Қазақ кілемдері ұлтымыздың дәстүрлі үй мүлкінің ең көрнектісі

Осы көркем далаға жарасымды сән қосқан ұлтымыздың қазыналы мәдениетінің көп екені белгілі. Солардың ішінде әр шаңыраққа көрік берген, төрін құлпыртқан қазақ кілемдерінің алар орны ерекше. Ол - қазақ халқының көне заманнан бері келе жатқан дәстүрлі үй мүлкінің ең көрнектісі.
Кілем - әсемдік үшін, сондай-ақ үйдің жылылығын сақтау, дыбысты бәсеңдету үшін пайдаланылатын түрлі-түсті ою-өрнек салып тоқылған бұйым. Кілем бір немесе бірнеше қабатты, түкті немесе тықыр болып келеді.
Кілем тоқу халықтың өте ертеден келе жатқан қол өнері. Қолдан тоқылған ең бағалы кілемдердің Отаны: Иран, Франция, Үндістан, Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Ауғаныстан, Туркия, Дағыстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия, Армения, Қазақстан. Әр халықтың, әр елдің қалыптасқан дәстүр ерекшелігіне қарай кілемнің түр-түсті, ою-өрнегі, оны дайындау тәсілі әртүрлі болып келеді. Сондықтан да кілемдер тоқылған жердің немесе халықтың, тайпаның атымен аталады. (kk.wikipedia.org)
Кілемдердің шығу тарихы тереңде жатыр. Оның алғашқы түрлері қазақ топырағында, Алтай тауы маңындағы қола дәуіріне жататын Пазырық обаларынан табылған. Қазақ кілемдері өндірілген жеріне қарай - Торғай, Қызылорда, Алматы, Жамбыл кілемдері, ру үлгілеріне қарай-қыпшақ кілемі, адай кілемі, керей кілемі, қоңырат кілемі, үйсін кілемі, қосалқы белгілеріне қарай - шашақты, оқалы кілем деп те аталады.
Халқымыздың қолдан кілем тоқу өнерінің дамығанының бір айғағы 1963 жылы есеп жүргізілгенінде, қазақ жерінде кілемді қолөнер әдісімен тоқитын белгілі 176 шебер бар болып шыққан. 1936 жылдан бері ұлттық үлгілерге жаңа мазмұн беруді көздейтін Алматы кілем тоқу фабрикасы жұмыс істейді. Мұнда кілем қолмен де, машинамен де тоқылған.
Этнографтардың пайымдауынша, қазіргі түркі халықтарының кілем үлгілерінде ортақ ұқсастықтар бар. Солардың ішінде қазақ кілемдерінің арғы төркіні байырғы сақ, ғұн, қыпшақ өнерінің мұралары болып саналады. Қазақ кілемдеріндегі айшықты ою-өрнек әсері басқа халықтар кілемдерінен де байқалады. Мәселен, кавказ кілемдерінің бірі «қазақ» деп аталады.
Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан ақпаратта Қазақстанда тоқылған кілемдер әлемдегі ең ірі сауда желілерінің бірі - IKEA арқылы сатылатындығы жария болды. Тіпті, сол үшін арнайы кілем үлгілері де дайындалған.
«KAZNEX INVEST » АҚ өкілі Әйгерім Жүсіпованың айтуынша, IKEA-ға отандық кілемдерді «Бал Текстиль» ЖШС жеткізіп тұрады. Ол кілемдердің дизайны, түгінің қалыңдығы мен ұзындығы әлемдік нарыққа арналып, ерекше дайындалған.
«Биыл да аталған серіктестіктің өнімдерін насихаттау жұмыстарын жалғастырамыз. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, Латвия, Тәжікстан сынды елдерде Қазақстанда тоқылған кілемдердің таныстырылымдары өтеді», - дейді «KAZNEX INVEST» өкілі.
«Бал Текстиль» компаниясының коммерциялық директоры Қуан Ысқақовтың сөзіне қарағанда, кәсіпорын жылына бес миллион шаршы метр кілем тоқиды. Ал, жылдық саты-лымның 30 пайызын Ресей, Украина, Қырғызстан, Армения және Беларусь елдеріне жіберілетін экспорт құрайды. Биыл IKEA-ның Ресей нарығындағы өкілдігімен келісімшарт жасасқан серіктестік жыл соңына дейін экспорт көлемін 50-60 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр.
Айта кетейік, IKEA желісінің өкілдері былтыр өткен «Текстильлегпром-2015» көрмесінде Қазақстанда дайындалған кілемдерге ерекше назар аударып, қызығушылық танытқан.
Шығыс елінде кілемді тоқып, тұтынбаған халық болған емес. Кілем түрлерін ертеден бері шығарып, бүгінге дейін осы дәстүр сабақтастығын үзбей жалғап келе жатқан елдің бірі-Түрікмендер. Түркіменстан республиканың мемлекеттік елтаңбасында кілем өрнегі бейнеленген.
Әлемде алғаш рет ең үлкен кілем 1959 жылы Ашхабадта тоқылды. Оның көлемі 192 шаршы метр болды. Түрікмен шеберлері мұны 1965 жылы екі еседен астамға ұлғайтып, көлемі 525 шаршы метрлік, салмағы бір тоннадан астам кілем тоқып шығарды.
Кілем өндіру үрдісі екі түрлі әдіспен жүзеге асырылады. Біріншісі - қолмен кілем тоқу, екіншісі - машинамен кілем жасау. Қолмен кілем тоқу ағаштан жасалынған тоқыма станоктарында атқарылады. Қолмен тоқылған кілемдер өте берік болып, кейде жүз жылдан астам уақыт бойы пайдаланылады. Қолдан түкті кілемді тоқығанда оған қажетті заттар: жүн (қойдың, ешкінің, түйенің), мақта-мата, жібек, зығыр, кендір жіптері.
Кілемді машинамен тоқу 1825 жылы Еуропада бастау алды. Бұл 1806 жылы француз өнертапқышы және механигі Ж.М.Жаккард (1752-1834) ойлап тапқан машинаны кілем тоқу ісіне пайдалануға байланысты мүмкін болған еді. Машинамен тоқылатын кілемдердің сыртқы түрі мен ою-өрнегі қолдан тоқылған кілемдерден көп өзгешілігі болмағанымен, беріктігі мен төзімділігі жағынан олардан төмен болады, бағасы арзан келеді.
Машинамен тоқылатын кілемдер табиғи жіптермен бірге синтетикалық жасанды талшықтар, жүн тәріздес жіптер, химиялық қабыршық жіптерден жасалады.
Бақытжол Кәкеш