Қазақ мәдениетінің аңызы: Димаш Құдайберген Бибігүл Төлегенованы мерейтойымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Әнші, Халық әртісі Димаш Құдайберген Бибігүл Төлегенованы туған күнімен құттықтады.

Димаш Құдайберген Бибігүл Төлегенованы мерейтойымен құттықтады
Фото: Instagram/kudaibergenov.dimash

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Бибігүл Төлегенова қазақтың музыка мәдениетіне үлкен үлес қосып жатқан аңыз адам екенін, оның бұлбұл үні Қазақстанның ғана емес, шетел көрермендерінің де жүрегін жаулап алғанын атап өтті.

- Құрметті достар! Бүгін біз Қазақстанның рухани әлемінің символы болып табылатын қазақ мәдениетінің нағыз аңыз адамы, әйгілі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойын атап өтудеміз.
Бибігүл Ахметқызы – КСРО-ның халық әртісі, Қазақ КСР-ның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері. Ол бар өмірін өнерге арнап, 20-ғасырдағы ірі опера әншілерінің біріне айналды. Оның бұлбұл үні Қазақстанның ғана емес, шетел көрермендерінің де жүрегін жаулап алды. Бибігүл Ахметқызы ұзақ жылдар бойына жаңа буын музыканттарына білім беріп, қазақтың музыка мәдениетіне үлкен үлесін қосып, жас ұрпақты шабыттандыруын жалғастыруда. Мен осы ұлы мәдениеттің бір өкілі болғаныма мақтанамын. Бибігүл Ахметқызы сияқты шеберлер салған мәдени жолды жалғастыру мүмкіндігіне ие болғаныма ризамын. Әндеріңіз мәңгілік шырқалсын! Туған күніңізбен! – деп жазды Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, бүгін қазақтың күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толып отыр. Мерейтой алдында әншінің өзімен сұхбат құрудың сәті түскен болатын. Бибігүл Төлегенова Димаштың жасы кіші болғанымен жолы үлкен екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар