Қазақ радиосы Бейжіңнен хабар таратқанына 54 жыл болды - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Бейжіңдегі қазақ радиосы хабар таратқанына 54 жыл болды - CNR
Биыл Қытайдың Орталық радио-телевизия бас станциясының ұлттық тілдегі бағдарламасы әуе толқынына көтерілгендігінің 75 жылдығы. Ал Орталық радио-телевизия бас станциясының қазақ тілдегі радиосының Бейжіңнен сөйлегеніне тұп-тура 54 жыл болды. Осы жылдарда ұжым жұмысында маңызды тарих, ерекше естеліктер жатыр, деп жазады Қытайдың Орталық халық радиосының ресми сайты.
Бұл мерекелік іс-шараға орай бірнеше аптадан бері Орталық халық радиосы сайты «Мен және қазақ радиосы» деген тақырыпта тыңдармандардың желілес естеліктерін жариялап келе жатқан болатын.

Осы аптада Орталық радио-телевизия бас станциясының ұлттық тілдегі бағдарламалары таратылғандығының және жаңа Қытай ұлттық радио істері дүниеге келгендігінің 75 жылдығына орай арнайы конференция өтті.

Атап айтқанда, 22 мамыр күні Орталық радиостанциясының ұлттық тілдегі бағдарламалары әуе толқынына көтерілгендігінің және жаңа Қытай ұлттық радио істері дүниеге келгенінің 75 жылдығы жөніндегі конференция Бейжіңде ашылды. Осы арнайы іс-шараға Орталық Үгіт бөлімі бастығының орынбасары, Орталық радио-телевизия бас станциясының бастығы Шын Хайшиун қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекеттік Ұлт істері комитетінің арнаулы мүшесі Чин Ижы, ҚХР Үгіт бөлімінің бастығы Уан Хайжоу арнайы қатысқан.
Орталық ұлттар университеті, Тарих-мәдениет колледжінің профессоры Мын Ман, қазақ тіліндегі бағдарламаның тыңдармандар өкілі, танымал жазушы Еркеш Құрманбекқызы, ұлттық тілдегі бағдарламалар орталығынан зейнетке шыққан ардагер журналистер және жас қызметкерлер жиналысқа қатысты.
Айта кетейік, Орталық халық радиосының қазақ тіліндегі бөлімі 1971 жылы 1 мамырдан бастап әуе толқынына көтерілген. Алғашында «Жұңияң (Орталық) халық радио станциясы, Бейжіңнен сөйлеп тұрмыз» деп басталатын Қабыкеш Сәлиықұлы мен Нұрқайшаның үні күні бүгінге дейін тыңдармандардың санасында сақталып қалды. Одан кейін, Қызырбек Жанасылұлы, Сәуле Дағайқызы, Балапан Әріпжанұлы, Гүлнар Солтаншәріпқызы, Ардақ Әбиденқызы қатарлы дикторлардың айшықты үні, ел есінде ерекше қалған. Сондай-ақ Рәділ Жаудатұлы, Серік Рақымұлы, Қайнар Тасқынұлы, Еркебұлан Мүтәнұлы қатарлы жастардың қоңыр дауысы, Нұрзия Жұмақанқызы, Шынар Ғалымқызы, Гүлжан Зарқынбекқызы сияқты эфир тізгіндеушілердің атын айтпай кету мүмкін емес, дейді Орталық халық радиосы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Жу Баучуан, Сағат Жайпақұлы, Нығметқали Нұғыманұлы, Бадымжап Олже, Қабыкеш Сәлиықұлы қатарлы аға буын аудармашы-дикторлардың қажырлы еңбегімен жұмыс бастаған орталық халық радио станциясының қазақ радио ұжымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қызметті тыңғылықты істеуінің арқасында, қазақ радиосы біртіндеп даму жолына қадам басады.
- Радиодағы уақыт алғашқы жарты сағаттан бір сағатқа, кейін екі сағаттан төрт сағатқа, төрт сағаттан жеті сағатқа ұлғаяды. 2015-жылы 1 қаңтардан бастап, тәулігіне 18 сағат әртүрлі мазмұндағы радио бағдарламаларын таратып, заманға сай ұжым барған сайын кемелденген. Үрімжіден редакция бөлімшесін ашып, жалынды жастармен қатарын толықтап, халықтың құлақ құрышын қандырып келеді, - деп жазады қытайлық БАҚ.
Айта кету керек, Орталық халық радиостанциясы меншігіндегі Қытай ұлттар радио сайты қытай, моңғол, тибет, ұйғыр, қазақ, корей тілдерінде ақпарат таратады.
Өзбекстан мен Қазақстан IT саласындағы ынтымақтастықты нығайтады – ӨзА
Ақпараттық технологиялар заманауи экономиканың қозғаушы күшіне айналып отырған тұста, бұл саладағы халықаралық әріптестік ерекше маңызға ие. Осыған орай Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастаған делегация Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрлігіне және IT Park технопаркіне ресми сапармен келді.

Бұл туралы апта соңында өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Хабарламада айтылуынша, сапар аясында министр Шерзод Шерматов пен Қазақстан делегациясы арасында екіжақты серіктестікті тереңдетуге бағытталған ресми кездесу өтті. Тараптар IT саласындағы ортақ басым бағыттар бойынша пікір алмасып, нақты бастамаларды талқылады.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, келіссөздер барысында келесі мәселелерге ерекше назар аударылды: шекарааралық телекоммуникация қызметтерін жақсарту, IT компаниялардың өнімдерін халықаралық нарыққа шығару, қызмет экспортының көлемін арттыру, екі елдің технопарктері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Бейжіңде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Нұрғиса-Әлқисса» атты концерт өтті – «Халық газеті»
21 мамыр күні Қытайдың астанасы Бейжің қаласында Қазақстанның көрнекті композиторы, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Нұрғиса-Әлқисса» атты мерейтойлық концерт өтті, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» басылымы.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, мәдени іс-шараға Қытай мен Қазақстан ресми тараптарының өкілдері, Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, белгілі музыканттар, ғалымдар, екі ел арасында жұмыс жасайтын компания өкілдері қатысқан.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытайда Қазақстанның ұлы күйшісінің мерейтойын атап өтуді Қытай-Қазақстан екі ел достығының куәсі санайтынын айтқан.
Айта кетейік, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Қазақстан мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрі жиналған жұртшылыққа ән мен күйден шашу шашты. Концертте «Алатау», «Келе жатыр құс қайтып», «Куə бол», «Саржайлау» сынды тамаша әндер орындалды.
Тіл және өнер Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастық жолындағы байланыс көпірлері - Parstoday
Теһранның Мәдениет және исламдық бағдар министрі Қазақстанның Теһрандағы елшісімен кездесуінде, Иран мен Қазақстанның екі елінің мәдени және тарихи ұқсастықтары көп екенін айтты.

Сондай-ақ Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрі Аббас Салехи екі елде Иран мен Қазақстанның мәдени апталықтарының өткізілуін құптаған. Оның айтуынша, Иранда жыл сайын 80-нен 100-ге дейін көркем фильм шығарылады, кино саласында өзара түсіністік меморандумының жасалуы Қазақстанмен ынтымақтастықтағы мақсаттарымызға жетуімізге көмектеседі.
Бұл туралы осы аптада ирандық Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған.
Салехи Фарабиді философия әлеміндегі Иран мен Қазақстан деген екі халықты байланыстыруда тиімді болатын байланыстырушы нүкте ретінде атады. Ол Ирандағы фарабитану бойынша мүмкіндік зор, өйткені Ирандағы философиялық ағым үзіліссіз жалғасты, сондықтан Ирандағы фарабитану саласында жақсы жұмыс істеуге болатынын айтқан.
Сонымен қатар Салехи тілдің екі ел арасында көпір бола алатынына және тіл білімінің маңызды сала болатынына назар аударған. Оның пікірінше, осы сала бойынша, өнерді де осы бағытта қарастыруға болады. Мысалы, классикалық, заманауи және аймақтық музыка салаларында ортақ қарым-қатынас жасау үшін маңызды салалар бар екен.
Сондай-ақ осы аптада ParsToday басылымында «Иранда христиандыққа рұқсат етілген бе?» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. Аталған шағын мақала «Иранда христиандыққа рұқсат етілген бе?» деген сұрақпен басталған.
Ирандық басылымда бұл сұрақтың жауабын ирандық христиан қауымдарының күнделікті өмірінен іздеуге болатыны айтылады. Сонымен қатар тарихи шіркеулер илаһи діндердің бейбіт қатар өмір сүруінің символы ретінде мешіттердің жанында орналасқаны тілге тиек етіледі.
ParsToday агенттігінің хабарлауынша, кейбір шетелдік БАҚ-тың пікіріне қарамастан, ирандық христиандар тең құқықты азаматтар ретінде танылып қана қоймай, елдің саяси құрылымында белсенді ұстанымға ие екен. Бұл туралы толығырақ аталған мақаладан оқуға болады.
VII Этноспорт фестивалі дәстүрді, отбасын және жаһандық бірлікті жаңғыртады - TRT
Ыстанбулдағы Ататүрік әуежайында осы аптада 7-ші Этноспорт мәдениет фестивалі басталды. Бұл шара дәстүрлі ойындар, музыка және ортақ адамгершілік құндылықтарды көрсеткен түрлі түсті рәсіммен ашылды.
Бұл туралы сенбі күні Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, Әлемдік Этноспорт Конфедерациясы (WEC) ұйымдастырған бұл төрт күндік шара 22 мамырда басталып, 25 мамырда аяқталады. Фестивальге 35 елден 1000-нан астам спортшы қатысып, ортақ мәдени мұраны жаңғыртып жатыр.
Биылғы фестивальдің «Дәстүр отбасынан басталады» деген тақырыбы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның 2025 жылды «Отбасы жылы» деп жариялауымен үндеседі.
TRT-ның дерегінше, өнер қойылымдары, интерактивті шеберлік сабақтары және мәдени көрмелер арқылы фестиваль тарихи құндылықтардың заманауи әлемде қалай жаңғыртылатынын көрсететін тірі куәлікке айналды.
Әлемдік Этноспорт Конфедерациясының президенті Билал Ердоған ашылу салтанатында фестивальдің кең ауқымды миссиясын атап өтіп, мәдени мұраны сақтау ұлттық және жаһандық жауапкершілік екенін айтқан.