Қазақ қаламгерлерін шетелге танытуда «Аударма» баспасы үлкен еңбек сіңіріп келеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған жоба бойына қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары Шаһәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Мағжан Жұмабайұлының, Ілияс Жансүгіровтің, Мұхтар Әуезовтің, Ілияс Есенберлиннің және басқа да қаламгерлердің кітаптары орыс тілінде жарық көретіні жоспарланған. Сонымен қатар қазіргі белгілі ақын-жазушылардың да кесек туындылары осы сериямен «Аударма» баспасынан оқырманға жол тартатын болады.
Сонымен қатар Қалтай Мұхамеджановтың қазақ тіліне аударған арабтың әйгілі «Мың бір түн» халық ертегісі де жарық көруде.
2009 жылы «Аударма» баспасынан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазақ халқының философиялық мұрасы» сериясы бойынша толық жмырма томдық топтама жарық көрді. «Ежелгі көшпенділер дүниетанымынан» бастау алған философия «Тәуелсіз Қазақстан философиясына» дейінгі аралықты қамтитынын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар осы баспада «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы бойынша 2004 жылдан әлем классиктерінің туындылары қазақ тілінде жарық көріп келеді. Осы жылдарда орыс, француз, жапон, ағылшын және Латын Америкасы елдері қаламгерлерінің бірқатар шығармалары төл тілімізге аударылып, оқырманға ұсынылды.
Алдағы жылдарда «Аударма» баспасынан шет тілдеріне аударылған шығармалар жарық көреді. Атап айтқанда, Қыз Жібек жыры жапон тілінде, Абайдың «Қара сөздері» поляк тілінде, ал оның өлеңдері неміс тілінде кітап болып басылмақшы.
Сонымен қатар жазушылар Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің әңгімелер жинақтары жеке-жеке түрік тілінде жарық көрмек.
Әдебиетші ғалым Сейіт Қасқабасовтың «Өнер бесігі» («Колыбель искусства») шығармасы ағылшын тілінде, жазушы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» туындысы неміс тілінде жарыққа шығатыны жоспарланған.