Қазақ күресіне қыздарды қосса - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей назарларыңызға «ҚазАқпарат» ХАА еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады - Оңтүстік Қазақстан газеті

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын көтерілетін өзекті мәселенің бірі баланы мектепке дайындау. Баспасөзде бір баланы мектепке дайындауға қанша кететіні жыл сайын осы тамыз келіп, оқу жылы тақалғанда бір саналады. Сосын кітап мәселесі де осы тұста көтерілетіні белгілі. «Оңтүстік Қазақстан» газеті де жылдағы дәстүрге салып, баланы даярлауға қатысты ата-анаға түсетін ақшаның ауыртпалығын шотқа салып, санап шыққан екен. Еліміздегі киім-кешек арзанырақ аймақ болғандықтан облыстық газетте басылған мақалаға назар аудардық. Тілші Шымкент базарларына шығып, осы мәселенi зерттеп көрген екен. Базар нарқына қарағанда биыл мектеп киімдерінің бағасы өткен жылға қарағанда 300-500 теңгеге қымбаттаған. Дегенмен, сапалысы әртүрлі бағада қыммбаттатылып, сатыла береді. Тілші базар аралап, киім саралағанда, сатып алушымен ғана емес, сатушылармен де тілдескенде Түркияның киімі сапалы әрі қымбаттау, Қытай мен Қырғыздың киімі оларға қарағанда арзандау екенін байқапты. Отандық өнім туралы әңгімеге де назар аудартып, қазақстандық өнімді тұтынуға кеңес бере кетеді.

«Сонымен, бiздiң есептеуiмiзше, бiр баланың киiмiне - 40 мың, оқуға қажеттi құрал-жабдықтарына 20 мың теңге кетедi екен. Ал, оқу жылы басталғанда жетпеген оқулықтарды сатып әпересiз. Оның үстiне, күз келе жатыр. Iле-шала балалардың жылы киiмдерiн де дайындау керек болады...». Бұл Шымкенттегі баға. Ал басқа өңірлерде базар нарқы одан біразға қымбат болатыны да белгілі. Бір отбасының мектепке баратын екі-үш баласына есептесеңіз, әрине баланы мектепке дайындауға ауыртпалық жыл сайын үдеп келе жатқанын көреміз.

Қазақ күресіне қыздарды қосса - Жетісу газеті

Жақында Бішкек қаласында өткен дзюдодан Азия біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққанның бірі Камила Берліқаш екен. «Жетісу» газеті дзюдодан азия чемпионымен болған сұхбатты жариялаған екен. «Алтын қызбен» әңгімеде тілші спортшы жайлы жан-жақты мәлімет беріп өтеді. Камиланың спортқа келу жолдарына да тоқталады. «Алғашында анам рұқсат бермеді. «Күреске барма. Қыз баласың ғой, биге, домбыраға бар», - деді. Анам­ның айтуымен домбыра үйірмесіне бардым. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Ақыры әкем мені 2011 жылы 11 жасымда УПК залына күреске алып келді» дейді Азия чемпионы сұхбат барысында. Сосын журналистің «Дзюдомен ғана айналысасыз ба?» деген сұрағына жас спортшы былай жауап берген екен. «Самбоның ережесі бөлек болғандықтан бас бапкер күрестірмейді. Ал қазақша күреске қыздарды толық қоса қоймады. Бірақ қыздар арасында «Қазақстан барысы» болса міндетті түрде барар едім. Өйткені қазақ күресі біздің төл спортымыз. Қазақ күресіне қыздарды қосса дұрыс болады деп ойлаймын».

Шындығында қазақ күресіне қыздарды қосса қалай болады екен? Бұрын қазақтың палуан қыздары болған ба? Осы сұрақты ұйымдастырушыларға да қою керек шығар.

Латынға көшу жарты жолдан қайтатын той емес қой - Сыр бойы газеті


«Сыр бойы» газеті латын әліпбиі мәселесіне мақала арнапты. Онда әліпби реформасына қарсы шығып жүргендер туралы да айтылады. Автордың жазуынша, латынға қарсы шығушылардың дүйім көпшілігі негізінен совет заманын көріп қалғандар. «Олардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Бірі - қазақ тілінің болашағына, оның мемлекеттік тіл ретінде дамуына алаңдаушылар. Бұлардың уәжін адами тұрғыдан ұғынуға, түсінуге де болады. Себебі, көңілдері мен алаңдаушылықтарының артында қитұрқы дүние немесе басқа мемлекеттің мүддесі тұрған жоқ. Тағы бірі - латын қарпіне қарсы шығу арқылы билікке сес көрсеткісі келеді, осы арқылы, жалпы, өзінің оппозициялық көзқарасын ұғындырып жатады. Қысқасы, бұл олардың билікке сенбеуінің сублимациясы» деп жазады Сыр бойы.

Бұдан бөлек, мақалада латын туралы әңгіменің шығу төркініне көз жүгіртіп, түптеп келгенде талай талқыдан өткендіктен «қазақ қоғамы бұған іштей дайын» екеніне назар аудартылады. Тоқ етеріне келгенде автор латынға көшудің  ұрпақ үшін жасалып жатқанына да назар аударады. «Тағы да қайталап айтайын, латынға көшу біз үшін жасалып жатқан жоқ. Ертеңгі күні балабақшаға, мектепке барып, 10-15 жылдан соң саясат сахнасына келетін ұрпақ үшін жасалып жатыр. Сол ұрпақ латын қарпі арқылы, бір жағынан, кешегі метрополиядан алыстап, заманауи өркениеттік бағытқа қарай ұмтылса ғана жеңе аламыз» деп түйіндейді автор мақаласын.

 

Ақтауда ерекше үйлену тойы өтті - Маңғыстау газеті

Күні кеше Шымкентте үйлену тойындағы қыдыруға жастар тікұшақпен шығып, біраз жұрттың сөзіне де қалған. Бұны бір жағынан ысырапшылдық, даңғазалық деп сынаса, енді бірі құқықтық келте кеткен  жеріне үңілді. Әлбетте, үйлену тойы екі жастың естен кетпестей болатын ең бақытты сәті екені, оны әркім де сән салтанатымен атап өтуге құқылы екеніне ешкім дау айта алмас. Дегенмен, Ақтаудағы екі жастың үйлену тойы әрбір адамға да үлкен ой салатыны анық. Айталық, «5 тамыз күні үйлену тойын тойлауды ұйғарған Мұнайлы ауданы Басқұдық селосының тұрғындары - Каритов Нәжіматдин мен Нұржігітова Баянсұлу есімді 2 жас өмірлеріндегі ең бақытты күндерін облыстық қариялар үйінде өткізуді ұйғарыпты. Жастар өздерінің қуанышты сәтінде қариялар үйінде дастархан жаюды жоспарлаған екен».

Ал үйлену тойына қатысты неліктен мұндай шешім қабылдағандары жайлы сауалға екі жас: «Біз жалғызбасты қариялардың той тойлап, қызық көргенін қаладық себебі олардың көпшілігі өз балаларын үйлендіріп, қызық көрген де емес, көбі соны армандаумен жүреді. Сондықтан біз қарияларды қуантып, олардың ақ батасын алсақ дейміз» деген екен.

Шындығында көпке үлгі болатын-ақ қадам. Өйткені қазіргі қазақтың тойы бір-бірімен бәсекелестікке салынып, даңғазалық пен ысырапшылдыққа көбірек ұрынып жатқан сыңайлы. 

Тіл керуені республикалық деңгейге шығуға ұмтылады-  Сарыарқа самалы

Павлодар облысында «Тіл керуені» атты керемет жоба биыл да жүзеге асқан. Тіл керуені жобасының мақсаты - қазақ тілін, ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін дәстүрлі емес бағытта насихаттау. Яғни, флеш-тренинг, ойын түрінде дәріптеу. Тағы бір ерекшелігі - дәрістердің киіз үйде өткізілуі. «Сарыарқа самалы»  газеті облыс басшылығының бастамасымен қолға алынып жатқан осынау ерекше жобаның биылғы маусымына да барынша мән берген. «Дені   өзге ұлт өкілдерінен тұратын жобаға биыл 100-ден астам адам қатысқан. Әрине, олардың бәрі қазақшаны түбегейлі меңгеріп кетпесі анық. Бірақ ауызекі тілде сөйлеуді меңгереді». Ұйымдастырушылар жобаны республикалық деп жариялау туралы ұсыныс айтқан екен. Себебі мұндай жоба өзге аймақтарда қолға алынбаған. Айта кетерлігі, «Тіл керуені» фестивалі аясында Торайғыр көлінің жағасына 9 киіз үй тігілген.

Қобдадан шыққан билер - Ақтөбе газеті

«Ақтөбе» газеті Елбасының «Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау керек, сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың» деген сөзіне орай, арнайы мақала жариялап, онда бүгінгі ұрпақ көп тани бермейтін Қобда өңірінің айтулы тұлғаларын дәріптейді. Солардың қатарында мақала Қоңырау Тышқанбайұлы мен Оразбай Бәсібекұлына арналып отыр.

«Би атағын алу үшін халық жиналыстарында сөйлеп сыналып, атақ-абыройға ие болған, елді аузына қарата алатын шешен, қара қылды қақ жарған әділ, әдет-ғұрып заңына жетік білгір, ата-баба мекенін жаудан қорғайтын жүректі, әскери амал-тәсілдерді меңгерген дарынды қолбасшы батыр, дау-жанжалдарды ақылмен шешетін ойшыл, әлеуметтік заң-жораларды жасай алатын заңгер, халықты билеген хандарға кеңес беретін ақылгөй, өмір тіршілігін терең зерделеген философ болу керек деген тұжырымды алға тартып қарағанда, осы екі адамның да сол деңгейден көріне білгені анық байқалады» деп жазады автор. Мақалада екі бидің өмір сүрген ортасы, билігі туралы деректер келтіріле отырып, олардың халық алдындағы еңбегіне де ерекше назар аударылады.

Қобда өңірінің билері туралы сөз қозғағанда автор ғылыми еңбектермен қатар архив құжаттарынан да мысал келтіріп отырады. Ең бастысы Қобдадан шыққан билер туралы зерттеулер алдағы уақытта да жалғасатыны жазылады. «Өйткені қазақ тарихында ерекше орны бар билер институтының тәлім-тағылымы келер ұрпаққа жетуі тиіс деп ойлаймыз. Қай кезде де дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап, «қара қылды қақ жарған» деп мақтаған. «Халқына құл болмаған би болмайды». Бұл сөздің де мәні терең. Ендеше жақсы мағынасында алғанда халқына құл бола білген билеріміздің есімдері ескерусіз қалмасын» деп түйінделеді мақала. 

Соңғы жаңалықтар