Қазақ хандығы тұсында сауда-саттық қалай дамыды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — ХVІІІ ғасырда қазақтардың Ресеймен сауда жасайтын негізгі орындары шекара шебіндегі Орынбор, Троицк, Петропавл, Омбы, Семей және Өскемен болды. Қазақ хандығы мен Ресей саудасы жайында Kazinform тілшісіне Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Орынбаева айтып берді.  

тарих
Фото: Midjourney

Қазақ-Ресей және трансазиялық сауда

— Ғасырлар бойы Қазақстан аумағы арқылы трансазиялық сауда жолдары өтті, ал шекаралық аймақтар белсенді халықаралық сауда-экономикалық өзара әрекеттесу орнына айналды. Дәстүр бойынша көшпелі қазақтардың өзі басқалармен айырбас және сауда-саттық жүргізді, олар сөзсіз мүдделі еді. Сондай-ақ олар далалық аймаққа іргелес елдер арасындағы керуен саудасында делдал қызметін атқарып, түрлі қызметтер көрсетті. XVIII ғасырда өлкеде қазақтар, жоңғарлар, Ресей, Орталық Азия халықтары, Цин империясы және тағы басқа елдер арасында тауар айырбастау базарлары жұмыс істеді, — дейді тарихшы.

Гүлмира Орынбаеваның айтуынша, Ресейдің отарлық саясатының көздеген мақсаты сауданы дамыта отырып, қазақтарды Ресей нарығына тартумен қатар, болашақта қазақ даласы арқылы, Орталық Азияға және Қытай мен Үнді елдеріне жету еді.

— Орыс нарығы қазақтар мен басқа да көшпелі халықтар үшін бұрыннан ерекше тартымды болатын. Ресей үкіметі мен өлкенің көшпелі тұрғындары сауда қатынасын кеңейтуге бірдей құштар болды. XVIII ғасырда Ресейдегі өнеркәсіптің дамуы саудагерлер арасында коммерциялық белсенділіктің артуына әкелді және Ресей мемлекеті меркантилизм саясатын жүзеге асыра бастады. Бұл жағдайда жас империяның экономикалық мүдделері оның геосаяси стратегиясына сәйкес келді. Ресей нарығына қазақ даласындағы төрт-түліктің өнімдері қажет болды. Бұл кезеңде Ресейдің Қазақстан территориясын саудалық отарлауы үкіметтік отарлаудан асып түсті. Ресей шығыс елдерімен — Орталық Азия мемлекеттерімен, Қытай және Үндістанмен ұзақ уақыт бойы қарқынды сауда жасауға ұмтылды, олардың жолы қазақ даласы арқылы өтеді. XVIII ғасырдың екінші жартысында. Ресей үкіметі Азия халықтарымен және мемлекеттерімен қарым-қатынасты дамытуға көбірек көңіл бөле бастады. Император Петр үшіншінің 1762 жылғы 28 наурыздағы жарлығында Шығыспен, атап айтқанда Үндістанмен сауданы дамыту қажеттілігі айтылған. Осылайша, Ресей экономикасын нығайтпақ еді, — дейді ол.

тарихшы
Фото Гүлмира Орынбаеваның жеке архивінен

Тарихшының айтуынша, сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі де Ресейдің аймақта топтасуының маңызды факторы болды.

Ресей үкіметі бодандық қабылдаған дала билеушілеріне әртүрлі материалдық игіліктерді сыйға тарту үшін өз жері арқылы өтетін керуендерді тонаудан қорғауды міндеттеді.

Тауар өткізудің негізгі орындары — Ресейдің шекаралық аймақта салған Орынбор, Троицк, Петропавл, Омбы, Семей және Өскемен бекіністері болды. Бұл бекіністердің саудагерлері мен тұрғындары арасында айырбас саудасын білдіретін «сатовка» ұғымы кең таралған.

— Қазақтармен сатовать ету — айырбас саудасын жүргізді. Бұл қазақтың «сату», яғни сауда деген сөзінен шыққан. Дала тұрғындарымен сауда-саттыққа орыс көпестерінен басқа шекаралық округтердің шаруалары да қатысты. Ресейдің көтермелеу саясатының арқасында қазақтар арасында сауда кең тарай бастады. 1747 жылы Сыртқы істер алқасының қаулысымен қазақтарға өз өнімдерін бажсыз сатуға рұқсат етілді. Халықаралық сауда қатынастарының кеңеюі қазақ халқына да белгілі бір жеңілдіктер әкелді. Дала ақсүйектерінің өкілдері өз жерлерін басып өтетін сауда керуендерінен алым-салық жинаса, қарапайым малшылар жүк тасушы немесе қарауыл ретінде жалданған. Әрине, қазақтар халықаралық шекаралық сауданың белсенді қатысушыларына айналды, — дейді спикер.

Дегенмен, айналымдағы ақша қазақтарда аз еді. Сауда бiрлiгi iсек қой саналды. Ресей саудагерлері аз уақыттың ішінде-ақ байып шыға келді.

Қазақтар саудаға мал, ет өнімдерін, тері мен жүнен жасалған бұйымдарды шығарды. Ресейден әкелінген тауарлардың негізгі бөлігін нан, жарма, металл және тоқыма бұйымдары, иленген былғары құрады. 

Қазақ-орыс саудасы негізінен айырбас арқылы болды, өйткені қазақтарда ақша айналыста жоқтың қасы. Баламасы — аймақтағы тауар құнының өлшемі — жыл мезгіліне және сұраныс деңгейіне сәйкес болды. Мысалы бір тоқты.

— Сауда бастапқыда отаршылдық бағытта болды. Тауарларды айырбастау көбіне әділетсіз болды: Мысалы, шамамен 75 тиын тұратын 18 метр кенеп матаға орыс саудагерлері дала тұрғындары үшін жылқы мен өгіздің бағасын белгіледі, кейін олар Ресейде 12-15 рубльге қайта сатылды. Сондай-ақ, 1 шойын қазанға көпестер бір жылқы сұрайтын. Нан саудагерлері қазақ сатып алушыларын жиі алдап кететін. Кейін Орынбор билігі қазақ зиялы өкілдерінің шағымдарынан кейін көшпенділердің сеніміне қиянат жасаған көпестермен күресуге тырысты. Ресей өнеркәсібі үшін қазақ даласындағы төрт- түлік табыс көзіне айналды, — деп атап өтті маман.

а
Фото: Midjourney

Орынбор — Ресей мен қазақтар арасындағы сауда орталығы 

Орынбор қазақ-орыс және трансазиялық сауданың маңызды орталығына айналды. 1743 жылы Жайық өзенінің сол жағалауындағы осы бекіністің жанында қазақ және ортаазиялық көпестермен сауда жасау үшін айырбас алаңы салынды.

Жергілікті қазақ халқы оны «ақ базар» деп атаған. Бұл төртбұрышты кірпіш құрылыс болды (қабырғаның әр жағының ұзындығы 430 метр). Ішінде дүкендер мен қоралар орналасқан. Онда ерте көктемнен қоңыр күзге дейін қызу айырбас саудасы жүретін.

— Орынбордағы айырбастау алаңында сауда кезіндегі тәртіпті күн сайын офицер басқарған солдат ротасының қарауылы бақылады. Қазақтар ірі қара, қой, жылқы, түйе, ешкі, жүн, киіз, тері саудалады. Орыс көпестері мақта және барқыт маталар, шай, қант, самаурын, фарфор және қыш ыдыстар, темірден, шойыннан, мыстан, шыныдан және ағаштан жасалған бұйымдар әкелді. Орталық Азиядан қалаларға мақта, жібек матасы және мақтадан жасалған шапандар, кілемдер, кептірілген жемістер, пісте, былғары, аң терісі, ер-тұрман, жүгендер жеткізілді. Ресей мен дала арасындағы тауар айналымының ұлғаюы, жалпыресейлік нарыққа біртіндеп араласуы қазақ қоғамындағы әлеуметтік-мәдени өзгерістерге әкелмеуі мүмкін емес еді. Біріншіден, Ресей әкімшілігі мен кәсіпкерлер ұйымдастырған айырбас алаңдарына, жәрмеңкелер мен базарларға шекаралық аймақта тұратын қазақтар белсенді түрде барды. Екіншіден, көшпелілер нан жеуге көбірек дағдылана бастады, бұл орыс әкімшілігін де қызықтырды: астық саудасын ынталандыру үшін тіпті «қырғыз хандары мен сұлтандарына қазынадан нанды тегін беруді бұйырды. Сол тамаққа үйренсін деген оймен, — дейді тарихшы.

Орта жүз қазақтары мен Ресей арасындағы сауданың дамуы

Орта жүз қазақтарының Орынборға жетуі қиын болды. Сондықтан оларға 1745 жылы Орск бекінісінде сауда жасауға рұқсат етілді.

Гүлмира Орынбаеваның сөзіне қарағанда, Ресеймен сауда жасауды жігерлі жақтаушылардың бірі Абылай сұлтан болды. 1745 жылы ол Сібір билігіне Ямышевская бекінісінде базар ашу туралы өтінішпен жүгінеді.

1743 жылы 10 қарашада Абылай Коркин комендантына оның тұрғындарымен сауда жасауды қалайтыны туралы хат жазды.

Сонымен қатар, Абылай сұлтан Новоишимская және Новолинейный әскери шекаралық бекіністер аймағында осындай көптеген «сатовкалардың» ашылуына бастамашы болды.

1750 жылы қазақтар Троицктегі саудаға қатыса бастады. Мұнда сауда жасау үшін Мәскеу, Қазан, Тула, Ростов, Ярославль, Воронеж, Курск, Түмен және басқа қалалардан көпестер келді.

1759 жылы Абылай сұлтанның арқасында Петропавл бекінісінде қысқы сауда ұйымдастырылды. Мұнда мал мен мал өнімдерінен басқа қазақтар тұзды белсенді түрде сатты.

а
Фото: Midjourney

Трансазиялық сауда 

Абылай хан Ресей мен Қытай шекараларындағы қалалардың қазақтарға сауда үшін ашық болуына, жәрмеңкелер ұйымдастыруға көп үлес қосты.

Бір ғасыр бойы дала халқы мен шекаралас Азия елдері арасындағы белсенді сауда жалғасты. Өткізу нарығын кеңейтуге және Орталық Азия аймағындағы ықпалын күшейтуге мүдделі Ресей де шекаралық сауданы кеңейтуді жақтады.

Жоңғар шапқыншылығынан кейін жоңғар саудагерлерінің орнын қытай көпестері басып алды.

Орта жүз қазақ малшылары Қытай қалаларына жылқы сатуға бара бастады. Қытай үкіметі өз әскері үшін жылқы сатып алуға мүдделі болды, бұл жылқылардың Қазақстандағы құны Моңғолия мен Шығыс Түркістандағыдан екі есе арзан.

— Цин империясы Ресей үкіметі сияқты сауданы шекаралық аймақта өз ықпалын күшейту құралы ретінде қарастырды. Қазақстан Қытайдың қолөнер бұйымдары мен шайының негізгі нарығы болды. 1758 жылы Абылай сұлтанның бастамасымен Үрімжі қаласында қазақ пен Қытай арасындағы сауда басталды; Одан кейін қытайлар қазақтардан 300-ге жуық жылқы сатып алып, екі ел арасындағы тұрақты сауда-саттықтың басталуын көрсетті. Бұрынғы Жоңғар жерінде сауда жүргізілді. Қытайдан келген саудагер ретінде тек әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер ғана әрекет етті. Қытайдың бірде-бір қарапайым халқы болған жоқ. Қытай тарапы монополиялық төмен баға белгіледі. Оның үстіне қытайлықтар сапасыз тауарларды саудаға шығарып, қазақ саудагерлерінің наразылығын тудырды. Тек Абылай ханның араласуынан кейін сауда шарттары қайта қаралды, — деп атап өтті Гүлмира Орынбаева. 

Оның айтуынша, жалпы, көрші елдермен, халықтармен сауда-саттық қазақ қоғамы үшін тиімді болды.

XVIII ғасырда шекаралас елдермен сауда қазақ қоғамының дамуына үлес қосты. Яғни оның нарыққа араласуына, экономикалық және әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне ықпал етті.

— Күнделікті тұрмыста жаңа тұрмыстық заттар пайда болды — ресейлік және азиялық қолөнершілер мен мануфактуралардың дайын бұйымдары мен жартылай дайын өнімдері: маталар, арматура, металл бұйымдары, зергерлік бұйымдар және тағы басқалары. Шекаралас дала қазақтары нанды көбірек пайдалана бастады. Сауда елдер арасындағы мәдени алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, дереккөздер көрсеткендей, сауда отаршылдық сипатқа ие болды, өйткені дала тұрғындарының негізінен орыс және қытай көпестерімен тең емес алмасуы басым болды. XVIII ғасырда шекаралас халықтармен сауда қатынасы қазақ қоғамының жағдайын және сол кезеңдегі геосаяси тенденцияларды көрсетті. Қазақтар трансазиялық нарыққа көбірек тартылды, — деп түйіндеді Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Орынбаева.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Қазақстан тарихының жаңа көптомдығы биыл дайын болатынын хабарлаған едік.   

Соңғы жаңалықтар