Қазақ отбасылары филиппиндік бала күтушілерге не үшін қызығады
АСТАНА. KAZINFORM — Кейінгі жылдары елімізде баласына шетелден тәрбиеші жалдайтын ата-аналар көбейді. Әсіресе, Таиланд пен филиппиндік күтушілерге сұраныс жоғары. Тіпті, қазір осы елдерден келгендерді іріктеп, арнайы оқудан өткізетін агенттіктер құрылған.

Онда баланы мектепке апарып, үйірмелерге таситын күтушілерден бастап тіл үйретіп, сабақ оқытатын тәрбиешілерге дейін табуға болады. Jibek joly арнасының тілшісі Жанель Нұрболат осындай тәрбиешілердің бірімен тілдесті.
Филиппиндік Шерил Бандианның Қазақастанға келгеніне бір ай болған. Бұған дейін Кувейтте бала күтуші болған ол енді қазақ отбасында жұмыс істейді. 4 жасар Әлиханды балабақшаға алып барады, тамағын әзірлейді. Логикалық ойлауды дамытатын ойындарды ойнатып, тіл үйретуге де көңіл бөледі.
«Өз елімде сауда үйінде сатушы болдым. Таңнан кешке дейін тынбай жұмыс істеп 100 доллар ғана табатынмын. Сол кездері Кувейтте бала күтушісі болып жұмыс істейтін құрбыларым айына 400 доллар алатынын айтқан. Өзім бала баққанды жақсы көремін. Ақысы да жақсы екен. Неге көрмеске дедім», — дейді Шерил Бандиан.
Әлиханның анасы Жібек баласының аз уақытта Шерилге бауыр басып қалғанын айтады. Жолдасы екеуі күні бойы жұмыста. Үй тірлігінің бәрін Шерил атқарады. Ал оған дейін бала күтуші мен аспазды бөлек жалдап, екі есе көп ақы төлеген.
«Балаға қарайды, үй шаруасының бәрін жасайды. Тамақ пісіріп қояды кешке жұмыстан келгенде. Мысалы, біз аспаз бен бала күтушіні жалдасақ, тек бала күтушіге 300-400 мың теңге кетеді. Ал Филиппин баса күтушісі 450 мың алады. Бірақ соның ішіне бәрі кіреді. Үй жинау, тамақ пісіру, бала тәрбиесі секілді міндеттер», — дейді Жібек Құсайынова.
Жібек Шерилді агенттік арқылы тапқан. Қазір онда 100-ден астам филиппиндік бала күтушісі жұмыс істейді.
Агенттіктің негізін қалаушы Светлана Грамстың айтуынша, шетелден келген тәрбиешілерге Қазақстаннан жұмыс бірден табылады. Өйткені, баласының жастайынан бірнеше тілді тең меңгергенін қалайтын ата-аналар көп.
«Бізге эстрада жұлдыздары мен блогерлер жиі келеді. Филиппиндік тәрбиешілердің қазақ, орыс тілін білмейтіні олар үшін тағы бір артықшылық. Яғни, шетелдіктерді жұмысқа алу арқылы елге белгілі азаматтар жеке өмірлерін құпия сақтай алады. Бірақ, бұл шетелдік тәрбиешілерді ауқатты отбасылар ғана жалдайды деген сөз емес. Біздің көмекке жүгінетіндердің арасында қарапайым азаматтар да көп», — дейді Светлана.
Светлана бала күтушілер агенттігін осыдан 10 жыл бұрын ашқан. Сол уақытта жұмысты бірнеше ғана филиппиндік қыз-келіншекпен бастаған. Кейін олар жерлестеріне Қазақстанда Филпиипинге қарағанда 5 есе көп еңбекақы төлейтінін айтып, қатарлары көбейген соң, ірі агенттік құрған.
«Филиппиндік бала күтушілерге 800-1200 доллар аралығында төлейміз. Оларға қойылатын басты талап — кемі 3 жылдық еңбек өтілінің болуы. Сондай-ақ, жасы 50 ден аспауы керек», — деп толықтырды агенттік иесі.
Қазір елімізде Светлананың орталығынан басқа филиппиндіктер мен тайландтықтарға қазақ отбасынан жұмыс табатын 4 агенттік бар. Әрқайсында 50-ден астам тәрбиеші тіркелген. Ал жалпы, Қазақстанда 192 филиппин және 336 тайланд азаматы еңбек етіп жүр. Көбісі құрылыс және ІТ салаларында жұмыс істейді.