Қазақ хандығындағы құрылтайдың рөлі
Дала демократиясының институты ретінде қалыптасқан құрылтай көшпелі мемлекеттерді басқаруда шешуші рөл атқарды. Ол ортақ мәмілеге ұсынып, биліктің заңдылығын бекітіп, ел біртұтастығын қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда осы тарихи дәстүрдің Ұлттық құрылтай форматында қалай қайта жаңғырып жатқанын Kazinform агенттігінің тілшісі тарихшы мамандармен бірге талдап көрді.
ҚБТУ қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Жұмаділдің пікірше, құрылтай дала демократиясының маңызды бір көрінісі. Оның тамыры сонау алғашқы қауымдық құрылыс кезінен басталады.
– Тайпаның, елдің өміршеңдігімен байланысты маңызды мәселелер сол құрылтай жиындарда шешілетін. Сақ, ғұн, үйсін дәуіріндегі алғашқы мемлекеттік құрылымдарда құрылтай жиналыстары басқару жүйесінің бір бөлігіне айналды. Онда соғыс, тайпалар арасындағы шекара, жайылымдарды пайдалану мен егін егу, егістікті суару жұмыстарын ұйымдастыру сияқты маңызды мәселелер қарастырылды, - дейді Арман Жұмаділ.
Сақ тайпаларындағы құрылтайдың алғашқы көрінісі ретінде «әскери демократия» — ортақ ру-тайпалық жиындар болды. Ал, ғұндар болса әртүрлі 24 тайпаның басын құраған ірі мемлекет еді. Солардың ішінде үйсін, Енесай қырғыздары, юечжилердің бір бөлігі, дала және орман тайпалары кірген. Осындай жағдайда ғұн мемлекетінің құрамына кірген түрлі тайпаның мүддесі сол тайпа өкілдері қатысқан жиында мемлекет басқару жүйесінің бір құрылымына айналды. Біз білетін көшпелі мемлекеттің негізгі белгілері осы ғүн дәуірінде қалыптасып, құрылтай жиналысы дүниеге келді.

Тарихшының айтуынша, түркі-моңғол дәуірінде құрылтайлар тоқтаған жоқ, қайта жанданып жетіле түсті. Бұрынғы жер-су, жайылым, соғыс пен бітім мәселелерімен қатар Еуразиялық империяға айналған далалық мемлекеттер империя құрамына кірген елдерден алым-салық жинау, сауда-саттық, керуен жіберу сияқты мәселелер қарала бастады. Құрылтайға қатысқан өзге халық өкілдері өз еліне қабылданған жаңа жарлықтар мен заңдардыды ала барды.
– 1206 жылы бүкіл моңғол құрылтайында Шыңғыс ханды ақ киізге көтеріп хан сайласа, 1269 жылғы Талас құрылтайы — Моңғол империясының ыдырауын заңдастырып, Жошы, Шағатай ұлыстары мен Моғолстан сияқты дербес мемлекеттердің пайда болуына жол ашқан тарихи жиын. Сонымен қатар, сол құрылтай тонаушылықты тоқтатып, салық жүйесін ретке келтіру арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға бағыт берген маңызды оқиға болды, - деп түсіндірді Арман Жұмаділ.
Оның бұл пікірін тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Эльмира Телеуова да қолдайды.
– Құрылтай, сөзсіз, түркі-моңғол мемлекеттеріндегі өкілді органдардың ең ерте әрі ең танымал түрі болып табылады. Осы мәселені ғылыми тұрғыда зерттеген профессор Тұрсын Сұлтанов атап өткендей, бастапқыда құрылтай көне түріктер мен моңғолдардың тек «тайпалық жиналысы» болған, алайда уақыт өте келе ол ақсүйектердің, яғни басқарушы топ өкілдерінің жалпыимпериялық жиналысына айналды.Құрылтайдың құрамы бізге «Құпия шежіре», Жувейнидің «Әлемді жаулап алушының тарихы» және Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағы» сияқты еңбектер арқылы жақсы белгілі. Осы деректерге сүйенсек, құрылтай құрамына хан әулетінің өкілдері (жұбайлары, қыздары мен күйеу балалары қоса алғанда), жергілікті ақсүйектер және бүкіл мемлекеттің мүддесін білдірген жоғары әскери қолбасшылар кірген, - дейді Эльмира Телеуова.

Қазақ хандығындағы құрылтай
Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жарылқасын Жаппасовтың пікінше, құрылтай көшпелі мемлекеттіліктің саяси негізін қалыптастырған аса маңызды институттардың бірі болды.
– Қазақ хандығы кезеңінде ол ел тағдырын айқындайтын ірі мәселелер талқыланатын, биліктің заңдылығы мойындатылатын, соғыс пен бітім секілді шешуші шешімдер қабылданатын жоғары деңгейлі кеңес қызметін атқарды. Құрылтайдың мәні тек «жиналып шешім шығару» емес, қоғамды тұтастырып ұстап тұратын ішкі тепе-теңдік механизмінде де жатыр: ру-тайпалық құрылым жағдайында тұрақтылық бір орталықтың бұйрығымен емес, мүдделерді үйлестіру, беделді топтардың ортақ мәмілеге келуі арқылы қамтамасыз етілетін. Сол себепті құрылтайға тек сұлтандар ғана емес, билер, батырлар, ықпалды ру басылары мен ақсақалдар да қатысып, шешімдер кеңесе отырып қабылданды, - дейді Жарылқасын Жаппасов.
Мұндай кеңес хан билігін әлсірету үшін емес, керісінше қоғамдағы бөлшектенуді тежеп, үш жүз бен ірі тайпалардың ұстанымын ортақ арнаға түсіріп, дау-дамайдың ұлғаюына жол бермейтін келісім алаңын қалыптастыру үшін қажет болды. Құрылтай барысында әр тараптың мүддесі тыңдалып, ортақ шешім мәміле арқылы бекітілетіндіктен, ол көшпелі қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға және басқару мәдениетін орнықтыруға мүмкіндік берді.
– Сыртқы қатер күшейген кезеңдерде құрылтайдың біріктіруші рөлі тіпті айқын көрінді: жаугершілік жағдайда әр ру-тайпаның жеке-дара қимылы әлсірейтіндіктен, күшті шашыратпай, ортақ жоспарға бағындыру, біріккен әрекетті үйлестіру қажеттігі алдыңғы орынға шықты. Қорыта айтқанда, құрылтай Қазақ хандығының саяси жүйесінде билікті заңдастырған, ірі әлеуметтік топтардың келісімін қамтамасыз еткен және сыртқы қауіп кезінде елді жұмылдырған шешуші институт болды; ол көшпелі мемлекеттіліктің табиғатына сай қалыптасқан басқару мәдениетінің өзегі еді, - деп санайды Жаппасов.

Құрылтай қашан өтті
Арман Жұмаділдің айтуынша, қазақ хандығы дәуірінде құрылтайдың классикалық түрі қалыптасты. Қазақ хандығындағында хан кеңесімен қатар құрылтай жиындар өтіп тұрды. Онда мемлекеттік деңгейде қордаланған басты мәселелер: мемлекет басқару, ел бірлігін нығайтып қазақ жерін біріктіру, жауларға қарсы күрес ұйымдастыру, заңдар қабылдау (Жеті жарғы) сияқты мемлекеттік дәрежедегі мәселелер қаралып талқыланды.
Құрылтайлар қажетінше шақырылып, кем дегенде жылына екі рет өткізіліп тұрды — қыстан шыққан соң және қыстауға көшкенге дейін. Оған сұлтандар, барлық ру-тайпа көсемдері, билер мен батырлардың қатысты.
— Тарихта жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру мақсатында өткен атақты құрылтайлар туралы мәліметтер сақталған. 1710 жылы Қарақұм құрылтайы, 1726 жылы Ордабасы құрылтайы, сондай-ақ Әз-Тәуке хан тұсында «Жеті Жарғы» қабылдаған Күлтөбе құрылтайы өтті. Сол заманнан бері бізге «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз тіркесі жетіп отыр, - дейді Арман Жұмаділ.
Жарылқасын Жаппасовтың пікірінше, құрылтай хан сайлау арқылы билікті заңдастыру қажет болғанда, сыртқы қауіп күшейгенде немесе бүкіл елге ортақ ірі саяси шешім қабылдау міндеті туған жағдайда шақырылды.
Мәселен, 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы жоңғар қатерінің өршуімен байланысты ұйымдастырылса, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайы «Ақтабан шұбырындыдан» кейін үш жүздің күшін біріктіруі өмірлік қажеттілікке айналған аса ауыр кезеңде өтті.
– Құрылтай өтетін орын да кездейсоқ таңдалмаған: ол көбіне Ұлытау, Түркістан, Ордабасы секілді халық санасында киелі әрі символдық мәні бар кеңістіктермен байланыстырылды. Мұндай орындардың таңдалуы қабылданатын шешімнің қоғамдық салмағын арттырып қана қоймай, оны рухани тұрғыдан да бекітіп, көпшілік санасында заңдылық ретінде орнықтыруға қызмет етті, - деп түсіндіреді тарихшы.
Шешім қабылдау да қазіргі түсініктегі ресми дауыс санаумен жүрмеді. Құрылтайда мәселе ашық талқыланып, әр тарап өз уәжін айтты; ақыры тоқтам бедел, тәжірибе, сөздің өтімділігі және елді соңына ерте алатын ықпалды адамдардың келісімі арқылы бекіді.
– Сондықтан шешім бір ғана адамның немесе бір ғана топтың қолында болды деу дұрыс емес. Хандық билік төрелерге тән болғанымен, ханның беделі мен пәрмені билердің, ру басыларының және соғыс ісінде батырлардың қолдауына сүйенгенде ғана орныққан. Яғни құрылтайдың түпкі нәтижесі жеке әмір ретінде емес, елдің игі жақсылары бас қосып, сөз жарыстырып, ортақ тоқтамға келгеннен кейін ғана «ел ұйғарымы» түрінде танылған, - дейді ХИТУ кафедра меңгерушісі Жарылқасын Жаппасов.

Құрылтайға кімдер қатысты
Эльмира Телеуова қазақ даласындағы хандық билікке қатысты соңғы құрылтай Абылай ханды хан көтерген жиын болғанын айтады. XIX ғасырдағы орыс шенеунігі Алексей Левшин Абылай ханның билікке келуін қазақтың дәстүрлі құрылтайы мен хан көтеру дәстүрі аясында сипаттайды.
– Ол бұл оқиғаны қазақ қоғамындағы заңды әрі көне саяси рәсім ретінде бағалайды. Левшиннің сипаттауы бойынша, Абылай 1771 жылы үш жүздің өкілдері қатысқан жалпы халықтық келісіммен хан болып танылды. Хан көтеру ашық далада, көпшілік алдында өтті — бұл биліктің жария және заңды екенін көрсететін белгі болды. Абылайды ақ киізге отырғызып, жоғары көтеру рәсімі орындалды — бұл түркі-қазақ дәстүріндегі хандық биліктің символы. Билер, сұлтандар мен батырлар оның хандыққа лайық екенін ерлігімен, ақылымен, ел алдындағы беделімен негіздеді.Сонымен қатар, Левшин үшін Абылай — жай ғана хан емес, қазақ халқының саяси тұтастығын уақытша болса да қалпына келтірген тұлға. Ол Абылайды қазақтар арасынан шыққан ең көрнекті әрі ықпалды билеушілердің бірі деп бағалаған, - дейді Телеуова.
Оның айтуынша, құрылтай белгілі бір үміткерді хан тағына отырғызуға байланысты формалды рәсім болған жоқ. XV–XVIII ғасырлардағы мемлекеттерде құрылтай институты мемлекетаралық мәселелерді шешетін орган болғаны анық.
Жарылқасын Жаппасов құрылтайға ел ісінде салмағы бар, жауапкершілік көтеретін топтардың өкілдері шақырылғанын айтады. Ең әуелі хан мен сұлтандардың қатысуы заңды еді, өйткені хандық билік төре әулетімен байланыстырылып, ел басқару ісі осы әулеттік мәртебемен ұштасқан.
Сонымен қатар ел ішіндегі дау-дамайды шешіп, жұртты құқықтық тәртіппен ұстап тұрған билер, жаугершілік кезде қол бастап, жасақ ұйымдастырған батырлар мен қолбасшылар, ру-тайпа басылары, ықпалды ақсақалдар құрылтайға келетін негізгі күш саналды.
Кей тұста ханның қасында жүріп, елдік іске сөз қосатын жыраулардың да ықпалы болғаны белгілі: олар жұрттың көңіл-күйін, елдің мұратын сөзбен түйіп, бірлікке шақыру, ханға бағыт көрсету сияқты қызмет атқарған.
Тарихшының айтуынша, жыраулар мен батырлардың елдік басқосуларға араласуы мұндай тоқтамдар тек биліктің ішкі ісі болып қалмай, ол жұртқа түсінікті болып, ортақ мақсат ретінде орнығып, соңынан нақты қимылға ұласуы керек еді. Осы тұста жырау мен батырдың орны ерекше.
Арман Жұмәділдің айтуынша, әсіресе XVIII ғасырдың басында жоңғар шапқыншылығының салдарынан қазақ халқыны бытырап, тағдыры қыл үстінде тұрған кезде құрылтайдың салмағы артты. Қарақұм құрылтайында Шекті Бөгенбай «жаудың қолында құл боп азап өмір сүргенше сол жаумен шайқасып еркін адам боп өліп кеткен арты» деген сияқты өзінің жалынды сөздерімен халықтың рухын көтеріп күреске шақырды. Содан бастап қазақ батырлары жоңғарға қарсы отан соғысында басты ұйымдастырушы күшке айналды.
– Құрылтай барысында өткенге көз салып, халықтың даңқты тарихын жырлаған от ауызды жыраулар елдің рухын көтерсе, аузы дуалы билер өзінің әділ шешіммен бітпес дауларды бір ауыз сөзбен бітіріп халықты бытырауына жол бермей айрандай ұйытып отырды. Бұл кез сөздің күші кетпеген дәстүрлі қазақ қоғамы еді. Ар, намыс, қисынды сөзге тоқтау, аманат пен уәдеге берік болу – дәстүрлі қоғамның белгілері. Далалық өркениеттің басты белгісі – демократия, сөз бостандығы. «Бас алмақ болса да тіл кеспек жоқ» деген содан қалған, - дейді ол.

Тарихи сабақтастық
Жарылқасын Жаппасов ғылыми тұрғыдан қазіргі Ұлттық құрылтайды хандық дәуірдегі дәстүрлі құрылтайдың тікелей жалғасы деп қарастыруға болмайтынын айтады. Тарихшының пікірінше, олар әр басқа саяси-құқықтық ортада қалыптасқан, атқаратын қызметі мен салмағы да бөлек.
– Бүгінгі Ұлттық құрылтай ҚР Президентінің жанынан құрылған және оның жұмысы арнайы Ережемен айқындалған кеңесші орган ретінде рәсімделген. Ал дәстүрлі құрылтай өз дәуірінде биліктің мойындалуы, ел бірлігі, сыртқы қатер кезіндегі ортақ бағыт сияқты түйінді мәселелерде ықпалды топтардың бәтуасын бекітетін, мемлекет тағдырына тікелей әсері бар жоғары кеңес сипатында көрінді. Сондықтан «тура мұрагер» деуге негіз жоқ. Сонымен бірге, идеялық әрі символдық сабақтастық бар екенін жоққа шығаруға болмайды, - дейді ол.
Жарылқасын Жаппасов «құрылтай» атауы тарихи жадта елдік мәселені көп болып ақылдасу, әр тараптың сөзін тыңдау, ортақ тоқтамға келу дәстүрімен байланысты екенін атап өтті.
– Бұл мағына қазіргі Ұлттық құрылтайдың қоғамды ұйыстыру, ортақ мәселелерді талқылау сияқты мақсаттарымен астасып жатыр. Мұны оның жыл сайын өтіп, елдің әр өңіріндегі мәні бар орындарда ұйымдастырылуымен де түсіндіруге болады. Демек, ғылыми тұрғыдан ең дәл тұжырым: қазіргі Ұлттық құрылтай — дәстүрлі құрылтайдың құқықтық тұрғыдан тура жалғасы емес, бірақ кеңес арқылы ортақ пікірге келу мәдениетін бүгінгі жағдайға бейімдеп жаңғыртқан символдық-мағыналық жалғастықтың заманауи үлгісі, - деп қорытты ғалым.
Арман Жұмәділдің пікірінше, бүгінгі таңда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жылда өткізілетін құрылтайдың да басты бағыттары елімізде әділетті қоғам құру, Қазақстан халқын тұтас ұлт етіп ұйыстыру, халықтың мүддесін орындау.
– Бұрын дәстүрлі құрылтайда ешқандай протокол жазылмаса да сол айтылған жарлықтар мен қабылданған заңдар сөзсіз орындалатын. Ең басты мәселе егер біз өзімізді дала өркениетінің мұрагері ретінде танысақ, онда қоғамға сөздің күшін қайтару керек. Сөздің күші қайтса – заңның да күші қайтады. Ол үшін жас ұрпақты көркем әдебиет оқытып, бір тоға, жеті қырлы бір сырлы, малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы деп тәрбиелеу керек, - деді Арман Жұмәділ.
Айта кетелік, бұған дейін белгілі қазақстандық математик, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Дурвудхан Сұраған Ұлттық құрылтайдың қоғам мен билік арасындағы диалог алаңы ретіндегі рөлі туралы айтып, Қазақстандағы ғылым мен жоғары білімнің болашағы туралы өз пайымымен бөліскен еді.