«Қазақ-Қытай» ықпалдастығы бұрын-соңды болмаған белестерге шықты – Мұрат Нұртілеу

Мұрат Нұртілеу
Фото: Kazinform/Солтан Жексенбеков

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай өркениеті мен қазақ елі арасындағы тығыз қарым-қатынастың тамыры терең әрі ұмтылыстары жарқын болашаққа бағытталған. Екі ел қарым-қатынасы туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты. 

«Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі құрметті Ван И мырзаға және оның ерткен делегациясына Астанаға қош келдіңіздер дей келе, менің шақыруымды қабыл алғаны үшін әріптесіме алғысымды білдіремін. «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» демекші, сіздей мәртебелі әрі қадірлі қонағымызға төрімізден әрдайым орын бар. Бүгінде Қытай – саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және технологиялық жетістіктерін әлем мойындаған беделді мемлекет», - деді Мұрат Нұртілеу елордада Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И-мен кездесуден соң БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасай отырып.

Оның айтуынша, Қытайдың халықаралық аренадағы рөлі мен айрықша ықпалы баршаға аян.

«Орталық Азия елдерімен теңдік, ашықтық, өзара сыйластық пен сенім және конструктивтік қағидаттарына сай қарым-қатынас орнатып, олардың егемендігі мен тәуелсіздігіне, территориялық тұтастығына қолдау көрсетуі Бейжіңнің аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қосқан зор үлесі деп білеміз. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай өркениеті мен қазақ елі арасындағы тығыз қарым-қатынастардың тамыры терең әрі ұмтылыстары жарқын болашаққа бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен төраға Си Цзиньпин мырзаның саралы саясатының арқасында «Қазақ-Қытай» ықпалдастығы бұрын-соңды болмаған белестерге шықты. Біз тату көршілерміз, дәстүрлі достар және мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктеспіз», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстанға ресми сапармен келді

Соңғы жаңалықтар