Қазақ-өзбек достығы туралы шарт: Қандай жобалар жүзеге асады

АСТАНА. KAZINFORM — 2022 жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынас туралы шартқа — екі елдің өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік әлеуеті мен көлік логистикасы салаларын қоса алғандағы ынтымақтастықтың барлық спекторы бойынша байланыстарды нығайтуға бағытталған құжатқа қол қойылды. Өткен жылдың соңында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев шартты ратификациялау туралы Жарлықты рәсімдеген еді. Таяу уақытта оны Қазақстан тарапы да ратификацияламақ. Ертең дәл осы құжат Мәжілістің жалпы отырысында қаралады. Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан шартта қандай мәселелер қамтылғанын Kazinform тілшісіне егжей-тегжейлі айтып берді.

қазақ-өзбек
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Айгүл Сайфоллақызы, 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкентте рәсімделген Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынас туралы шарттың мақсаты қандай? Бұл елімізбен рәсімделген одақтастық қатынас туралы жалғыз құжат па?

— Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарттың мақсаты — бұл екіжақты өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін жүзеге асыру. Бұл достықтың әлеуеті өте зор. Мәселен, тек соңғы жылдары ғана екі ел арасындағы тауар айналымы еселеп өсті. Демек, барлық саладағы ынтымақтастығымызды ұлғайтуға мүмкіндік бар деген сөз. Келісім сыртқы саясат, қорғаныс пен қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, энергетика, инвестициялық қызмет, мәдени-гуманитарлық байланыс салаларында неғұрлым тығыз ұзақмерзімді ынтымақтастыққа құқықтық негіз құруды көздейді. Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау, сондай-ақ экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері де елдеріміз үшін өте маңызды. Осы салалардың бәрін қамту үшін одақтастық қатынас туралы бір үлкен шарт қажет болды. Бұл — екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейі. Бізде Қырғызстанмен (2003 жылы қол қойылған) және Ресеймен (2013 жылы) осындай шарт бар. Біздің өркендеуіміз, қауіпсіздігіміз және тәуелсіздігіміз жақын көршілерімізбен қарым-қатынасты қалай құруымызға байланысты. Менің білуімше, қазір Тәжікстанмен одақтастық шарты дайындалып жатыр.

— Дәл осы Өзбекстанмен мұндай шарт жасасуға не түрткі болды?

— Халықтарымызды санғасырлық тарихи, рухани, мәдени ортақтастық біріктіреді. Дініміз бір, тілдеріміз өте жақын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттеріміз өзара тығыз байланысты дәйекті түрде дамытып келеді. Бірақ, соңғы бес жылда ынтымақтастығымыз айтарлықтай жандана түсті. Президенттеріміз жыл сайын дерлік кездесіп, әр жолы өте маңызды уағдаластыққа қол жеткізеді. Айталық, Шавкат Мирзиёевтің 2021 жылдың желтоқсанындағы Астанаға ресми сапары барысында одақтастық қатынас туралы декларацияға қол қойылды. Онда Президенттер Үкіметтерге одақтастық қатынас туралы шарт әзірлеуді тапсырды. Нәтижесінде тура бір жылдан кейін Президентіміз Ташкентке мемлекеттік сапармен барғанда осы шарт жасалды.

— Аталған шарттың негізінде қандай негізгі қағидаттар мен құндылықтар жатыр?

— Шындығында, одақтастық қатынастар белгілі бір қағидаттар мен ортақ құндылықтар негізінде құрылуы керек. Бұл Шарттағы мұндайлар тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, сенім, теңдік, ұлттық мүддені өзара есепке алу саналады. Және де, әрине, өзара қолдау және өзара міндеттемелерді адал орындау… Шартқа сәйкес ынтымақтастықтың жаңа тетігі — Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылып жатқанын атап өткім келеді. Бұл кеңестің қызметін Сыртқы істер министрлері кеңесі үйлестіреді. Қажет болған жағдайда екі елдің Парламент басшылары мен Қауіпсіздік кеңестерінің өкілі қатыса алады. Бірінші отырысы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Астанаға мемлекеттік сапары аясында осы жылдың 8 тамызына жоспарланған.

— Шарт мақсаттарының бірі сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы тығыз ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру екенін еске салып өттіңіз. Осы салалардағы ынтымақтастықты нығайту үшін қандай нақты шаралар қарастырылған?

— Жалпы, одақтастық қатынас туралы шарт — бұл нобайлы. Яғни ынтымақтастықтың жалпы рухын, мақсаттары мен бағыттарын айқындайды. Дегенмен, шарттың халықаралық саясаттағы, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылға арналған бөлімі барынша айқын. Мұнда халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл және қолдау, қарусыздану, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, терроризмге, діни экстремизмге және сепаратизмге қарсы іс-қимыл, қауіпсіздікке жаңа қауіптер сияқты практикалық уағдаластықтар атап өтілген. Қорғаныс қабілетін нығайту үшін әскери-техникалық саладағы өзара іс-қимыл туралы да айтады. Үшінші мемлекеттер тарапынан қарулы шабуыл қаупін тудыратын жағдайды шешу үшін шұғыл консультациялар көзделеді. Осы шарт арқылы елдеріміз блоктар мен одақтарға немесе екінші тарапқа қарсы бағытталған әрекеттерге қатыспауға міндеттеме алады.

Олар өз аумағы мен ресурстарын, сондай-ақ коммуникация мен инфрақұрылымын екінші тарапқа қарсы басқыншылық мақсатында пайдалануға жол бермеуге міндеттенеді. Өңірлік қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге жан-жақты жәрдемдесуге дайын екенін білдіреді. Естеріңізде болса, 2022 жылы қырғыз-тәжік шекарасында екі елдің әскери қызметшілері арасында қақтығыс болып, адамдар қаза тапқан еді. Міне, дәл осындай жағдайларда Қазақстан мен Өзбекстан дереу консультация өткізіп, бейбітшілікті қалпына келтіруге қалай көмектесетінін келіседі. Сонымен қатар, келісім табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу мен жою кезінде өзара көмек көрсетуді көздейді.

— Бұл мерзімі шектелмеген шарт па?

— Шарт мерзімі шектеусіз. Оны тараптардың бірінің бастамасымен ғана тоқтатуға болады және сол тарап 12 ай бұрын шартты бұзатындығын ескертуі тиіс. Содан кейін ғана шарт әрекеті тоқтайды.

— Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында тығыз экономикалық байланыс бар. Екі ел Президенттері тауар айналымын 10 миллиард АҚШ долларына жеткізу міндетін қойды. Осы шарт аталған мақсатқа жетуді қаншалықты тездетеді?

— Екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізуді Президенттеріміз 2022 жылы келіскен болатын. Бұл — ортамерзімді келешекке арналған міндет. Айта кетерлігі, 2022 жылы екі ел арасындағы өзара сауда-саттық 30 пайызға артып, 5 миллиард долларға жетті. Ол өткен жылы ол 10 пайызға қысқарып, 4,4 миллиард долларды құрады. Оның бір себебі — Қазақстаннан Өзбекстанға жеңіл автомобильдер экспортының қысқаруы. Өзбектер қытай көліктерін көбірек сатып ала бастады.
Жалпы, сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз өте жақсы дамып келеді. Дегенмен, әрине, ол сыртқы тәуекелдер мен үрдістерге бейім. Бұл — қалыпты құбылыс.

Бірақ, бізде сауда-саттық емес, өнеркәсіптік кооперация басымдықта. Жалпы, ұстанымымыз бәсекелеспеу, толықтырып отыру. Біз одақтаспыз, бір-бірімізді толықтырып отыруға тиіспіз. Ол үшін тауарларымызды үшінші елдер — Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан нарығына жеткізе аламыз. Бұл үлкен нарық қой. Дәл осы мақсатта былтыр UzKazTrade арнаулы бірлескен сыртқы сауда компаниясы құрылды. Мұнан бөлек, бізде Премьер-Министрдің орынбасарлары деңгейінде барлық кооперациялық жобаға мониторинг жүргізетін арнаулы жұмыс тобы бар. Өзара саудадағы кедергілерді жою үшін де жұмыс тобы құрылған. Қазақстан тарапы қағазбастылықты жою үшін рұқсат берудің e-permit электронды жүйесін іске қосуды ұсынып отыр.

Осы тетіктерден бөлек Мемлекет басшыларының уағдаластықтарын жүзеге асыру бойынша жол карталары бар. Оның ішіндегі ең ірі жобаның бірі — қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру. Оның 50 гектарды құрайтын аумағында өндіріс алаңдары болады. Мәселен, онда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жолға қойылып, қоймалар орналастырылады, көлік инфрақұрылымы қамтамасыз етіледі. Оны іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланып отыр. Тағы бір өте қызық жоба — Қырғызстандағы Қамбар-Ата ГЭС-1 бірлескен құрылысы. Өздеріңіз де қазіргі уақытта өңірімізде судың шешуші мәнге ие екендігін білесіздер. 

Жалпы, біз Орталық Азияда халықаралық су-энергетикалық консорциумын құруды ұсынып отырмыз. Транзиттік-көлік әлеуетін дамыту бойынша да бірнеше жоба бар. Бүгінде Дарбаза-Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы басталып, Үшқұдық-Қызылорда темір жол желісі мен тас жолының жобасы пысықталып жатыр. Мұндай бірнеше жоба бар. Біз әлі жол басында тұрмыз, әлеуетіміз өте зор. Келісім оны дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, Өзбекстан шекаралас аймақтарда уранды бірлесіп барлау, өндіру және өңдеуге қызығушылық танытып отыр. Егер осы жобалардың бәрі іске асса, онда екі ел арасындағы тауар айналымы 10 миллиард емес, одан да көп болады.

— Қазақстан мен Өзбекстанды білім, мәдениет, спорт және туризм салаларындағы тығыз дәнекерлік байланыстырады. Шартта екі елдің осы салалардағы ынтымақтастығын жақсарту үшін қандай шаралар қабылданады?

— Егер мәдениет туралы айтатын болсақ, онда біз үшін ең бастысы — рухани және мәдени жақындықты сақтау. Өзбекстанда болғанымда салт-дәстүрлеріміз, діліміз бен құндылықтарымыз қаншалықты жақын әрі ұқсас екенін сезіндім. Біздің осы туыстығымызды сақтап, нығайту қажет. Қазақстанның Өзбекстандағы, Өзбекстанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің тұрақты түрде өтетіндігі қуантады. Оған біздің әртістер, жазушылар, суретшілер, қолөнершілер қатысады. Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Мысалы, көнеден келе жатқан қыш, ағаш ою, темір түю, кілем тоқу өнерін бүгінгі күнге дейін ұқыптылықпен жеткізген өзбек қолөнершілерінің шеберлігіне тәнтімін.
Сондай-ақ ғылым, білім, медицина, спорт, туризм салаларындағы байланыстарды тереңдетуге тиіспіз. Жақында бізде Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы ашылды. Бұл тамаша, өйткені өзбектер қашанда суару ісіндегі шеберлігімен танымал болған.

Ынтымақтастығымыздың тағы бір маңызды бөлігі — диаспоралар. Шартта Өзбекстан қазақ диаспорасына мәдениеті мен тілін сақтауға көмектесуге міндеттеме алады. Біз Қазақстандағы өзбектердің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дамытуға жан-жақты көмектесуге міндеттіміз. Туризмді дамыту да өте маңызды. Қазіргі уақытта бізде Орталық Азияда трансшекаралық туризмді ұйымдастыру идеясы бар. Шетелдік көптеген турист өңірдегі бірнеше елге бірден баруды жөн көреді. Өйткені бұл олар үшін тиімді әрі ыңғайлы. Сондықтан қонақтарға ортақ бір туристік өнімді ұсына алуға тиіспіз.

— Өткен жылы Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өтті. Дәл осы органға екі мемлекеттің басшылары барлық келісімді жоғары деңгейде уақытылы және дұрыс орындалуын, оның ішінде шарттың орындалуын бақылауды жүктеді. Кеңес жұмысы туралы толығырақ айтып өтсеңіз? Ол өзіне жүктелген міндеттерді қалай орындап, жұмыс істеуге ниетті?

— 2021 жылы Президент Шавкат Мирзиёев Қазақстанда мемлекеттік сапармен жүрген кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға екі елдің депутаттарын жұмылдыруды ұсынған болатын. Мысалы, олар Қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылыс барысын бақылай алар еді. Оның қалай салынып жатқанын, не істеліп жатқанын, құрылысшылар үлгеріп жатыр ма және басқалары. Әрине, тәжірибелік жұмысты Үкіметтер мен әкімдіктер жүргізеді. Бірақ депутаттар қадағалап, бақылай алады. Және де Мемлекет басшымыз бұл идеяны қолдады. Нәтижесінде Мемлекет басшылары Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы уағдаласты.

Біз мұндай кеңес құрып, оның бірінші отырысын өткен жылдың қазанында Ташкентте өткізген болатынбыз. Одан кейін төраға Ерлан Қошанов бастаған Парламент Мәжілісінің делегациясы Олий Мәжілісінің заң шығару палатасындағы әріптестерімен екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша жемісті жұмыс істеді. Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысы осы көктемде Алматыда өтеді деп жоспарланған. Айтпақшы, одақтастық қатынас туралы шартта елдеріміз тек парламентаралық ынтымақтастықты ғана емес, сонымен қатар партияаралық байланыстар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамытатыны айтылған.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы маңызды, жан-жақты және өте дер кезінде жасалған шартты біз Мәжілісте 28 ақпан, сәрсенбі күні ратификациялауды жоспарлап отырмыз.

Соңғы жаңалықтар