Қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу туралы өтінім берді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

қазақ күресі
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда спорттың 11 ұлттық түрі бар. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі танымалдығы да артып келеді. Аталған спорт түрлері бойынша федерациялар әлемнің 50-ден астам елінде құрылған.

— Жақын уақытта елімізге Азия Олимпиадалық кеңесінің бас хатшысы келеді. Біз қазақ күресін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу туралы өтінім бердік, — деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар министр тоғызқұмалақтың да ел ішінде және шетелде белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл спорт түрінен әлем және Азия чемпионаттары тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Ведомство басшысының сөзінше, алдағы уақытта тоғызқұмалақты да халықаралық кешенді спорт жарыстарының бағдарламасына енгізу бағытында жұмыс жүргізіледі.

Бұған дейін Қазақстанда ұлттық құрамаларды даярлауға 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін жазғанбыз.