Қазақ өнерінің саңлақтары: Айгүл Үлкенбаева
Алматы қаласындағы музыка училищесін (1981), одан кейін Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетін (1986) бітірген.
Шығармашылық еңбек жолын оқып жүрген кезінен, яғни Қазақтың академиялық халық аспаптар оркестрі құрамында (1979 - 1989) домбырашы болумен бастаған Үлкенбаева соло-орындаушыға дейінгі үздік кәсіптік-шеберлік биігіне көтерілді. Оның күйшілік-орындаушылық репертуарында халық күйлері ("Ақсақ құлан", "Ел айрылған", т.б.), қазақтың халық композиторлары (Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Құрманғазы, Махамбет, сондай-ақ маңғыстаулық күйшілер: Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, т.б.), осы заманғы композиторлар (, Н.Тілендиевтің "Аққуы", А.Жайымовтың "Күй анасы" мен "Шалқымасы") шығармалары мен орыс, шет ел классикалық туындылары бар.
Оның 2002 жылы "Құлағыңнан кетпесін" атты жеке шығармашылық кеші Алматыдағы Республика сарайында, 2012 жылы "Айгүл - күйге бар әлем тамсанады..." атты жеке шығармашылық кеші Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында, ал 2013 жылы осы аталыммен жеке шығармашылық кеші Астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залында өтті.
1993 жылдан Қазақ ұлттық консерваториясында (2002 жылдан доцент) және 2006 жылдан "Айгүл Үлкенбаеваның мектеп-студиясында" ұстаздық қызметпен айналысады.
Үлкенбаеваның орындауындағы күйлер "Күй - ана" аудио-кассета (2000 ж),"Құлағыңнан кетпесін" топтамалық 2 дискі (2002 ж) және "Құлағыңнан кетпесін" бейне-кассета (2003 ж) ,"Ақ Шолпан", "Ирең" дискілері (2008 ж), "Күй ғұмыр" атты кітап (2011 ж), "Айгүл - күйге бар әлем тамсанады..." атты дискі (2013 ж) жарық көрді.
Күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның жеткен жетістіктерінің бір парасын атап айтар болсақ төмендегідей;
1981 жылы 3-ші Республикалық Жас орындаушылар байқауында - 1-ші орын, 1983 жылы Құрманғазы атындағы 1-Республикалық орындаушылар байқауында - 3-ші орын, 1986 жылы Баку қаласында өткен Гаджибеков атындағы халық аспаптарында орындаушыларының халықаралық байқауында 3-ші орын алды. Ал 1985 жылы Республикалық "Жігер" фестивалінің жүлдегері атанды.1992 жылы - "Дарын" Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, 1998 жылы Республикалық күйшілер сайысының Бас жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ 1998 жыл Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағына ие болған.
Айгүл Үлкенбаева бүгінгі күнде талантты орындаушы һәм күйші ретінде халық құрметіне бөленген өнер саңлағы.