Қазақ музыкасы қытайлық «Sounds of Nature» жобасында шырқалуда және Grammy-ге үмітті

Осы орайда «Best World Music Album at Grammys» Америкалық дыбыс жазу академиясының сыйлығын алуға үмітті талант жайында материалды дайындап отырмыз.
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдағы «Singer» кәсіби орындаушылар байқауында жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатқаны көпшілікке аян. Сонымен қатар осы күндері оның досы әрі музыкалық кеңесшісі Арай Айдархан «Singer» түсірілімі арасындағы үзілістер кезінде тағы бір «Sounds of Nature» (Байырғы әуен) атты ірі жобада көрермендер қошеметіне ие болуда. А. Айдархан бүгінде Қытайда танымал қазақ музыканты екені айтпаса да белгілі.
16 ақпанда Бейжіңде Оңтүстік Шығыс спутниктік телеарнасы үшін (Фуцзянь провинциясы) осы байқаудың төртінші кезеңі түсіріліп, Арай Айдарханның шақыруымен онда қазақстандық этникалық музыканың «Роксонаки» рок-тобы да қатысты. Осы жолы «Терме» және «Бақсының бұлт шақыруы» композициялары орындалды, ал оның алдындағы кезеңдерде «Самал Тау», «Әже» туындылары шырқалды.
«Байырғы әуен» байқауы фолк-музыка орындаушылары арасында өткізіліп, Фуцзянь провинциясы спутниктік телеарналарымен таралады. Байқаудың ақтық сыны сәуірде болады. Үздік деп танылған үш қатысушының әндері іріктеліп, «Best World Music Album at Grammys» Америкалық дыбыс жазу академиясының сыйлығының қарауына жіберіледі.
Арай Айдархан «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында соңғы жылдарда ірі вокалды шоу-жобаларда қазақтың ұлттық музыкасы қытайлық қоғамдастықта кеңінен қызығушылыққа ие болып отырғандығын айтты.
«Бірінші кезекте, біз музыка арқылы жалпы қазақ мәдениетін Қытай секілді үлкен елде кеңінен таратудамыз және бұл қуантарлық жағдай деп білемін. Осы байқауда «Grammy» сыйлығына үміткер болатын үздік этникалық әндер іріктеледі. Бұл кезеңде өзімнің сүйікті тобым «Роксонакиді» рок-н-ролл стилінде қазақтың музыкалық композицияларын бірлесе орындауды өтіндім»,-деді ол.
Өз кезегінде «Роксонаки» тобының орындаушылары Руслан Қара мен Ғалымжан Секеев 19 ақпанда Бейжіңнің «Mao Live House» атты танымал рок-алаңында жеке концерт беретіндіктерін хабарлады.
«Байырғы әуен» байқауында ҚХР-да моңғол этносының өкілі Сыцин Гэжилэ осы елде қазақ әншілерінің танымалдығы өсіп келе жатқанын атап өтті.
«Қытайда қазақ әншілерінің танымалдығы өсіп келеді. Осы жобада Араймен бірге қатысып отырғаныма қуаныштымын, себебі ол өте мықты музыкант»,-деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 26 жастағы Арай Айдархан «Сhinese Idol» (2013 жыл) және «China Is Listening» (2014 жыл) байқауларында үздік орындаушылардың бестігіне енген еді. Ол «композитор» мамандығы бойынша бейжіңдік музыкалық мектепті тәмамдаған болатын. Бірнеше әннің авторы, сонымен қатар продюсерлік қырларымен танымал. 13 жастағы Данияр Толқынұлы есімді шәкірті «Балалар музыкасы» атты қытайлық телевизиялық жобасында «Атамекен-ай» әнімен көрермендер сүйіспеншілігіне ие болды.
Арай Айдархан сонымен қатар музыкалық «Ай» қыздар тобына жетекшілік етіп келеді. 2016 жылдың жазында ол Қытай қазақтарының ән фестивалін өткізуді ұйымдастырып, осы шараға Қазақстаннан да әншілер шақырылды.