ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ: Жәңгір хан да, Махамбет те - қазақ тарихында қатар тұратын кесек тұлғалар - Т.Рысқалиев, профессор

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан да, Махамбет те - қазақ тарихында қатар тұратын кесек тұлғалар. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев өз ой-толғамын былайша мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, күні кешеге дейін біз Жәңгір хан мен Махамбетті бір-біріне қарсы қойып келдік. Махамбетті дәріптедік, ал Жәңгір ханды сынаумен болдық. Заман өзгерді. Біздің хандарымызға, билерімізге деген көзқарасымыз да өзгерді. Қазір біз Жәңгір ханды кіналаудан гөрі оның тарихи еңбегін, ел билеу ісіндегі жаңашылдығын, ағартушылығын, халқын жайлы, мәдениетті тұрмысқа жеткізбек болған әрекетін баса көрсетіп жатырмыз. Біздің университетімізге үкімет тарапынан Жәңгір ханның есімі берілуі - тарихқа деген жаңа көзқарастың көрінісі.

Махамбет, сөз жоқ, - тарихи тұлға: арқалы ақын, жез таңдай шешен, жұртты соңына ерткен көсем әрі батыр. Сол сияқты Жәңгір хан да - тарихи тұлға. Мұндай дара тұлғалардың ойлары да, мүдделері де сәйкес келе бермейді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейді қазақ. Сол сияқты Махамбет пен Жәңгір ханға олар өмір сүрген орта да, заман да тарлық етті. Сөйтіп, тағдыр екеуін бір-біріне қарсы қойды. Философиялық тұрғыдан қарама-қарсы құбылыстар бірін-бірі жоққа шығарады, сонымен бірге бірін-бірі керек қылып тұрады, бірін-бірі анықтайды. Сондықтан Жәңгір хан мен Махамбет те қазақ тарихында қатар тұратын, бірінің атын бірі шығарған кесек тұлғалар деу керек.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев көпшілік бірден түсіне қоймаған қадамдар жасады: астананы Алматыдан еліміздің қақ ортасы Ақмолаға көшірді. «Бәрін де кадрлар шешеді» деп, мыңдаған жастарды шет елдерге оқуға жіберді. «Қазақ өзін-өзі танысын» деп, «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынды, жер-жерден қазақ тарихына, қазақ мәдениетіне қатысты деректер, жәдігерлер, материалдар жиналды. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін қыруар қаржы жұмсалды. Қазір біз Елбасының көрегендігіне, батылдығына тәнті болып отырмыз.

«Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы өзімізді өзіміз тани бастадық. Біз Кеңес дәуірінде Қазақ КСР-інің тарихын жақсы білетін едік. Соңғы кезде Қазақстан тарихын да оқып, үйрете бастадық. Бірақ көпшілігіміз қазақ тарихын, өзіміздің ұлттық тарихымызды жете білген жоқпыз.

«Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» деген мемлекеттік бағдарламалар көп нәрселерге біздің көзімізді ашты. Қазақ деген тарихи халық екен, ғасырлар, тіпті мыңжылдықтар бойы қазақ халқы өз жерінде тәуелсіз өмір сүрген екен, көрші елдермен тең дәрежеде тиімді қарым-қатынас орнатқан екен. Қазақ деген еркіндікті аңсаған, еркіндікке қолы жеткен, ұланғайыр байтақ жерді мекен еткен, оны сақтап, бүгінгі ұрпағына жеткізген, арасынан көсемдер де, шешендер де, даналар мен батырлар да шыққан халық екен.

Қазақ тарихында, Президент Н.Ә.Назарбаевтың атап өткеніндей, ұялатын ештеңе жоқ, керісінше, мақтанатын жайттар көп болып шықты.

Бір кезде еуропалықтар көшпелілерді менсінбей, мәдениетті құртатын «жегі құрттай» көріп еді. Жоқ. Көшпелілер де өз мемлекетін, мәдениетін, өркениетін құрған. Олардың да заңдары, құқықтық ережелері, керек десеңіз, өздеріне тән дала демократиясы болған. Көшпелілерде, атап айтқанда, қазақтарда қалыптасқан диалогты, сұхбатты, пікірталасты, айтысты сіз кез келген дамыған елдер дәстүрінен таба алмайсыз. Гректерде, немістерде шешендік өнер дамыған. Бірақ ол қара сөзбен өрілетін шешендік. Қазақтың би-шешендері өз ойларын қысқа да нұсқа, мәнді, көркем поэзия тілінде жеткізе білген. Қазақтардағыдай табанда тауып айтатын суырыпсалма ақындар басқа елдерде жоқ десек, еш артық емес. Көшпелілер - сақтар, қазақтар арасынан ежелгі гректерді таң қалдырған Анахарсис (Анарыс), арабтарды таңқалдырған Сұлтан Бейбарыс пен Әл Фараби, орыстарды таңқалдырған Шоқан мен Абай шыққан.

Көшпелі өмір салты ежелгі дәуірде сақтарға, кейінірек қазақтарға Ұлы Даланы игеруге мүмкіндік берді. Көшпелі өмір салтының тарихтағы рөлін, өміршең үлгілерін адамзат бүгінде қазақ халқының тарихынан танып біле алады. Көшпелілер қоршаған ортамен қалай үйлесімді қарым-қатынас жасаған, қандай шаруашылықпен айналысқан, қалай ел басқарған, қалай елін, жерін жаудан қорғаған, қандай озық дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды дүниеге әкелген, қалай ұрпақ тәрбиелеген, сенім-нанымы қандай болған - осының бәрін қазақ тарихынан табуға болады.

Тарих - адамзат тәрбиешісі. Тек тарихтан тәлім-тәрбие үлгілерін ала білу керек. Тарих кез келген адамға тағылымын жайып салмайды. Тарих адамға бейтарап, объективті процесс болып көрінеді. Сондықтан адам тарихты өз жағына тарта білуі керек. Бұл үшін тарихқа деген айрықша ілтипат керек. А.С.Пушкиннің айтқаны бар: «Естіліктің тағылықтан айырмашылығы - өткен шаққа құрметпен қарай білетінінде», деп. Тарих тек қана өткен шақ емес. Тарих-жалғасып жатқан тұтас процесс.

Азаттық, тәуелсіздік деген не? Бодандық деген не? Ұлттық астамшылық, шовинизм деген не? Осының бәрін біз тарихтан біле аламыз.

Тарихқа немқұрайлы қарау адамды да, қоғамды да, билікті де тығырыққа апарып тірейді. «Тарихқа топырақ шашсаң, - дейді халық даналығы, - болашақ саған тас лақтырады». Тарихты білмесек, болашақты қалай болжауға болады?

Философия - тарихшыл көзқарас. Ол өнебойы тарихқа жүгінеді, тарихтан нәр алады. Философиядағы даналық, тәлімгерлік идеялар адам мен қоғам өмірінен, демек, тарихтан алынған. Философияны адам, қоғам тарихы ғана емес, мәдениет тарихы, әдебиет пен өнер тарихы, ғылым мен дін тарихы қызықтырады.

Басқа ғылымдар өнебойы алға ұмтылып, бір сатыдан келесі жоғары сатыға, жалғаннан ақиқатқа, дәл емес, толық емес білімнен дәлірек, толығырақ білімге өрлей бергісі келеді. Олардың артқа көз тастап, өткен жолын шолып шығуға ынтасы да, уақыты да болмай жатады. Философия үшін алға жылжудың тиімді шарты өткенге көз тастау, тарихқа жүгіну болып табылады.

Философиялық тұрғыдан тарихты танып қою, әртүрлі оқиғалар жөнінде мағлұматтар алу, деректер жинау аз. Мәселе солардың мәнін ашуда, тарихты түсінуде. Тарих ғылымы, тарихты баяндайтын туындылар кейде жиналған деректер деңгейінде қалып қояды, оқиғаларды суреттеумен шектеледі. Тарихтың сабақтары ашылмай қалады.

Басқа ғылымдар сияқты тарих та өз пікірлерінің объективті болғанын қалайды, болған нәрселерді тап сол күйінде баяндауға тырысады. Физикада, биологияда, сол сияқты нақты ғылымдарда объективтілік принципі орынды болып табылады. Бірақ тарихта, адамдардың қарым-қатынасын, іс-әрекетін бейнелейтін ғылымда процесті сол күйінде баяндау, «таза» деректерді тізіп теру жеткіліксіз. Француз этнографы Леви-Стростың пікірінше, тарихшы болған оқиғаларға баға бермей тұра алмайды: «Тарих ешқашанда бірдеңенің жай тарихы емес, - дейді ол, - тарих әрқашанда бірдеңе үшін баяндалған тарих болып табылады». Философиялық тұрғыдан тарихты талдағанда маңызды нәрсе - оқиғаның, іс-қимылдың себебі мен салдары, мәні мен мағынасы, тәрбиелік тағылымы. Демек, тарихты танып қою аз, тарихты түсіну керек. Алайда, тарихтың түсінігін тарих ғылымынан ғана емес, философиядан, тарих философиясынан іздеуге тура келеді.

Тарих деген өз алдына, адамнан тыс, адамның арт жағында жүріп жатқан процесс емес. Тарихты жасайтын - адам. Бірақ қандай адам? Өзін-өзі таныған, өзіне «Мен» деп қарайтын, өзінің не үшін өмір сүретінін, не үшін әрекет жасайтынын білетін адам. Мұндай есті адам ешкімге де, ештеңеге де құрал болмайды. Өкінішке орай, мұндай адам екінің бірі емес. Адамдардың көпшілігі жетектеуді керек ететін, біреудің айтқанымен жүретін үлкен топқа жатады. Сондықтан біз тарихтан, тарихқа арналған еңбектерден адамды таба алмай қиналамыз. Сондықтан тарихтың субъекті ретінде халықты, бұқараны алға тартамыз. Бірақ мынаны да ескерген жөн. Тарих деген тек қана соғыс, төңкеріс, көтеріліс емес. Қарапайым еңбек те: мал бағу, егін егу, үй тұрғызу, бала тәрбиелеу - бұлар да тарихты құрайды. Көпшілік осындай еңбегімен де тарихқа араласады.

Маркстің, Лениннің ілімінде халық бұқарасы (народные массы) тарихтың шешуші күші деп есептеледі. Бұл түсінікті де. Талай-талай тарихи тұлғалардың атын шығарған артына ерген елі, халқы, әскері. Бірақ бұқараны маркстік-лениндік ілімдегідей тым дәріптеуге болмайды. Бұқара кейде өзінің тарихи рөлін білмейтін топ болып қалады. Маркс оны «класс в себе» деп атайды. Мұндай бұқараны субъект қылатын, Маркстің сөзімен айтқанда, «класс для себя» қылатын - партия, идеологтар, жекелеген көшбасшылар. Абай: «Көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал» дейді. Бұқара туралы неміс философы Ф.Ницшенің сөзін келтіруге болады: бұқара, біріншіден, ұлылардың, тарихи тұлғалардың солғын көшірмесі, екіншіден, ұлыларға қарсы тұратын қара күштің иесі, үшіншіден, ұлылардың идеясын жүзеге асыратын құрал.

«Қазан төңкерісіне дейін шығып тұрған «Қазақ» газетінде Алаш зиялылары (А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов): «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел, қайда жүріп, қайда тұрғанын, не істеп қойғандығын білмейді, келекшекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», деп атап көрсеткен болатын. Осыны ұмытпайық», - деп түйіндеді ойын Т.Рысқалиев.

Соңғы жаңалықтар