Қазақ рухын аспандататын жоба

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесі - тарихи үлкен өмір жолынан өткен, адамзаттың тарихи белестерінде тағдырлы ғұмыр кешкен қазақ елінің әлемдік саясат сахнасындағы беделін биіктететін маңызды шара. Жаһандық өркениетпен таныстыратын бұл дүниежүзілік көрме жаңа ғасырда жаңа белеске көтерілген тәуелсіз қазақ елінің асқақ рухын, бекзат болмысын, қажымас қайратын, қуатты күшін, мойымас мінезін, жаншылмас жігерін күллі әлемге паш етеді. Сарыарқа алабын рухани мереке алаңына айналдырған жаһандық жоба халқымызға тәуелсіздіктің рухын сездіреді.
None
None

Адамның ой кеңістігін кеңейтіп, танымын тереңдететін бұл әлемдік көрме бәйтеректей биікке ұмтылған Қазақстанның жаңа дәуірдегі даму деңгейін дүние жүзіне көрсетеді. Алтын бесік атамекенімізде үш айға жалғасатын халықаралық көрме егемен ел болып еңсесін тіктеген, озық өркениетке қол жеткізген қазақ халқының әлемдік кеңістікте бәсекелестікке қабілеттілігін дәлелдейді. Қазақтың қасиетті ордасы - асқақтаған Астана қаласында өтіп жатқан ғаламдық шара жер бетіндегі жарқын өмірге ұмтылған адамзаттың ұшқыр қиялының жемісімен, ой-өрісінің жетістіктерімен таныстырып, адамды рухани биіктетеді.

Қазақ рухын аспандатып жатқан жаһандық көрме 100 миллиард нейрон клеткаларынан тұратын адам миының мүмкіндіктеріне таңқалдыра түседі. Тарих сахнасынан талай ғасыр өтсе де, ғұлама жылдар парағын судырлатып ақтарған қоғамның қозғаушы күші - келешек ұрпақ туған жер төріндегі бұл дүниежүзілік оқиғаны мәңгілік мақтанышпен айтып жүреді. Бүгінгі таңда әлемнің әйгілі астаналарының қатарына қосылған, арман қалаға айналған арайлы Астана шаһары ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен жиналған қонақтарды құшақ жая қарсы алуда.

Әлемдегі 115 алпауыт мем­лекет қатысқан дүниежүзілік тарихи оқиғаның елімізде өтуі - мемлекетіміз үшін үлкен мәртебе. Ғаламат ғаламдық жоба сан ғасырлық тағылымды тарихы бар қазақ халқына жасаған тағдыр­дың тамаша тартуы іспетті. Дү­ниежүзілік деректерге сүйенсек, қазіргі таңда жер жүзінде 2 миллионнан астам этнос пен ұлттар өмір сүретін көрінеді. Тарих сахнасында тәуелсіздігін жариялаған әрбір мемлекет өзінің мерейін тасытатын, беделге бөлейтін әлемдік ауқымдағы шараларды өткізу құрметіне ие болғысы келетіндігі ақиқат.

ТМД кеңістігінде, киелі қазақ жерінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан жаһандық көрме, жалпы, ЭКСПО көрмелерінің тарихында терең маз­мұнымен әрі мағынасымен ерекшеленетінін атап өткен абзал. Қазақстанның көркеюіне және гүлденуіне септігін тигізетін «ЭКСПО-2017» көрмесі елімізде техника мен технология саласын дамытуда жаңадан жол ашады. Қазіргі нарық заманында мемлекетіміздің дамуына игі ықпалын тигізетін көптеген маңызды салаларды жандандырады. Бұл көрме - көктегі күннен шуақ, жұмыр жерден қуат алатын адам баласының шексіз мүмкіндіктеріне, жетістіктеріне тамсандыратыны күмәнсіз. Көрмеде көрермен назарына ұсынылған игі бастамалар - жер бетіндегі адамзат баласының игілігі үшін жасалған ізгі шаралар. Жан сарайымызға жарық түсіретін өрелі өзгерістер мен жағымды жаңалықтарға толы керемет көрме жаһандық өркениеттің жаңа көкжиегін ашады.

Еңселі Елордамыз, асқақтаған Астанамыз табиғаттың төрт маусымында да арайлы ажарымен өзіне тартып тұрады. Тәуелсіз мемлекетіміздің ірі мегаполисі бүгінгі таңда әлемге әйгілі астаналардың қатарынан ойып орын алады. Қазіргі жаз мезгілінде мерекелік көңіл-күймен көмкерілген көрікті қала керемет көрінісімен адамға қуаныш сезімін сыйлайды. Ғаламат ғаламның әр бұрышынан келген қонақтарды бауырына басқан Сарыарқаның төсіндегі қазақтың қасиетті қаласы қуаныштан құлпырып тұрғандай. Ата салтын ардақ тұтқан барша қазақстандықтардың жүрегінде ерекше орын алатын ару Астана - болашағы биік қала.

Соңғы жаңалықтар