Қазақ-қырғыз бір туған

Ақордада өзінің қырғыз әріптесін жылы қабылдаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан мен Қырғызстанда рухы, тарихы, мәдениеті, тілі, ділі және діні бойынша бір-біріне өте жақын халықтар өмір сүреді. Құдайы көрші болғандықтан, біздің де ата-бабаларымыз сияқты достық пен бауырластықты ту етіп, оны келешек ұрпаққа жеткізу - ортақ парызымыз» деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ екі елді берік тарихи-мәдени байланыстар біріктіретінін атап айтты. Мысалға, екі халықтың достығының символы ретінде Бішкекте - Абайдың, Астанада - Манастың ескерткішін тұрғызу жұмыстары аяқталып қалыпты. Шоқан Уәлиханов пен Шыңғыс Айтматовтың есімдерін Бішкек пен Астана көшелеріне беру арқылы ұлықтау жұмыстары жүргізілуде.
Елбасымыз Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне де қол ұшын созатынын атап өтті. Мәселен, ортақ шекараларды жабдықтауға қаражат жинау үшін қазақстан-қырғызстан тікелей инвестициялық қоры құрылмақ.
«Ауғанстан мен Сириядағы оқиғалар, Ресей мен Батыс елдерінің алауыздығы бізге де әсер етуде. Сондықтан біз барлық мәселелерді бірігіп шешуге тиіспіз. Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастық қарым-қатынастары арқылы басқаларға үлгі болуы керек»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев Алмазбек Атамбаевпен кездесуі кезінде.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар жақсы дамып келе жатқанына екпін түсірді. Президенттің айтуынша, соңғы екі жылда сауда айналымы 1 млрд. доллар межесінен асыпты. Ағымдағы жылдың 8 айында өңірлік және әлемдік экономикадағы жағымсыз ахуалға қарамастан, өсім деңгейі 5,2 пайызды құраған. Қырғыз елі өзі тұтынатын бидайдың 100 пайызын, ұнның 97 пайызын, минералдық шикізаттардың 70 пайызын, органикалық емес химиялық заттардың 53 пайызын Қазақстаннан импорттайды. Ал Қазақстан сүт өнімдерінің 90 пайызын, жеміс-жидектердің 56 пайызын бауырлас елден тасымалдайды. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық кәсіпкерлер қырғыз экономикасын дамытуға 1 млрд. доллар қаражат салыпты.
«Соңғы жылдары Қазақстан дамуға зор серпіліс жасады. Соның арқасында әлемдегі экономикасы жылдам дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Өз басым Астанаға әр келген сайын дала төсінде осындай ғажайып шаһардың бой көтергеніне таң қаламын»,- деп өз әсерлерімен бөлісті А.Атамбаев.
Ол қазір Қырғызстанның энергетика мәселесін шеше алмай отырғанын жасырмады. Қиыншылық ұлғайған сайын, электр қуатын ауық-ауық сөндіру жөнінде ұсыныстар да айтылыпты.
«Ол ұсынысты қолдаған жоқпын. Осындай жағдайды біз 2008-2010 жылдары бастан кештік. Халық жарықсыз, суық үйлерде бүрсең қағып отырды. Ал Қазақстанда мұндай мәселе жоқ. Сондықтан мен Нұрсұлтан Әбішұлы бізді қолдайтынына сендім»,- деді Қырғызстан президенті.
Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бауырлас елге биыл - 400 млн. киловатт-сағат, келесі жылы - 1,4 млрд. киловатт-сағат электр энергиясын жеткізуге көмек беретінін мәлім етті. Ал қырғыздар бізді егін егу кезінде қажетті су мөлшерімен қамтамасыз етуге уағдаласты.
Соңынан сөз алған Алмазбек Атамбаев Елбасымыздың көрсеткен құрметі мен қолдауына ағынан жарылып, алғыс айтты.
- Мен адамдарды көп мақтамаймын. Бірақ Сіз туралы тек жақсы сөз айтқым келіп тұрады. Өйткені, шын мәнінде жаны ізгі, жомарт адамсыз. Сондықтан Құдай да Сізді жақсы көреді, Қазақстанға көптеген игіліктер беріп жатыр. Сізбен әрбір кездесуім мен үшін үлкен де қуанышты оқиға болып саналады. Өйткені, әркез Сізден үлгі-өнеге аламын. Және көптеген мәселелерді Сіздің қолдауыңызбен шешетінімді де жасырмаймын,- деді Қырғызстан басшысы.
Осы жолғы кездесуде Қазақстан Президенті Қырғызстан үшін маңызды тағы бір мәселені шешті. Ол туысқан елге бара жатқанда Жамбыл облысының үш темір жол стансасында бірнеше ай бойы тұрып қалған жанар-жағар май құйылған вагондарды өткізуге рұқсат берді. Құжаттары әу баста дұрыс толтырылмағандықтан вагондар тоқтатылған болатын. Осының әсерінен Қырғызстанда жанар-жағар май дағдарысы орын алып, оның құны бірнеше есеге қымбаттап кеткен-ді. Содан шығар, сөзінің соңында Алмазбек Атамбаев Елбасымызға барша қырғыз халқының атынан алғысын жаудырып: «Қырғызстан халқы Сізге дән ризашылығын білдіруде. Осы көмегіңіздің бәрі ғасырлар бойы біздің азаматтарымыздың жадында сақталады»,- деді.
Әмірлан Әлімжан