Қазақ қоғамында өзіндік орны болған батырлардың рөлі мен қызметін қайта зерделеу, оны жас ұрпаққа дәріптеу кезек күттірмес мәселе- тарихшы Меңдігүл Ноғайбаева

АТЫ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси ұйымдасуының мәселелерін сөз еткенде көп жағдайда оның өзіне тән ерекшеліктері назардан тыс қалып келе жатыр. Тарихымызды зерттеудің теориялық-әдістемелік ұстанымдарын түбірлі түрде қайта қарастыру әлі күнге дейін күн тәртібінен
None
None

түспей келе жатқанымен, көптеген мәселелерді зерттеуге келгенде сол бұрынғы ұстанымдар шеңберінен шыға алмай отырмыз. Біз осыған орай қазақ қоғамындағы батырлардың орны мен рөлін және олардың әлеуметтік-саяси институт ретіндегі қызметін бағалау жайында әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Меңдігүл Ноғайбаеваны әңгімеге тартқан едік.

- Меңдігүл Сағатқызы, батырлық дәстүрінің қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік және рухани жүйесіндегі орны жөніндегі ойларыңызбен бөліссеңіз?

- Соңғы жылдардағы зерттеулерде батырлар институты ұғымы қолданылып келе жатқанымен, ол әлі күнге дейін дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымының ажырамас бөлігі ретінде толық қарастырылып отырған жоқ. Мәселен, көптеген зерттеушілер қазақ тарихындағы жекелеген батырлардың қызметі мен өмір дерегін баяндаумен ғана шектелуде. Бүгінгі тарих ғылымына жалаң фактілерді баяндап қана қою аздық етеді. Керісінше, осы оқиғалардың туу себептерін, салдары мен нәтижелерін, өзіндік ерекшеліктерін анықтауға баса назар аударылуы тиіс. Сондықтан батырлар да қазақ қоғамындағы өзіндік ерекшелігі бар жеке әлеуметтік категория ретінде зерттелуі тиіс. Сонда ғана дәстүрлі қазақ қоғамының жалпы сипатын, мәнін, маңызын, одан әрі жалпы қоғамның мәдени-рухани дамуының негіздерін түсінуге қол жеткіземіз.

Мысалы, көптеген орыс зерттеушілері мен саяхатшыларының ХIХ ғасырдағы отаршылдық езгінің салдарынан құлдырауға ұшыраған қазақ қоғамын дәстүрлі қоғам ретінде көрсетуін біз бүгінге дейін қабылдап келеміз. Сол себепті қазақ халқы жалқау, бей-берекетсіз, қамсыз және тағы басқа да жағымсыз мінездемеге ие болып, тіпті бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз ретінде көрсетіліп жүрген жайы да бар. Керісінше, біз келешек ұрпақты халқымыздың жауынгерлік рухы мен ерлік тарихы негізінде тәрбиелеуіміз қажет. Бұл тек дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік ұйымдасуының ерекшеліктерін дұрыс түсінгенде, соның ішінде әсіресе батырлардың рөлін қайта қарастырғанда ғана мүмкін болмақ.

- Дәстүрлі қазақ қоғамына тән батырлар институтының қалыптасу кезеңдерін зерттеу мәселесі қалай?

- Жалпы тарихи-мәдени дамудың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты ел ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі әскери іспен кәсіби тұрғыда айналысатын адамдардың пайда болуына және олардың осы қоғамдық қызметтерді атқаруды өз міндетіне алу барысында жеке әлеуметтік жік ретінде қалыптасуына әкелді. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән батырлар институтының қалыптасуының қайнар көздері ежелгі замандардан бастау алады. Геродот сияқты ежелгі авторлардың басым көпшілігі өз шығармаларында көшпелі халықтардың жауынгерлігіне ерекше назар аударады. Шетелдік зерттеушілер де көшпелі халықтардың жауынгерлік рухының мықтылығы мен әскери өнерінің ерекше қуаттылығын талай рет тамсана жазған.

Батырлар институты өзінің қалыптасу кезеңдерінде көшпелілер қоғамына тән басқа да әлеуметтік институттармен бірге дамыды. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар әрі би, әрі жырау, әрі елші, әрі ру басшысы қызметін қоса атқара беруімен ерекшеленеді. Зерттеуші А.И. Першиц көшпелі халықтардың саяси құрылымының ерекшеліктерін рулық құрылымдардың басшыларының негізінен әскери көсемдер болғандығымен түсіндіреді. В.Я. Владимирцов моңғол нояндары өз биліктеріне рудың ақсақалдары ретінде емес, негізінен күшті, епті батыр ретінде қол жеткізгенін атап өтеді. С.М. Абрамзон да алғашында тек соғыс кезінде ғана ерекше рөлге ие қырғыздың әскербасы-батырларының бірте-бірте ру ақсақалдарын екінші қатарға ығыстырғаны туралы жазады. Қазақ қоғамындағы батырлардың институционализациялануы олардың тек қана жеке батыр ретінде ғана емес, би, шешен, жырау, ұлыс, ру билеушісі ретіндегі функцияларды бір қолға жинақтауынан келіп туындағанын көреміз. Белгілі зерттеуші Е.Бекмаханов XIII-XIV ғасырлардағы батырлар мен XVIII-XIX ғасырлардағы батырларды бірдей қарастыруға болмайтындығын атап көрсеткен еді.

азақ хандығының саяси құрылымының басты ерекшелігі оның ру-тайпалық құрылымымен тығыз байланысты емес пе?

-Тарихи қалыптасқан жағдай олардың барлық өмірін әскерилендіруге әкеліп соқты. XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басындағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саясатының даму ерекшеліктері батырлар институты ықпалының артуын туғызды. Осы кезеңнен бастап батырлар жеке әлеуметтік-саяси институт ретінде қалыптасты. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән батырлар институтының саяси-әлеуметтік күш ретінде қалыптасуы қазақ қоғамының әлеуметтік ұйымдасуынан келіп туындайтын саяси жүйесіндегі ерекшеліктерімен байланысты болды.

П. Рычков қазақ даласындағы «үкіметті негізінен демократиялық деп атауға лайық» дей келе рулар мен тайпа көсемдерінің, соның ішінде би, батырлардың ықпалының жоғарылығын атап өтеді. П. Паллас та әр рудың немесе аймақтың басшыларының дербес шешім қабылдау еркінің басымдығын атап көрсетеді.

XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының ел басқару жүйесі туралы сөз еткенде ең алдымен «аймақтарды сұлтандар, одан кейін билер, ұсақ руларды және оның тармақтарын қара сүйектерден шыққан өз аталастары билейді» деген пікір басым айтылады. Бұған қарап, қазақ қоғамындағы би, батырлардың билігі шексіз болған деген пікір туындамауы қажет. Олардың белгілі бір аймақ, ұлыс немесе ру-тайпа басшысы ретіндегі билігі хан тарапынан бекітілуі тиіс болды. Беделді батырдың билігі оның хан тарапынан мойындалып, белгілі сый-құрметке ие болуымен тығыз байланысты. Дегенмен, мәселенің екінші жағынан алып қарағанда хан-сұлтандар да өз кезегінде халықтан шыққан тұлғалардың, соның ішінде батырлардың қолдауына ие болғанда ғана ел алдында мерейі үстем, билігі мықты бола түсетін еді.

- Көшпелілер өміріндегі соғыс пен әскерилену ерекшелігі олардың психологиясы мен идеологиясына қаншалықты өз әсерін тигізді?

- Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлардың өздеріне тән ар-намыс кодексі, жауынгерлік этикасы мен дәстүрі де қалыптасты. Олар ерлік пен ізгілікті мұрат тұтты. Нағыз батыр жүрегі ізгілік пен мейірімге толы, достыққа адал, сертке берік, елге тұтқа әрі пана бола білетін тұлға болды. Батырлардың рухани-моральдік бет-бейнесі мен негізгі қызметін халқымыздың этномәдени жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыруға тиіспіз. Батырлық қазақ қоғамында ежелден өмір салты ретінде қалыптасты. Әрбір жас жеткіншек батыр атағын иелену үшін сол әлеуметтік ортаның талаптарына сай болуы керектігін түсініп өсті. Батырлар жырында осы бір далалық салттың мәдени идеалы жасалған. Жырлардың көпшілігінде болашақ батырдың дүние келуінің өзі үлкен оқиға ретінде суреттеледі. Оның есімі де ерекше қойылады, өзіне лайық тұлпары, қару-жарағы, сүйікті жары, досы, қолдап-қоршап жүретін пірі болады.

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап батырлар институты бірте-бірте өзінің маңызынан айырылып, жойылуымен қазақ халқының дәстүрлі қоғамына тән құндылықтары да бірге жойыла бастады. Патша өкіметінің отарлау саясатының нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамына тән барлық әлеуметтік институттармен қатар, оларға байланысты халықтың рухани таным-түсінігімен біте қайнасып кеткен ұғымдар да күйрей бастады. Осыған байланысты кезінде әлемді бағындырған, өзінің батырлық дәстүрі мен жауынгерлік рухының күштілігімен тамсандырған көшпелілер ұрпақтары өздерінің батырлық рухы мен идеалынан айрылып қалды. Сондықтан бүгінгі таңда қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымында, мәдени-рухани жүйесінде өзіндік орны болған батырлардың рөлі мен қызметін қайта зерделеу, оны жас ұрпақ арасында дәріптеукезек күттірмес мәселе болып табылады.

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар