Қазақ қыздарының қайсарлығы мен батылдығын көрсете білдік – Құралай Қабырайқызы

ОРАЛ. KAZINFORM – Әлемдік деңгейде ел намысын абыроймен қорғап жүрген қазақ қыздары аз емес. Халықаралық әйелдер күніне орай Kazinform тілшісі солардың бірі – жауынгерлік самбодан әлем біріншілігінің қола жүлдегері, БҚО полиция департаменті жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы, полиция капитаны Құралай Қабырайқызымен сұхбаттасқан еді.

Құралай Қабырайқызы
Фото: Құралай Қабырайқызының жеке архивінен

- Құралай Қабырайқызы, спортқа қалай келдіңіз, алдымен сол жөнінде әңгімелеп берсеңіз?

- Мен Казталов ауданы Ақпәтер ауылында туып өстім, отбасында бес бала болдық. Осынау киелі жерден Жеңіс Стамғазиев сынды білікті бапкерлердің арқасында самбодан әлем чемпионы Нұрбол Серіковтей сайыпқыран спортшылар түлеп ұшқанын көпшілік жақсы біледі.

Жарысқа барып келіп жүрген қыздарды көріп, дзюдоға қызығушылығым оянды. Өзім де ұл балалармен бірге ойнап жүретінмін. Содан бесінші сыныпты бітірерде үйірмеге қатыса бастадым. Жетінші сыныпта Ақтау қаласында дзюдодан өткен Қазақстан чемпионатына қатыстым. Оған Жеңіс ағаның шәкірті, марқұм Алпамыс Бисенбаев дайындап апарды. 48 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде есе жібергеніммен, дулы бәсекеге толы ортаның қандай болатынын көрдім.

Құралай Қабырайқызы
Фото: Құралай Қабырайқызының жеке архивінен

Ақпәтерде сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатына ауысып, самбо бапкері Тимур Есеевтің қол астында жаттықтым. Қазіргі бапкерім – Альмира Исатаева.

Құралай Қабырайқызы
Фото: Құралай Қабырайқызының жеке архивінен

Самбодан Қазақстан Республикасының спорт шеберімін. Жауынгерлік самбодан Азия чемпионатының үш дүркін қола жүлдегерімін. Оған қоса 2024 жылы Астана қаласында өткен әлем біріншілігінде 54 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке іліктім. Қоян-қолтық ұрыстан, жауынгерлік қарумен нысана көздеуден Қазақстанда озық шықтым.

Қазіргі табыс-жетістіктерім де спортпен тұрақты айналысуымның нәтижесі деп есептеймін.

- Спортқа етене жақын болғаннан кейін ішкі істер органдарына орналасу да қиынға түспеген шығар?

Құралай Қабырайқызы
Фото: Құралай Қабырайқызы жеке архивінен

- Бұл жерде әркім өзінің алдына айқын мақсат қоя білуі тиіс деп ойлаймын. Сол биік арман жолынан айнымаса, көздеген межесіне жетеді. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің дене тәрбиесі және спорт мамандығын 2017 жылы меңгергеннен кейін облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасында үш жыл жұмыс істедім. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінен қосымша құқықтану мамандығын алдым. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта бұрын қыздар болмаған екен. 2021 жылы алғашқылардың қатарында сынақтан өтіп, арнайы жасаққа қабылдандым. Содан бері осы сапта қызмет етіп келемін.

- Арнайы жасақ құрамында Дубайда өткен UAE SWAT Challenge халықаралық жарысына екі мәрте, биыл және өткен жылы қатыстың. Осы әлемдік дода туралы не айтар едің?

- Арнайы жасақтар олимпиадасы болып есептелетін айтулы жарыста өткен жылы таиландтық қыздарды алға жіберген едік. Сонда жіберген қателіктерімізден сабақ алдық, қай жерде не істеу керек екендігін керектігін білдік. Биыл 48 мемлекеттен барлығы 109 команда бақ сынады. Соның ішінде Қазақстаннан бес команда барды. Соның төртеуі ерлерден құралса, біреуі – «Томирис» қыздар командасы.

Құралай Қабырайқызы
Фото: Құралай Қабырайқызы жеке архивінен

Бұл сайыстың ерекшелігі, жігіттер, қыздар болып бөлінбейді, барлық команда бірдей сыннан өтеді. Төрт күн бойы ату даярлығы бойынша тактикалық жаттығуларды орындаймыз. Әр күнге арналған жаттығу бар. Соның ішінде офицерді құтқару, пирамидадан өту, 80 килограмдық манекенді алып жүру, 120 килограмдық дөңгелек көтеру сияқты аса қиын сынақтар бар. Бесінші күні арнайы кедергілер жолағынан өту де оңай емес. Сайыс болған соң, мұндай сәттерде секундтардың бір бөлігінің өзі рөл атқарып кетеді.

Құралай Қабырайқызы
Фото: Құралай Қабырайқызы жеке архивінен

Жарыс қорытындысында Қазақстанның төрт ерлер құрамасы бірінші, екінші, сегізінші және жиырмасыншы орын алды. Біз 18-сатыға табан тіреп, әйелдер арасында чемпион атандық. Көптеген ерлер командаларын да артта қалдырдық. Осы додада Қазақстан командасының мықтылығын бүкіл әлем мойындады.

Құралай Қабырайқызы
Фото: Құралай Қабырайқызының жеке архивінен

- Бұл көп уақыт бойы төккен тер мен үздіксіз жаттығудың жемісі ғой? 

- Әрине, дайындықтың өзіне күш керек, жаттығу керек. Оған қоса тәртіп болуы қажет. Отыздан астам қыздардың арасынан іріктеліп, «Томирис» командасына сегіз адам ғана алындық. Екеуі қосалқы құрамда болды. Астана қаласында «Сұңқар» арнайы жасақ базасында төрт ай бойы жаттықтық. Содан кейін Дубайда тағы екі ай шеберлігімізді ұштадық. Ауа райына, жергілікті жағдайға бейімделдік.

Ең бастысы, Мәншүк пен Әлия, Хиуаздай батыр апаларымыздың жолын жалғап келеміз деп ойлаймыз. Қазақ қыздарының қайсарлығы мен батылдығын көрсете білдік. Біздің әлсіз болуға құқығымыз жоқ. Қанмен берілген қасиетті байыта білуге міндеттіміз.

- Дубайдағы жарыстан жеңіспен оралғаннан кейін Мемлекет басшысы қабылдап, құрмет көрсетті. Бауыржан Момышұлы атындағы екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталдыңыз. 

- Мұның бәрі бізге қанат бітіріп, күш береді. Жұмыста болсын, жарыста болсын, өз міндет-борышыңды ойдағыдай атқара білгенге не жетсін. Сондықтан мұндай мотивация бұрынғыдан да екі-үш есе артық жаттығып, өзіңді шыңдай түсуге жетелейді. Жалпы, өзім режиммен жүріп-тұрамын, ерте жатып, таңмен алты-жетілерде тұрып, серуендеймін. Алдағы арман-мақсатым да біреу – Қазақ елінің намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды биікте желбірете беру.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттағанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум