Қазақ көкпаршылары арасындағы Саша «Ең үздік шабуылшы» атанды

Қазақстандағы өзге ұлт жастары көкпарға көп қызығушылық таныта бермейтіні белгілі. Ал үзеңгілестері Саша деп атайтын украин жігіті көкпар атына 14 жасында қарғып мініпті. Ол отбасымен тұрған Астана қаласының Интернациональный кентінде бұрын «Құлагер» атты спорт клубы ашылған екен. Бала кезінен жылқықұмар ол 9 жасынан бастап бәйгеге қатыса бастайды. Осылайшы, Александр Қазақстан ұлттық құрамасы жаттықтырушыларының көзіне 16 жасында түскен.
«Үш жыл бойы Ұлттық құраманың сапында жүріп, кейін ересектер құрамасына қосылдым. Қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткеніме 5 жылдан асып кетті. Соңғы екі жылда Маңғыстау облысының құрамасының жаттықтырушысы әрі ойыншысы болып жүрмін. Ол жаққа мені шақырып алды», - дейді көкпаршы.
Қазақстан чемпионатында жүрген кезінде Александар бірнеше мәрте жарақат алған. Тіпті бір ойында аяғын сындырып алған кезі де болған. Бірақ, көкпар ойынын көрсе орнында отыра алмайтын жігерлі жастың бетін кез келген қиындық қайтара алмайтын секілді.
Қазақстан мен Қырғызстан құрамасының бүгінгі финалдық кездесуінің 16-минутында көкпар алаңында ойын кілт тоқтап, төрешілер жағдайдың мән-жайын анықтай бастап еді. Сөйтсе, Александр еңкейіп серкені көтере бергенде қырғыз көкпаршы Сейітбек Анарбекұлы арындап келіп, аттың кеудесімен соғып өткен. Саша ауып түсе жаздап, аттың жалын құша берген. Көп кешікпей жедел жәрдем де келіп жетті. Бірақ, абырой болғанда, Александр жарақат алған жоқ. Ал ойынның ережесін өрескел бұзған қырғызстандық көкпаршы бес минутқа ойыннан шеттетілді.
«Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Бұрынғы ойындарым туралы айтар болсам, Қырғызстанда 2008 жылы өнер көрсеткенмін. Ол кезде екі елден төрт-төрт командадан қатысқан болатын. Біз жақтан Әулиеата, Шымкент, Астана мен Жетісу командалары барғанбыз. Ары қарай ол жақта көтеріліс болып кетті де, ойынымыз аяқсыз қалды. Ал турнирлерде көп болып жүрмін. Барлық командалар осы жолы өздерін жақсы танытты. Моңғолдар, тәжіктер жақсы төселіп қалыпты, бірақ басты қарсыласымыз сөзсіз - қырғыздар. Өткен жылы Қырғызстанда өткен «Көшпенділер фестивалінде» олардан жеңіліп қалғанбыз. Осы жолы есе қайтардық. Америка ковбойларымен тез тіл табысып кеттік. Олардың капитаны Крид Гарник сөз жоқ мықты екен. Бірден игеріп алды. Біз өз тарапымыздан тәжірибемізді бөлістік», - дейді көкпаршы.
Қазақстанның ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Нұркен Байбөриев Сашаның кішкентай кезінен-ақ көкпардан көрініп жүрген мықтылардың бірі екенін айтады.
«Оның ерекшелігі -физикалық жағынан күші мығым, әрі епті. Шабуылы алапат. Көкпардың техникасын толық меңгерген. Басқа ұлттардан көкпаршылар ілуде бір шығып жатыр ғой. Пупенконың ұлттық құрамада жүргеніне 5 жыл болды. Әлем чемпионатында «Ең үздік шабуылшы» атану екінің бірінің қолынан келе бермейді», - дейді аға жаттықтырушы.