Қазақ мәдениеті жайлы жазатын Әсем Сяоци Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ұсынылды
Сейсенбі күні Қытайдың Лу Син атындағы мемлекеттік сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссиясының шешімімен, конкурстың алғашқы іріктеуінен өткен 70 шығарманың тізімі жарияланды. Бұл тізімге Қытайдың Алтай аймағында тұратын, Әсем Сяоци деген лақап атпен танымал қытай жазушысы Чжоу Чжихуэйдің «Мұңсыз жайлау жазбалары» атты эсселер жинағы да еніп отыр.
Бұған дейін «Мұңсыз жайлау», «Алтаймен жүздесу», «Серігім Митан», «Сотқар балақай Бек» секілді онға жуық кітабы жарық көрген Чжоу Чжихуэйдің есімі соңғы кезде Қытайдың әдебиет саласында жиі айтылып жүр. Бұған дейін де бірнеше мәрте мемлекеттік деңгейдегі сыйлықты қанжығасына байлаған жас жазушының шығармалары оқырман тарапынан жылы қабылданып келеді. Осы жолы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған эсселер жинағында, автор «Мұңсыз жайлау – көшпенділердің материалдық емес мәдени мұраларының этнографиялық тұрағы» жайлы сыр шертеді.
Чжоу Чжихуэй - Үрімжідегі Шынжаң өнер институтының түлегі. Біраз жылдан бері Алтай аймағының мәдениет саласында еңбек етіп, көшпенділердің материалдық емес мәдени мұраларын қорғау, мұрағаттау, зерттеу жұмыстарымен айналысып келеді. Жұмыс барысында, мәдени құндылықтардың маңызын танытып, мәнін ашатын көрнекі нысандарды қорғау мен сақтауға жеткілікті мән берілмейтінін ескеріп, осыдан он жыл бұрын өз қаражатына ҚХР Алтай қаласының Шығыс Қобы қыстағында қазақтың этнографиялық келбетін танытатын мұралар коллекциясы жинақталған шығармашылық база ашуды қолға алады. Оның шығармаларының дені осы ауылда жазылған және көбінесе қазақтың бай мәдени дәстүрі жайлы ой толғауымен құнды. Бұл күнде аталған үй-мұражайға жергілікті билік жеке этнографиялық мұражай мәртебесін беріп, ол қаладағы ең танымал туристік нысандардың біріне айналып үлгерген.
Атап өтер жайт, Лу Син атындағы мемлекеттік сыйлық – Қытайдың әдебиет саласындағы ең мәртебелі сыйлықтарының бірі. 1995 жылдан бері тұрақты түрде беріліп келеді. Бұған дейін Алтай және Алтай қазақтары туралы бірнеше еңбек жазған қытай жазушысы Ли Цзюань да 2017 жылы аталған сыйлыққа ие болған еді.