Қазақ мектептері Ресейдің қай өңірлерінде салынады – Ғани Бейсембаев жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ресейде 3 қазақ мектебін салу мәселесіне қатысты пікірін білдірді.

БАҚ өкілдері министрден Астрахан облысында, Орынбор мен Томбыда қазақ мектебі ашылатындығы айтылғанын, мәселе қалай жүргізіліп жатқанын сұраған еді.
- Өңір деректері зерделеніп жатыр. Бұл бүтіндей келіссөз процесі. Шамамен қалалар анықталған. Келесі кезең – орнын анықтау. Қала таңдалған кезде қазақ бауырларымыз көп шоғырланған жерлерінде мектеп салу басты мақсат ретінде қарастырылады. Бұл қалалардың таңдалуы да, сол жерде мектеп салу да пысықталып жатыр. Әлі де біршама уақыт алады. Өйткені, жерін анықтау, келісімшартқа қол қою, одан кейін қаржысын шешу, құрылысы қандай болатындығын анықтауға біршама уақыт кетеді. Бірақ, мектеп салу бойынша шешім қабылданған. Осы бағытта екі тарапта да жұмыс жүргізіп жатыр, - деді Ғани Бейсембаев.
Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне жарияланған мақаласында Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылатынына сенетінін айтқан еді.