ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ: Жәнібек хан мен Әз-Жәнібекті шатастырмайық - Ж.Жақсығалиев, тарихшы-ғалым, БҚО

Оның айтуынша, Әз-Жәнібек хан тарихы тәуелсіздік жылдарында зерттеушілердің, ғылыми-көпшілік қауымның қызығушылығын оятып, жұртшылықтың назарын өзіне тағы аудара бастады. Аталмыш мәселе туралы соңғы жылдары бірнеше мақалалар, жаңа көзқарастағы зерттеулер дүниеге келді. Зерттеушілердің бәрі бірауыздан Алтын орда ханы Өзбекұлы Жәнібекті (1342-1357) Әз-Жәнібек деп ортақ шешімге келгендей болды. Осыған қарамастан соңғы кезге дейін, әсіресе, әдебиетші-ғалымдарымыз тәуелсіздік жылдары жарық көрген тарихшылардың зерттеулерін «айналып өтіп», қазақ ханы Жәнібекті Әз-Жәнібек ретінде бейнелеп, Асан Қайғы бабамызды соңғысының бас уәзірі һәм ақылшысы қылып қоюды әдетке айналдырды. Қарапайым оқырманды былай қойғанда, кәсіби мамандардың өзі шатаса бастады. Жәнібектанудағы «ақтаңдақтардың» ақиқатын аршып алу қай зерттеушіге де оңай болмай тұр. Оның бірнеше себептері бар. Негізгісі, деректердің жұтаңдығы, екіншісі, осы мәселеге қатысты алғашқы зерттеулердегі жаңсақтықтар, үшінші, Асан Қайғы заманынан жеткен жыр-аңыздарды талдаудағы кереғарлықтар.
Сонымен, Жәнібек хан хақында алғаш пікір білдіргендердің бірі, ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов қазақ сұлтандарының шежіресін Орыс хан - Қойрұшық (дұрысы Құйыршық - Ж.Ж.) - Барақ хан - Әз-Жәнібек деп анықтаса (Уәлиханов Ш.Ш.Көп томдық шығармалар жинағы -Алматы: «Толағай групп», 2010. Т1. 144-б.), 1911 жылы Орынбор қаласынан басылып шыққан еңбегінде Ш.Құдайбердиев: «...Құйыршық ханның баласы - Барақ хан. Оның екі баласы Дәруиш һәм Абусағид хан. Әз-Жәнібек хан аталған осы Абусағид еді. Қазақты ертіп алып Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан Әз-Жәнібек осы еді» ( Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. - Алматы: Қазақстан; Сана, 1991. 52-б.), - деп ұғынады. Көрнекті қазақ ғалымы мен ойшылының осы бір жаңсақ пайымы алдағы қателіктерге жол ашты. Қазақ хандығының негізін Кереймен бірге қалаған Жәнібек сұлтан тарихи әдебиетте еш күмәнсіз «Әз-Жәнібек» атала бастады. Шәкәрім Құдайбердіұлынан бір жыл бұрын Қазан қаласында жарық көрген «Тауарих-и хамса-йи шарқи» (Шығыстың бес елінің тарихы) деген еңбегінде белгілі тарихшы Құрбанғали Халид Өзбекұлы Жәнібек хан хақындағы баянын төмендегіше түйіндеген еді: «Жәнібек хан өте әділ, шарғи мәселелерге жетік кісі болумен «Әз Жәнібек хан» лақабын алған. Әзіз Жәнібек деген сөз, бұл халыққа аса әділдігімен беделді болып көріне білген. Әзіз-арабша «ғазиз» - қымбат, қадірлі деген сөз» (Халид Құрбанғали. Тауарих хамса (бес тарих). -Алматы: Қазақстан, 1992. 233-23- бб.). Өкінішке қарай, тарихшының дер кезінде айтылған шынайы пайымдамасы зерттеушілердің назарынан тыс қалды. Тіпті кеңес дәуіріндегі беделді басылымдардың бірі саналатын «Қазақ Совет энциклопедиясы» сияқты іргелі басылымда: «Жәнібек хан (Әбу Саид деген атпен де белгілі) (т.-ө.ж. белгісіз) Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі, Барақ ханның баласы. ХV ғасырда өмір сүрген, ХV ғасырдың 50 жылдарына дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ... Оның есімі тарихи мәліметтерде соңғы рет 1473 жылы кездеседі... Жәнібек хан сол дәуірдегі жиі болып тұрған соғыстардың бірінде қаза тапқан деп жорамалдауға болады. Ел арасында сақталған аңыз-жырларда Жәнібек ханды «Әз-Жәнібек» деп те атайды («Қазақ Совет экциклопедиясы» 4-том. -Алматы, 1974. 350б). Сөйтіп, қазақ ханын Әз-Жәнібек ретінде дәріптеу сол уақыттан күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
- Жаңабек Жаңабайұлы, ендеше, нақты деректерге тоқталсаңыз?
- Алдымен, Алтын орда ханы Өзбекұлы Жәнібектің ата-бабасының шежіресін сәл-пәл тарқатайық. Әл-Ахаридің «Шайх-Увайс» дерегіне сенсек, бұл әулеттің шежіресі Жәнібек - Өзбек-Тұғрылша - Мөңке Темір-Тоқан-Бату- Жошы - Шыңғыс хан (Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т.2. М-Л., 1941. с.62.).Басқа дереккөздерден біз Өзбектің шын мәнінде Тұғрылшаның ұлы, демек, Батудың ұрпағы екенін талассыз айғақтайтын мәлімет таппаймыз. М.Сапарғалиевтің пікірінше, Батудың тұқымы Тоқтамен бітуі, ал Өзбек уақыт өте бүкіл билікке қол жеткізген жалған атты болуы әбден мүмкін (Сапаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды, с.65-71.).
Му'ин ад - дин Натанзидің «Мунтахаб ат - таварих - и Му'ини» деген еңбегі Қазақстан тарихын зерттеу үшін құнды деректеме болып табылады. «Ескендір анонимі» деген атаумен белгілі бұл ортағасырлық қолжазбаның авторы Өзбек хан хақында: «Ол әділ және мейірімді патша еді, асқан діншіл әрі тақуа болғаны сондай, пайғамбар жолын ұстанды; кемшілігі үшін пұшайман болып, қажет еткен кісілерге қайыр, жақсылық көрсетіп, кешірім өтінді. Ол билік еткен жылдарда Дешті Қыпшақ, Аллаһқа сенетін елге айналды» (Му'ин ад - Дин Натанзи. Аноним Искандара // Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды: Извлечения из персидских сочинений М.;Л.,1941. Т.2.С.126 - 138) деп жазуы назар аударарлық.
Қазақтың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов өмір сүрген заманда орыстың белгілі археологы, шығыстанушы, нумизмат тарихшы П.С.Савельевтің ғылыми тұрғыда әлі күнге маңызын жоғалтпаған құнды еңбегі дүниеге келді. Бұл еңбектегі ғылыми тұрғыда талданған нумизматикалық деректер қазақ тарихы үшін бірегей керемет. Шындығына келгенде, орыс ғалымының бұл зерттеуіне қазақ қауымы қарыздар. Зерттеуші нумизматикалық жәдігерліктерге иек артып Әз-Жәнібек хан есімі бедерленген теңгелердің Хорезм қаласында хижраның 700-751 жылдарынан (1350 жыл) құйыла бастағанын баяндайды.
Әз-Жәнібектің ел билеген тұсында құйылған теңгенің бір жағында араб қарпімен «әл-сұлтан әл-ғадл ғазиз Жанибек хан», екінші жағында «харб/сы/Гүлстан әл-джәдид» деген сөздер таңбаланған. Жәнібек хан кезінде Гүлстан ірі портты қалаға айналады. 1347 жылы осы Гүлстан портында Жәнібек Венеция саудагерлерімен сауда келісімін жасаған. М.Әбсеметовтің пікірінше, бұл порт бүгінгі Атырау қаласының маңы болуы мүмкін (Абсеметов М. Таможенное дело Казахстана. А., 2001. с.41.).
Осылайша, қазақ халқы алтынордалық Жәнібек ханды «Әз-Жәнібек» атандырған, ал бұл атаудың отандық тарих ғылымында Қазақ хандығының негізін салушы ретінде мойындалып келген Жәнібек (Әбу Саид) Барақұлына еш қатысы жоқ.
Келтірілген әртүрлі тарихи деректер: нумизматикалық жәдігерлерді, жыр-аңыздарды, толғауларды, кәсіби мамандардың тың ойларын саралай келе, біз осыған дейін Әз-Жәнібек деп жүрген ханның Қазақ хандығының негізін қалаған Барақұлы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек екендігін тағы бір мәрте тиянақтадық. Бұдан Қазақ хандығының негізін салған әйгілі Жәнібек ханның мәртебесі мен беделінің еш төмендемесі хақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытаудағы ұлт туралы толғанысында Алтын Орданың Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы ірі белес екенін айдай анық қылып айтты. Өкініштісі, тәуелсіздігімізге 20 жылдан асса да, академиялық басылым Қазақстан тарихының 2-томы мен жалпы орта білім беретін мектеп оқулығындағы Әз-Жәнібек хан туралы мағлұмат сын көтермейді.
- Сонда қазіргі Атырау облысы аумағындағы Сарайшықта жерленген Әз-Жәнібек қой, ал Жәнібек ханның мәңгілік тұрақ тапқан жері туралы не айтар едіңіз?
- Бұл сауалдың жауабын Әбілғазының «Түрік шежіресіне» иек артып, Сарайшықта жерленген Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек деп қысқа қайыруға болар еді (Әбілғазы.Түрік шежіресі.А.,2006.114-115-бб.). Бірақ тарихи әдебиетте орнықты түрде қалыптасқан қазақ ханы Жәнібек Барақұлы Сарайшықта жерленді деген пікір зерттеушілерді, ғылыми көпшілікті, оқырманды әлі күнге екі ұдай күйде қалдырып отыр. Қолда бар ортағасырлық деректемелерде Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандардың қай жерде жерленгендігі туралы еш мәлімет жоқ.
Қазақ хандығының негізін салған Жәнібек кім? Жәнібектің ататегі хақында не білеміз? Алдымен біз қазақ хандарының түпатасы болып саналатын Жәнібек ханның шығу тегі хақында мәлімет беретін деректер мен көзқарастарды саралайық. Әбілғазыға сенсек, Жәнібек ханның азан шақырып қойған аты - Әбусағит (Әбілғазы. Көрсетілген еңбек.117-б.). Ол - Ақ Орданың ақырғы ханы Барақтың Мір-Сайд, Мір-Қасым есімді ұлдарынан кейінгі кенже ұлы.
Жәнібек ханның аталары жөнінде Қадырғали би Жалайыри былай деп жазады: «Ол заманда Жәнібек ханнан соң (Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек-Ж.Ж.), қият Истайұлы Чирақтлу ұлысты түгел биледі. Чирақтлуны Орус хан өлтірді. Орус ханды бәрінің ағалары патшалыққа отырғызды. Содан Орус Алатау маңына орын тепті... Орус хан неше жылдар осы жерде патшалық құрды. Ақырында солтүстік жағында Киштим деген жерде ажал тапты. Оның ұлы Құйырчық еді. Атасынан соң ұлысын сол биледі. Ол заманда Қашғар уалаятымен қақтығыс бар еді. Бұл Құйырчық сұлтанды атасынан соң патшалыққа отырғызысты. Құйырчық хан өтіп еді. Оның ұлы Барақ аталық болатын. Атасынан соң падишаh болды. Ұлысты түгел өзіне қаратты. Құйырчық ханнан соң соны хан көтерісті. Барақ ханды жеңімпаз батыр, алып еді деседі. Айналасындағы уалаяттарды өзіне тәуелді қылды. Ақырында Еділ мен Жайықтың арасы, Сарайшыққа жақын Қазы, Наурызбен ұрыста ажал тапты. Оның ұлын Кіші Жәнібек хан деп айтады. Бұл Жәнібек хан атасының ұлысын биледі» (Сыздықова Р.,Қойгелдиев М.Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы.-А.,1991.251-б.).
Таварих-и гузида-йи нусрат-намеде» берілген шежіреге сәйкес, Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей немере ағайын болған. Керей ханның (деректемелерде «Кирай хан») шежіресі: Ұрұс хан-Тоқтақия-Полад-Керей хан. Жәнібек ханның шежіресі: Ұрұс хан-Құйыршық-Барақ хан-Жәнібек хан (Таварих-и гузида-йи нусрат-наме, л.124а,127а;МИКХ,39-42-б.).
Қазақ хандығының шаңырағын көтеруші сұлтандар Керей мен Жәнібек Жошының қай баласының ұрпағы деген мәселеде отандық тарихнамада екі түрлі көзқарас жарыса өмір сүріп келе жатыр. Зерттеушілердің бірі Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен өрбітсе, екіншілері Жошының 13-ұлы Тоқа-Темірге тоқталады. Қазақ хандарының шығу тегі мәселесінде Қазақстан тарихының 2-томының авторлары «Ұрұс хан мен оның ұрпақтарының Жошы тармағындағы Тоқа-Темірден тарайтындығының немесе олардың тегі Орда-Еженмен байланысты болуының принципті маңызы жоқ» (328-329бб.) дегенімен, біздіңше, бұл мәселені де нақтылаудың маңызы ерекше.
Сонымен, қазақ ханы Жәнібек қайда жерленген? Қандай дерекке сүйенгендігі белгісіз, 1957 жылы жарық көрген бес томдық «Қазақ ССР-нің көне заманнан бүгінге дейін тарихына»: «Жазбаша деректер айқындайтындай ХҮ (ХІҮғ. емес- Ж.Ж.) - ХҮІ ғғ. ең үздік архитектуралық туындылар деп Сарайшықтағы Жәнібек пен Қасым хан мавзолейлерін атауға болады» деген жолдар енгізілсе, аталған іргелі еңбектің 1979, 1983 жылғы басылымдарында еш өзгеріссіз «жазбаша деректемелердің айғақтауына қарағанда, Сарайшықтағы ежелгі некропольдегі қазақ хандары Жәнібек пен Қасымның мавзолейлері... архитектуралық көріктілігімен ерекше болған» («Истории Казахской ССР»,1979,т.2,с.319; «Қазақ ССР тарихы»,1983,2т.333-б.), - деп жалғасты. Кеңестік тарихнамада К.А.Пищулина «сәулет өнерінің мәнері жөнінен Сарайшықтағы ежелгі зиратта жатқан қазақ хандары Жәнібек пен Қасымның... кесенелері ерекше көзге түсетін еді (Пищулина К.А.Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы.А.,1995,148-б.), - деп жазса, зерттеуші В.В.Трепавловтың «ХҮІ ғасырдың басында Сарайшықта Жәнібек б. Барақ және Қасым ханға арналған сәулетті күмбез бас көтерді» (Трепавлов В.В.История Ногайской Орды. М.,2002. 589-б.) деген пайымдаулары жоғарыдағы дәлелсіз пікірді ақиқатқа айналдырды. Күні бүгінге дейін осы түсінік зерттеулерде сан мәрте қайталанып, үздіксіз насихатталуда. Тек тәуелсіздік тұсында ғана бұл түсініктің тиянақсыздығына ғалымдар назар аудара бастады. Мәселен, Ж.Артықбаев, Ә.Пірманов: «Жәнібек ханның да нақты қашан өлгені, қайда жерленгені белгісіз...Кейбір деректерге қарағанда, Керей мен Жәнібек хандар Сарайшық қаласына жерленген» (Артықбаев Ж.О.,Пірманов Ә.Б.Қазақстан тарихы (энциклопедиялық басылы)-А.,Атамұра,2008.301-б.), - деп, бұрыннан бар мәліметтің нақтылығына күмәнмен қарады. Деректермен дәлелденбеген мұндай пікірді 2010 жылы жарық көрген академиялық «Көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақстан тарихының» 2-томының авторлары да аңғарып, оқулыққа төмендегідей түзету енгізген: «Әбілғазының айтуынша, Алтын Орда хандары Жәнібек, Бердібек, сонда хан тағына отырған; Алтын Орда хандары Меңгу-Темір, Тоқтағұл, Жәнібек (ХҮ ғасырдағы Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханмен шатастырмау керек. - ред.) сонда жерленген » (Қазақстан тарихы. 2-том.А.,2010. 376-б.). Ортағасырлық деректемелер бұл туралы нақты мәлімет бермегенімен, бар деректерден сыр суырпақтауға болатындай. Қадырғали Жалаири Қасым туралы «ұзақ уақыт атасының ұлысында (әкесі Жәнібектің ұлысында деп жазбайды-Ж.Ж.) патшалық етті. Ақыры Сарайшықта өлім тапты. Бүгін де оның қабірі Сарайшықта» деп жазып қалдырған (Сыздықова Р.,Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. А., 1991, 258-б). Шынымен қазақ ханы Жәнібек Сарайшықта жатқан болса, Қ.Жалаири еңбегінде «Қасым хан әкесі Жәнібектің жанына жерленді» деген бірауыз сөзді жазуға еш ойланбас еді. Сол сияқты «Өзбекұлы Жәнібектің Сарайшықта жерленгенін» анық көрсеткен Әбілғазы Баһадүрдің қазақ ханы Жәнібектің Сарайшықта жерленгендігі жөнінде сөз қозғамауына да мән бергеніміз жөн. Демек, қазақ ханы Жәнібектің Сарайшықта жерленгендігі күмәнді. Мұны Қазан төңкерісіне дейінгі дворяндық-буржуазиялық орыс тарихнамасының беделді өкілдерінің еңбектері де анықтай түскендей. Мәселен, Н.М.Карамзин «1580 жылы Жайық казактары Ноғай Ордасының астанасы Сарайшық қаласына шабуыл жасады. Қалада Ұлы Даланың талай айтулы ұландары жерленген бейттер болатын. Тіпті онда қазақ ханы Қасымның кесенесі сонадайдан көз тартатын. Казактар байлық іздеп, қабірлерді талқандады, өлген адамдардың сүйектерін далаға шашты» (Карамзин Н.М. История государства Российского, СПб., 1821 том.ІХ. гл. ҮІ. С.380., Бартольд В.В. Сочинения. -Москва, 1966. 4-том, 395-бет), - деп жазса, аса көрнекті ориенталист В.В.Вельяминов-Зернов өз ойын: «Әрқайсысы (Жәнібек ханның ұлдары мен немерелері) өз ордасын құрды, сонда билеуші болып, атақ-даңққа бөлене білді. Олардың есімдері әлі күнге дейін ел есінде. Солардың бірі Жаған-бегімнен туған Қасым хан еді. Ол біраз уақытқа дейін әкесінің ұлысында билік құрды және көптеген көрші елдерді бағындырды, оны бүгін де барлығы есте ұстайды. Ол Сарайшықта қайтыс болды және оның зираты қазір де сонда орналасқан» ( Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч.2.СПб., 1864. 125-б.) деп нақтылады. Тарихи деректер алғашқы қазақ хандары тұсында Қазақ хандығы аумағы батыста Ойыл, Жем өзендерімен шектелгенін, Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» шығармасында «Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының шекарасы... солтүстік-батыста Жайық өзендеріне дейінгі жерлерді алып жатты» деп анықтады. Бұл дерек қазақ ханы Қасымның Сарайшықта жерленуімен де дәлелденеді. Ал Қасымның әкесі Жәнібек ханның өмірін Сарайшықпен байланыстыратын деректердің болмауы, қазақтың алғашқы хандарының бірі туралы кезінде асығыс қорытынды жасалғанын аңғартқандай.
Ұзақ жылдар тарихнамада қалыптасқан Қазақ ханы Жәнібек Сарайшықта жерленді деген пікірдің жаңсақ екенін алғаш байқағандардың бірі белгілі шығыстанушы Т.Сұлтанов болатын. Ғалым шын мәнінде Сарайшықта жерленген қазақ ханы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Жәнібек екендігіне назар аударды (Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. А., 2001,171-б.). Дәлелді сынға даудың қажеті жоқ. Осыдан кейін-ақ сонда «Кіші Жәнібек хан» қайда жерленуі мүмкін деген өткір сауал тарихшы-ғалымдардың алдына қойылды.
Соңғы жылдардағы ғылыми ізденістерде қазақ ханы Жәнібектің Созақ қаласына жерленуі мүмкін деген бұрыннан бар жорамал қайта көтеріле бастады. Тарихшы Мұхтар Қожа ұлт руханиятының сайыпқыраны Өзбекәлі Жәнібековтің мәліметтерін негізге алып «...Созақ ауданында қатар жатқан екі мұнараны жұрт Әбілқайыр мен Жәнібектікі дегенді айтады. Тірісінде бірін-бірі көргісі келмесе де, өлгеннен кейін қатар жатыр, - деген ақсақалдың сөзін менің де естуім бар. Амандық болса сол жаққа бір барып қайтсақ, дұрыс болар еді...»(Мұхтар Қожа.Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек қайда жерленген?//Егемен Қазақстан. 2009. 24-маусым.) деген дерек-хатын келтіреді. Халық жадынан өшпей сақталып қалған бұл әңгіме қаншалықты шынайы? Жәнібек ханды Созақпен байланыстыратын деректер бар ма?
Иә, Керей мен Жәнібек ханның және олардың балаларының Созақта болғандығын тарихи деректер жоққа шығармайды. 1470 жылы Керей ханның Түркістанға, Жәнібек хан бастаған қолдың Созаққа шабуыл жасағаны жазба деректерден белгілі. Осы соғыста Созақ пен Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кіреді. Академик Ә.Марғұланның «Созақ алғашқы қазақ хандарының тірегі болды» деген сөзіне де мән бергеніміз жөн. Атақты жазушы І. Есенберлин «Алмас қылыш» романында: «Ханы өлген қазақ әскері... Жәнібектің денесін ақ киізге орап, ақ түйеге артып, екінші баласы Махмұд билеп тұрған Созаққа беттеді. Қайғылы ел күңірене күрсініп, алғашқы ханының бірі Жәнібекті ардақтап, ақырғы сапарына шығарып салды. Әбілқайыр жатқан Жуантөбедегі көк күмбезді мазардың жанында тағы бір салтанатты алтын айлы мазар пайда болды. Тірі жүргендерінде бүкіл Дешті Қыпшақтың кең даласына сыймаған қос тарлан енді он шаршы құлаш жерге үн-түнсіз қатарласа көмілді. Өмір татуластыра алмаған екі ханды енді өлім татуластырды» (Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи трилогия. 1 кітап. А., 1976. 273-бет) деген болжам жасады. Осы жорамалдың ақиқаты дәлелденіп жатса, тірісінде бітіспеген антипод екі күштің «мәңгілік мекенінде» қаз-қатар жатуы «жазмыштан озмыш жоқ» деген аксиоманы тағы бір мәрте есімізге салғандай. Бұл тарихи дерек емес, бар болғаны жазушының өзіндік болжамы дегеннің өзінде, оның Ө.Жәнібековтің мәліметімен үндесіп тұрғанында бір сыр жатқан сияқты. Қазақ хандығының тарихын тұтастай жазу үшін біраз деректерді ақтарған, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін бір жүйеге түсірген жазушының бұл трилогиясы әлі күнге маңызын жоймаған тың тұжырымдарымен ерекшеленеді. Оған дәлел соңғы кезге дейін талас тудырып жүрген Әз-Жәнібектің шындығында қазақ ханы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек екендігін, сол кездің өзінде алғаш байқағандардың бірі І.Есенберлин еді (Есенберлин І.Көрсетілген еңбек.12-б).
Жорналшы Т.Тәшенов созақтық тарихшы Сүлеймен Тәбірізұлының деректеріне иек артып «Созақ ауылының байырғы қарттары бірауыздан қамал-қаланың түстік жақ шетіндегі қазір тегіс жерге айналып, белгі қалмаған орынды «Хан мазары» деп көрсеткендігіне тоқталады. Яғни 1950 жылдарға дейін қамал-қаланың сыртқы жағында дуалға жапсарласа тұрған қос қабірді халық «Хан мазары» деп келген. Қабірлердің үстінде жасыл түсті, күйдірілген құмыра тәрізді шошақ белгі болған. Кейіннен қабір қамалдың құлаған дуалдарының астында қалып, тегістеліп кеткен (Тәшенов Т. Керей мен Жәнібек қайда жерленген? Дүние дүбір. 2009. 21 шілде.). Бұл әңгіменің кезінде ұлы жазушы М.Әуезовтің Созаққа келген сапарында тілге тиек болуы да бекер емес сияқты.
Түйіп айтқанда, Қазақ мемлекетінің негізін қалаған Керей мен Жәнібектің нақты қай жерде жерленгенін анықтау және оларға заман талабына сай кесене орнату - мемлекеттік деңгейдегі кезек күттірмейтін іс. Әйтпесе, Қазақ хандығының 550 жылдық тойын жоғары дәрежеде өткізуге дайындалып жатқан елімізге мысық тілеу кейбір ағайын Қазақ мемлекетінің негізін салған ұлы хандарының қайда «жатқанын» білмей, қазақтар несіне той-тойлап, шулап жатыр деп айтуы бек мүмкін. Осы ретте Қазақ хандығының тарихы һәм Қазақ мемлекеттілігіне арналған «Көкбөрі» үлгісіндегі монумент Астананың қақ төрінде ұлт рухын асқақтатып тұрса және алыс-жақыннан келетін қонақтарды Қазақ хандығының бай тарихымен таныстыру мақсатында зәулім мұражай салынса деген ұсыныс айтқымыз келеді.
Сайып келгенде, мұның бәрі ұлтымыздың айбары мен абыройын асырып тұратын Қазақ мемлекеттілігі тарихының ескерткіш-белгісіндей болып ғасырларды жалғастырып тұрар еді.