«Қазақ хандығы» монументі Тараз қаласының символына айналады - Б. Сапарбаев (ФОТО)
Мерейтойлық шара аясында қазан айында Таразда «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі ашылады.
30 метрлік монумент қаланың батыс бөлігінде «Тараз-Арена» Спорт сарайына қарама-қарсы орналасады.
Вице-премьер «Қазақ хандығы» монументі тұрғызылатын орында болып, эскиздік жұмыстармен танысты.
Бүгінде жалпы көлемі 3,5 га болатын жер бөлініп, ескерткіш көлемінің параметрлері көрсетілген бас жоспар жасалды. Сондай-ақ монумент аумағын абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып (жалпы сметалық құны - 177 млн. теңге), мемсараптаудан өтті. Мердігер анықтау үшін конкурс жарияланды.
Сондай-ақ ескерткіштің өзін жасау және орнату үшін «Арт-систем» ЖШС-мен 350 млн. теңгеге келісім жасалды.
«Тараз қаласының еліміз үшін маңызы зор, тарихы бай. Дәл осы өңірде көптеген жылдар бұрын Талас пен Шу өзендерінің арасында Керей мен Жәнібек сұлтандар қазақ хандығының іргесін қалады», - деді Б. Сапарбаев.