Қазақ қандай жағдайда ақсарбас атайды

Ақсарбас атау
Фото: anatili.kazgazeta.kz

АСТАНА. KAZINFORMМәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Kazinform агенттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.

Ертеде қауіп-қатер, пəле-жалаға ұшыраған, сондай-ақ, қатты ауру-сырқауға жолығып, жандары қысылған адамдар: «Я, Құдай! Я, аруақ! Осы пəледен құтылсам, жолдарыңа ақсарбас!» деп, ақсарбас атайтын салт болған, əрі пəле-жаладан аман қалған соң, ел-жұртты шақырып, атаған «ақсарбасын» сойып, нəзір берген.

Əдетте, ақсарбастың үш түрі болады:

1.Ақсарбас; 2. Көк қасқа; 3. Қызыл қасқа. Егер «ақсарбас» деп атаса – қой, «көк қасқа» десе –жылқы, «қызыл қасқа» десе – сиыр сойып, құдайы сый беріліп, көптің ықылас-батасын алады. Одан сырт, алдарына ұлы мұрат, асқақ арман қойып, сол мақсат-мұратына талпынған адамдар да: «осы мақсат-мұратыма жетер болсам, аруақтарға ақсарбас атадым» деп, ақсарбас немесе көк қасқа мен қызыл қасқаның бірін сойып, той жасайтын да дағды бар.

Ұйқы ашар

«Ұйқы ашар» – əр жылы көктемде мал төлдегенде түнде ұйықтап қалмай, төлді аман-есен алудың бір түрлі əдісі.

төл
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

Онда түнгі күзеттегілер қора шетіне от жағып, туған қойлардың уызын пісіріп ішіп, ет жеп, бір жағынан малға қараса, енді бір жағынан, бозбалалармен бойжеткендер əзіл-қалжыңмен түнді күліп-ойнап ұйықтамай өткізіп, туған төлдерді аман-есен қатарға қосады. Міне, бұл «ұйқы ашар» деп аталады.

Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.

Соңғы жаңалықтар
telegram