«Қазақ-өзбек тандемі» терминінің пайда болуы бекер емес – сарапшы

сарапшы
Фото: Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Сапар барысында «қазақ-өзбек тандемі» деген терминнің пайда болуы бекер емес. Бұл екі мемлекеттің және жалпы Орталық Азия елдерінің өзара тандемде болуын айғақтайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев арасында өткен бейресми кездесуге қатысты өзбекстандық белгілі саясаттанушы Фарход Толипов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinformагенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

«Мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарларымен қатар, бейресми кездесулердің маңызы зор. Бұл тек елдер арасындағы ғана емес, сонымен бірге басшылардың арасындағы достықтың дәлелі іспетті. Аталған сапар барысында «қазақ-өзбек тандемі» деген терминнің пайда болуы да бекер емес. Бұл екі мемлекеттің және жалпы Орталық Азия елдерінің тандемде болуын айғақтайды. Осыған дейінгі қарым-қатынастың жүйелі әрі сапалы дамуы оны жоғары деңгейге жеткізіп отыр», - деді Фарход Толипов.

Сарапшы бірлесе атқарған нәтижелі жұмыстың арқасында Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық серіктес деңгейіне біраз уақыт бұрын шығып үлгергенін атап өтті. Бүгінде одақтастық қарым-қатынастың іргетасын бекемдеп келеді.

«Бейресми сапар барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 2034 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бұл екі ел қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарып, оның алдағы уақытта зор мүмкіндікке ие екенін көріп отыр дегенді білдіреді. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияның өзге елдеріне үлгі саналады», - деп ой бөлісті саясаттанушы.

Фарход Толиповтың пайымынша, әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда екі ел арасындағы барлық саладағы байланыстарды нығайта түсу өте маңызды. Өйткені, өзге мемлекеттерде болып жатқан жағдайлардың теріс салдары Орталық Азия аймағында да сезілуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алу, бір-бірімен келісе отырып әрекет ету орынды.

«Орталық Азия елдерінің дамуында үнемі геосаяси тенденциялар болып отырғаны белгілі. Олар жалғаса да береді. Осындай кезеңде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев одақтастықты бекемдеп, болуы мүмкін қатерлерге бірге қарсы тұру үшін тандемде жұмыс істеуге уағдаласты. Бұл ретте екі президент қазақ-өзбек байланыстарын ғана сөз еткен жоқ. Олар аймақтағы маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты. Орталық Азия – ерекше аймақ, онда екі мемлекеттің қарым-қатынасымен мәселелерді шеше салу қиын. Мұнда барлық елдің қатысуы маңызды», - деп түйіндеді Ф.Толипов.

Еске салайық, 5 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Хиуа қаласында бейресми кездесу өткізді.

Оның барысында президенттер өзара тауар айналымын ұлғайту, энергетика, көлік, су шаруашылығы, IT салаларындағы ынтымақтастықты дамыту сияқты экономикалық ықпалдастықтың сан алуан мәселесі жөнінде пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар