

8. Алым-салық өлшемдері

9. Айырбас малдың құн өлшемдері.

Біз төменде осы «Төрт би, төре заңында» жазылған заң-ережелердің бір бөлімін оқырманға ұсынамыз.

Бұл билер заңында адам өлімі құн төлеу арқылы бітетін болған. Қанға қан алу деген түзім түбегейлі күшінен қалған. Ердің құны 200 жылқы, әйелдің құны 100 жылқы деп белгіленген. Құнның қақ жартысы «айтылуда бар, алынуда жоқ» керейдің үлесіне кететін болған. Оның мәні Абақ керейдің бір руының адамын енді бір рудың адамы өлтірсе, құнды тек құныкер ру төлейді. Басқа керейлер құн төлеуге қатыспайды әрі құннан үлес ала алмайды дегендік еді.

Егер адамды бура шайнап, бұқа сүзіп, ат теуіп өлтірсе сол малдың өзін алады. Оған басқалай құн төленбейді. Киіз үйге ат байлағанда, есікке жақын жерге байланып, ол ат баланы теуіп өлтіріп немесе жарақаттаса, ат иесі құн төлейді. Ал ат белгіленген орынға байланып тұрса оған ат иесі жауапкершілік алмайды. Ұзатылып барған қыз біреуді өлтірсе, төркіні құн төлейді. Ал, ұзатылып барған қызды біреу өлтірсе, сүйек иесі, яғни төркіні құн алады.

Өз аға-інісін не баласын, әкесін өлтірсе бұндай жағдайда өз еліне сүйек құнын төлейді. Егер екіқабат әйел басқа біреудің кесірінен бала тастаған, бала іште қозғалған болса, себепкер адам он қой, бес ірі қара мал төлейді.

Егер бір адам ұрлық әрекетті қоймай қайталай берсе, оның ағайындары мен туыс рулары «бұл өлсе құнсыз – сатса пұлсыз, кісі өлтірсе құн бермейміз, кісіден өлсе құн алмаймыз» деп жариялап тастайды. Бұндай адамды халық «шығыннан шыққан» деп атайды. Шығыннан шыққан ұры тонаушылық үстінде ұсталып қалып, дүреден өлсе, оған құн даулауға болмайды.

Шаңырақта ұл бала әулет мал-мүлкіне мұрагерлік етеді. Егер үйдің ері де, әйелі де қайтыс болып, артында ұл бала жоқ болса, қыз шаңыраққа иелік етеді. Ұзатқан қыз қалса, отағасының бірге туған-туыстарымен мал-мүлік тең бөлініп, қызы малдан бір үлес артық алады. Ал артында туыстары жоқ болса, ер адамның жеті атаға дейінгі туыстары мұрагерлік етеді. Әйелдің туған-туыстары төркінінен мініп келген аты, артып келген түйесі, жасауына шақтап мұра алады. Әдеттегі жағдайда қызға енші бөлінбейді. Ұзатылған қыз әке-шешесінен қалған киім-кешек үй мүлкінен алуына болады. Өйткені ұзатылған қыз төркіндеп келген жолы төркінінің әл-ауқатына қарай енші алатын салты бар. Әуелі ұзатылған қыздың өлгенде өлгенде оранатын кебіні мен иман киізіне дейін дейін төркіні береді.

Үлкен-кішілі ру басылары өз басқару көлеміндегі ру адамдарының бас амандығын, абыройын қорғауға және тосын апаттарға тап болған, жауға шабылып, ауыр халге душар болғандарға елден жылу жиып көмектесуге міндетті. Жанашыр жақын асырап сақтар баласы жоқ кәрі не мүгедек адам болса оны асырап бақтыруы керек. Егер басқа басқа ру, басқа ұлт адамы баспана тілеп келсе, бас амандығын қорғауға, тұрымысына көмектесуге жауапты. Егер бұндай адамдар өздері сол рудың адамы болуға риза болса, оны сыртқа теппей өз руымыз деп есептеп, кісі өлтірсе құн төлеуге, кісіден өлсе құн алуына болады.

Қайсы ұлт, қайсы рудың адамы болсын, үлкен адам болса жастар сәлем беріп, атын ұстап түсіріп, есік ашып үйге кіргізеді. Үй иесі төр алдына сырмақ салып, қолына су құйып, тамақ беруге, қонақ аттанар кезінде атты көлденең тартып, қолтығынан көтеріп аттандыруға міндетті. Қонған қонаққа қонақасы беру қазақта бөлінбеген енші есептеледі.

Түзу мылтық, жүйрік ат, қыран бүркіт ер-жігіттің жігерін ұштап отырады деп қарап, бұларға қатысты мына ережелерді белгілеген. Бір рудың жақсы атын ұрласа, оның төлемі бес бесті, бүркіт ұясы кімнің жерінде болса, бүркіттің балапанын сол алады. Ұядан алған түз бүркіті қашып кетіп, оны біреу тауып алып, иесі іздеп келіп таныса, егер тауып алғанына жеті күн толса, бүркіт тауып алған адамға беріледі. Жеті күн толмаса, бұрынғы иесіне қайтарылады. Қыран бүркітті біреу қастандықпен өлтірсе, бүркіттің қырандығына қарай бағалап, оны өлтіруші құн төлейді. Бүркіттің құны атан түйеге тең.

Аң байлау жолы. Саятшының құсы түлкіні алып жатқанда, мерген аң атып алған уақытта кездескен жасы үлкен адамға, аңшы сол аңды байлауға міндетті. Егер байламай кетсе, қазы алдында даулауына болады. Егер алған аңын аңшы қанжығасына байлап қойған болса, оны шешіп алып, екінші адамға байламайды. Інге кірген аңды байламайды. Үйткені інге кірген үйге кіргенмен бірдей деп қарайды...

Міне, осы секілді көптеген заң, ереже, түзімдер Алтай жерін мекен еткен Абақ керей тайпасында XX ғасырдың ортасына дейін қолданылып келген.

Соңғы жаңалықтар