Қазақ киносы Кеңес одағынан басталмаған: зерттеуші кеңестік мифті жоққа шығарды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Журналист әрі зерттеуші Әсия Бағдәулетқызы қазақ киносының қалыптасуы туралы кеңестік кезеңде орныққан негізгі мифті жоққа шығарды. Оның айтуына қарағанда, «киноны қазақ даласына Кеңес одағы әкелді» деген түсінік шындыққа жанаспайды, керісінше, жергілікті қайраткерлердің бастамалары әдейі еленбей келген.

Әсия Бағдәулетқызы
Фото: massaget.kz

Зерттеушінің сөзінше, «Қазақ халқына кино өнерін Кеңес одағы алып келді» деген көзқарас ұзақ жылдар бойы орнығып қалған. Бұл түсінік бізде Кеңес одағына «қарыздармыз» деген ойды да қалыптастырған. Алайда Әсия Бағдәулетқызы өз диссертациялық зерттеуін жүргізген кезде мұның тек кеңестік миф екенін анықтаған.

– Бізге киноны Кеңес одағы үйретті, солар әкелді деген қарыз сезімі бар. Бірақ архивтерді ақтарып отырып, керісінше, кино туралы кеңестік кезеңде айтылмаған көп шындық бар екенін түсіндім, - дейді ол.

Кино үшін күрескен қайраткерлер

Әсия Бағдәулетқызының айтуынша, кино Мәскеуден емес, Орталық Азиядан басталған бастамалардың нәтижесінде дамыған. Қазақ жеріндегі киноның бастауында кеңестік шенеуніктер емес, жергілікті қайраткерлер тұрған. Солардың бірі – Тұрар Рысқұлов.

– Рысқұлов – тек Қазақстанда емес, Түркістан аймағында, кеңестік шығыс елдерінде өз мәдени репрезентациямыз болсын деп күрескен тұлға. Сол мақсатта «Восток фильм» деген студия құрды, - дейді зерттеуші.

Рысқұловпен қатар Файзулла Хожаев сияқты өзбек қайраткерлер де кино өнерін дамытуға белсене атсалысқан. Олар қазіргі Өзбекстан аумағында, Бұқарада киностудия ашып, аймақтың мәдениет пен өнер саласындағы дербестігі үшін күрескен.

– Осы тақырыпты зерттеген кезде киноның күресіп жүріп жеткен өнер екенін түсіндім, - дейді Әсия Бағдәулетқызы.

Сталин кезеңіндегі цензура

– Сталин билікке келген соң репрессиямен қатар киноны да қатаң бақылауға алды. Кино өндірісін Мәскеу ғана қаржыландырды, кім түсіреді, кім ойнайды, сценарийде не жазылады – бәрі Мәскеуде бекітілетін болды, - дейді зерттеуші.

Театр, әдебиет, музыка сияқты өнер түрлерін жергілікті комитеттер реттей алса, ал кино іс жүзінде Мәскеудің идеологиялық құралына айналды.

Әуезов пен «Абай» фильмі: цензураға іліккен образ

Мұның бір мысалы – Мұхтар Әуезовтің «Абай» пьесасы мен соның негізінде жазылған киносценарийдің тағдыры.

Пьесада орыс декабристерінің бірі – Долгополов есімді кейіпкер бар. Ол Абай ауылында қонақ болып, екеуі пікір алмасады, Абай оған рухани қолдау көрсетеді. Бұл деталь сол кездегі театр сахнасында рұқсат етілген, бірақ кино нұсқасында Мәскеу цензурасы оны өткізбей қойған.

– Мәскеудегі шенеуніктер «Долгополов неге сонша Абайға тәуелді?», «Абай неге соншалықты білімді болып көрінеді?», «Абайды Абай еткен орыстың прогресшіл ойы емес пе?» деген сұрақтар қойған. Сценарийді өзгертіп, Долгополовтың образын күшейтуді талап еткен, - дейді Әсия Бағдәулетқызы.

Осы нұсқаулықтан кейін Әуезов сценарийді қайта жазуға мәжбүр болып, оған ресейлік жазушы Соболев тең автор ретінде қосылған. Зерттеушінің айтуына қарағанда, бұл – сол кездегі қалыпты тәжірибе еді: қазақ авторының жұмысына міндетті түрде «сырт көз» бекітіліп, идеологиялық бақылау қойылатын.

– Бұл Әуезовтің сценарийі нашар болды деген сөз емес, идеологияның талабы еді, – деді ол.

Кеңестік көзқарас пен мәдени нәсілшілдік

Әсия Бағдәулетқызының айтуынша, кеңестік саясаттың түпкі мақсаты – жергілікті халықтарды мәдени тұрғыда екінші қатарға ысырып, Мәскеуді өркениеттің жалғыз көзі ретінде көрсету болған.

– Бұл – жай ғана кемсітушілік емес, мәдени нәсілшілдік көрінісі. Кеңес одағының идеологиясы тек қазақтарға емес, Орталық Азия халықтарына, Сібір мен тіпті Моңғолияға қатысты да осындай көзқарас ұстанды, - дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі кинопрокат нарығын қадағалау үшін заңнаманы күшейту жұмысын бастағанын жазғанбыз.

– Атап айтқанда, Парламент депутаттарының бастамасымен «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу жоспарланған. Оның ішінде фильмге прокаттау куәлігін бермес бұрын фильмді алдын-ала көру, сондай-ақ фильмді алдын ала көруді жүзеге асыратын тиісті сараптама комиссиясын құру мәселесі қолға алынды, - деп жауап берді министрілік өкілдері сол кезде агенттік сауалына.

Ведомство Заңға өзгерістер енгізіліп, аталған нормалар өз күшіне енген соң фильмдер қатаң сүзгіден өткізіліп, кинопрокатқа барынша сапалы контент шығатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, осы жылдың наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар екенін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар