Қазақ мифтеріндегі әйел бейнесі

СҚО-да әйелдің қызын оның бөтелкелестері зорлаған
Фото коллаж: Kazinform/Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Kazinform қазақ мифтеріндегі әйел бейнесіне қатысты деректерді ұсынады.

Ұмай ана

Есте болса, 2012 жылы Алматы облысында ежелгі түркі дәуірінде тасқа қашалған Ұмай ананың бейнесі табылған еді. 

Ұмай
Фото: Kazinform/Midjourney

«Бір ай бұрын біздің институттың ғалымдары Алматы облысы Жамбыл ауданында тасқа қашалған мүсінді тапты. Ол – сарапшылардың пайымдауынша, Ұмай анамыздың бейнесі. Бұған дейін Ұмай анамыздың бейнесі көне түркілер мекендеген жерлерде 5 рет табылған екен. Бұл алтыншысы. Ол сенсациялық ғылыми жаңалық деуге болады», - деген еді сол кезде Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының директоры, философия ғылымдарының докторы Ғазиз Телебаев.

Көшпенділер мәдениеті институтының жетекші ғылыми қызметкері Алексей Рогожинскийдің айтуынша, мүсін ежелгі түркі кезеңінде яғни, ең кемінде біздің дәуірімізге дейінгі VII-VIII ғасырларда қашалған.

«Бұл Қазақстан аумағындағы Ұмай ананың тасқа қашалған алғашқы бейнесі емес. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстанда табылған бейне Мемлекеттік орталық музейге қойылған болатын. 2009, 2012 жылдары Алматы облысындағы Жамбыл ауданындағы Қоғалы шатқалында аралығы бірнеше жүз метр болатын 2 жерден бірегей бейнелер табылып отыр», - дейді А. Рогожинский.

Түрік халықтарындағы Ұмай қызметін антикалық мифтердегі Зевстің әйелдері – Гера, Деметрамен және басқалармен салыстыруға болады. Құдайлардың антропоморфты бейнеде қалыптасуы классикалық мифологияға сәйкес орныққан.

«Ұмайды Тәңірдің жары деп қарастырамыз. Үйреншікті схема солай. Шынына келсек, Тәңір мен Ұмайдың жұбы кейбір түркі тайпаларына ғана тән болған. Көп тайпаларда ондай аңыз жоқ, яғни Ұмай өз бетінше бөлек тәңірие болған. Ол аспандағы тәңірие ретінде сипатталады», - дейді белгілі мәдениеттанушы, балалар жазушысы, мифтанушы Зира Наурызбаева.

Ғалым Д. Есімбекованың атап өтуінше, қазақ халқының мифтерінде:

«Көк пен Жерді жаратып, оларды бір-бірінен ажыратқан соң, Тәңір өмірге ұрпақ әкелу үшін өзі еркек пен әйелге бөлінді. Құдай әйелді Ұмай деп атап, оны Сумер тауының ұшар басына, сүтті көлі (Сүткөл) бар Асапн тауының қия шыңына қондырды. Көк жүзінде жол қалдыра сарқырай ағып, Сүткөлге құятын жұлдыздар жолы, Құс жолы – осы Ұмай Тәңір ананың сүті», - делінген.

Ұмайдың Жер-Ана ретінде сүтімен асыраушылық қызметі қырғыз фольклорында да сақталған. Қырғыздар Ұмайды егін мен малдың өнімділігін қамтамасыз етеді деп сенген. Өнім көп жиналғанда «Ұмай ененің омырауынан сүт ағады» деп түсінген.

Мыстан кемпір

Зира Наурызбаеваның айтуынша, мифтердегі жағымды кейіпкерлер уақыт өте келе жаңа келген діннің ықпалымен төменгі дүниенің өкіліне, зұлымдықтың иесіне айналады. Мыстан да сондай өзгерістен өткен. Ислам дінінің әсерінен о бастағы образы құбылған. Жетпісінші жылдарда Таласбек Әсемқұлов, Серікбол Қондыбай Мыстанды мыспен байланыстырып, шамасы қола дәуіріне келеді деп топшылаған. 

мыстан
Фото: Kazinform/Midjourney

«Бұл мыс өңдеудің, кеншілердің пірі сияқты образ болса керек. Мен 1995 жылы қорғаған диссертациямда мынаны дәлелдедім. Біріншіден, психологияда «көлеңке бейне» деген бар. Адам өз бойындағы жағымсыз қасиеттерді мойындағысы келмегенде басқа адамдардан, күштерден көретін болған. Психологияда проекция дейді мұны. Мыстанды жырлардың көбінде бас кейіпкердің анасының жағымсыз, көлеңкелі бейнесі деуге болады. Алпамыс жырына қарасақ, Мыстан, біріншіден, көне бір діннің тәңіриесі немесе абызы сияқты көрініп қалады. Екіншіден, ол – ақыл-айла иесі, данышпан. Үшіншіден, сиқыр иесі. Төртіншіден, оның мүйізі бар. Тайшық ханмен арадағы диалогінде ол туралы айтылады. Мүйіз түркі дүниетанымында даңқ, абырой, даналық символы сияқты нәрсе», - дейді ғалым.

Оның атап өтуінше, мыстан образы өте құдіретті болғандықтан, бейнесі бүгінге дейін жетті. Бірақ кейінгі діндердің әсерінен кемсітуге ұшырап, жағымсыз қаһарманға айналып шыға келді. Бірақ көне ертегі, жырларды түсініп оқысақ, оның қандай жағымды, құдіретті кейіпкер болғанын көруге болады.

«Мыстан этимологиясына келсек, тіптен қызық. Әрине, түбірі мыс болуы әбден мүмкін. Мен диссертациямда тағы бір қырын ашуға тырысқан едім. Мыстан Алпамыстың анасының көлеңкелі кейпі екенін айттым ғой, қарасаңыз, «Алпамыстың» өзі екі сөзден құралған – «алып» және «мыс». Қырғыздар оны Манас дейді. Түріктерде Бамсы Байрақ дейді. Соның бәрінде «мыс» түбірі тұрақты сақталған. «Сол үшін Мыстан мен Алпамыс бір түбірден шыққан ба» деп ойлаймын. Қазақта «мысы басты» дейтін сөз бар. Сол сөзбен де байланысты болуы мүмкін», - дейді Зира Наурызбаева.

Жезтырнақ

Қазақ фольклорында көп кездесетін, фольклорлық мұралардың көпшілігінде әйел кейпінде суреттелетін, бойында жойқын күші бар, адамға қас кейіпкердің бірі – жезтырнақ. Ол – мифтік бейне. Жағымды кейіпкерге қарсы, оның қас дұшпаны ретінде сипатталатын жезтырнақ халықтан шыққан батырлардан жеңіліп қалып отырады. Ертегілерде, аңшылар туралы аңыз-әңгімелерде жезтырнақ бейнесі жан-жақты сомдалады. Ертегілердің көпшілігінде жезтырнақ бейнесін ұзын бойлы, тырнақтары пышақтай өткір, жапандағы жалғыз әйел түрінде суреттейді. 

жезтырнақ
Фото: Kazinform/Midjourney

Зира Наурызбаева жезтырнақтың да қола дәуірінен қалған образ екенін айтады.

«Серікбол Қондыбайдың пайымдауынша, ол аю бейнелі болуы мүмкін. Мысалы, көне гректерде Артемида деген аңшылықтың құдайы бар. Сол Артемиданың аты «артос» деген түбірден шығады. Мағынасы «аю» деген сөз. Артемиданың бір кейпі – ұрғашы аю. Cерікбол Қондыбай аюдың тырнағы жез сияқты болғанын алға тартады. Жезтырнақ – фольклортанушылар мен мифтанушылардың айтуынша аңдардың иесі, орман мен даланың пірі болған. Ертегілерде аңшы жезтырнаққа ет береді ғой, яғни көне аңшылар саят құруға келгенде, аң ауларда аңдардың піріне құрбан шалатын болған. Ертегілерде соның жұрнағы қалған. Осының бәрін ескеріп, Серікбол Қондыбай Жезтырнақ аю бейнелі болған деп гипотеза жасады. Менің гипотезам бойынша, Жезтырнақ Самұрықтың басқа кейпі болуы мүмкін. Өйткені, Жезтырнақты қырғыздар «Жезтұмшық» дейді. Біздің кейбір ертегілерде, әсіресе сібір халықтарының ертегілерінде Самұрықтың немесе «Алып қара құстың», «Меркіттің» тұмсығы мен тегеуріні металдан жасалған. Мен бұл гипотезамды балаларға арналған «Бату» атты кітабымда пайдаландым», - деді ол.

Албасты

Философия докторы Бану Калдаева «Қазақтың философиялық дүниетанымындағы әйел феномені» атты еңбегінде түркі халықтарының діни наным-сенімдерінде зұлым күштің символы су стихиясымен байланысты албасты туралы сенім ерекше орын алғандығын жазады. 

албасты
Фото: Kazinform/Midjourney

«Көптеген түркі халықтарының түсінігінше албастылар өзен және тағы басқа су көздерінің жағасын мекендейді. Бір ескеретін жәйт, қазақ дәстүрінде барлық суға қатысты мифтік бейнелер әйел кейпінде болады. Олар адамдарды шаштарын тарақпен тарап отырып арбап алады. «Сырттай қарағанда албасты шашы жалбыраған, төсі салбыраған сұрықсыз әйел бейнесінде көрінеді. Албастының атрибуттары ретінде сиқырлы бітік, тиын және тарақ көрсетіледі. Албасты бейнесі сонау ежелгі замандардан бастау алады. Бірқатар зерттеушілердің пікірінше алғашқы кезеңде албасты бейнесі құнарлық, отбасылық ошақ және жабайы жануарлар мен аңшылықтың қамқоршысы – қайырымды құдайдың бейнесіне сәйкес келген», - деді ол.

Ғалымның пайымдауынша, уақыт өте келе мифологиялық танымдардың дамуымен албастының рөлі зұлым рухтың рөліне ауыстырылған. Көбінесе албасты әйелдерге екіқабат кезінде және босану сәтінде зиян келтіреді. Албасты кеш уақытта жалғыз өзі қыдырып жүрген екіқабат әйелдерді аңдиды. Бұл жынның зұлым күштерін жою үшін оның атрибуттарының бірін қолға түсіру қажет.

Жалмауыз

Бану Калдаеваның атап өтуінше, түркі мифологиясындағы тағы да бір көп тараған әйел кейіпкер – Жалмауыз бейнесі. Қазақтарда жалмауыз кемпір балаларды ұрлап алып кетіп жеп қоятын кемпір немесе «адам жегіш» бейнесінде беріледі. Көптеген әйел бейнелері сияқты бұл кейіпкер де ежелгі дәуірде ана құдай культіне кірген. 

жалмауыз
Фото: Kazinform/Midjourney

Қазақстан ұлттық энциклопедиясында жалмауыз кемпірдің қазақ ертегілеріндегі жағымсыз бейне екендігі айтылады. Ол кейде жеті басты, қарға тұмсық, қол-аяғының тырнақтары сояудай, адам қанын соратын қорқынышты кейіпкер ретінде суреттеледі.

Жалмауыз кемпір бейнесінің таихи негізі бар. Матриархат дәуірінде руды қария әйелдер басқаратын. Жас балаға ат қою, жетім қалған балаларға қамқорлық жасау, шеттен келген адамды руға қабылдау, жастарды үйлендіру, рулық заңдарды қатаң сақтау сияқты істер осы ананың әмірінде болған, керек кезде ол бақсы да, әскербасы да болған. Осының нәтижесінде қарт анаға табынушылық пайда болды. Ол керемет күш иесі, қолынан келмейтіні жоқ сиқыршы, рудың жауларын, жын-шайтанды да жеңе алатын күш деп танылған. Патриархаттың тууына байланысты бұл бейне бұрынғы маңызын жойды. Оның атқаратын қызметі кейіннен аталық рубасығам ауысты. Рубасы ананың бейнесі мифтік аңыздарда ғана қалды. Бара-бара ол жалпы атпен жағымсыз кейіпкер сипатын иеленді.

Соңғы жаңалықтар