Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады

Қ.Телжанов 1937 жылы КСРО Суретшілер академиясы жанындағы дарынды балаларға арналған көркемсурет мектебіне қабылданды. 1947 жылы Алматы көркемсурет училищесін (педагог Л.Леонтьев), ал 1953 жылы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтының кескіндеме факультетін (академик М.Авиловтың шеберханасы) бітірді. 1953-1958 жылдары Алматы театр-көркемсурет училищесінде оқытушы болды. 1964-1968 жылдары - Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, КСРО Суретшілер одағының басқарма мүшесі және хатшысы болды. 1973-1986 жылдары - Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры қызметін атқарды.
1978 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтындағы оқытушылық қызметін бастады, 1993-2000 жылдары Қазақстан мемлекеттік көркемсурет академиясында, 2000 жылдан Қазақ ұлттық көркемсурет академиясында қызмет атқарды. 1996 жылы ол Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды, ал 1981 жылы профессор атағы берілді.
Телжановтың шығармаларында халық өмірі, ұлттық сипат бедерленді. Ол қазақстандықтардың күнделікті тұрмысы жайлы шағын поэтикалық картиналардан тарихи және қазіргі заман тақырыптарындағы кең тынысты іргелі полотноларға ауысты. Ол «Домбыра әуені», «Атамекен», "Бүркіт салу", "Қыз қуу" және басқа да асқақ поэзияға толы туындылардың авторы. Өзінің шығармашылығымен Қ.Телжанов Қазақстанның бейнелеу өнерін дамытуға қомақты үлес қосты, оның жұмыстары Мәскеудегі Третьяков галереясында, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, сондай-ақ Еуропа мен Азияның жеке коллекцияларында сақтаулы тұр.
6-7-ші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. «Отан», «Парасат», Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының медальдарымен марапатталған.
Қазақ мәдениеті мен өнерінің қайраткері Қанапия Телжановтың жарқын бейнесі біздің есімізде мәңгі сақталады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстан Суретшілер одағы