Қазақ ым-ишара тілі мен дактиль әліпбиін қабылдау мәселесі пысықталады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ ым-ишара тілі мен дактиль әліпбиін қабылдау мәселесі пысықталады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.

- Қазақстан Республикасы 2023 жылғы 7 маусымда халықаралық Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Конвенцияның 21-бабына сәйкес қатысушылар өздерінің таңдауы бойынша қарым-қатынастың барлық нысанын пайдалана отырып, ақпарат пен идеяларды басқалармен тең дәрежеде алу және тарату еркіндігін қоса алғанда, көзқарасы мен наным-сенімін білдіру еркіндігі құқығын пайдалануын қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараны қабылдайды, - деп атап өтеді вице-премьер жауабында.
Ермек Көшербаев халықаралық тәжірибеге сәйкес Ұлыбританияда, Исландияда, Аустралияда, Жаңа Зеландияда, Норвегияда, Австрияда, Испанияда, Швецияда, Оңтүстік Африка Республикасында ым-ишара тілі ресми мойындалғанын атап өтеді.
- Алдағы кезеңде Қазақстанның шетелдердегі мекемелерін тарта отырып, әлемдегі ым-ишара тілдері мен дактиль әліпбилерінің ресми бекітілуіне (мойындалуына) қатысты халықаралық тәжірибе зерделенетін болады. Одан кейінгі кезеңде мемлекет пен қоғамның инклюзивтілігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік органдар бейінді ұйымдар өкілдерімен бірлесіп, қазақ ым-ишара тілі мен дактиль әліпбиін қабылдау мәселесі егжей-тегжейлі пысықталатын болады, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Жасанды интеллектінің көмегімен ым тілі қазақшаланғанын бұған дейін жазған едік.